Еуропа чемпионатындағы "қазақ ертегісі" әлі аяқталған жоқ

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1928

Қазақстан футзалшылары Еуропа чемпионатына барады

Еуропа чемпионатындағы "қазақ ертегісі" әлі аяқталған жоқ

Футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионатының екінші електік сатысында 28 құрама жеті топта сынға түсті. Қазақстан футзалшылары "F" тобында қарсылас шақ келтірмеді. Бұл топтың ойындары Алатау бөктеріндегі "Алматы-Арена" спорт кешенінде өтті.  

Чехия, Македония және Дания құрамалары біздің елдің азаматтығын алған, бразилиялық голкипер Игита қорғаған Қазақстан қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Ал біздің футзалшыларымыз осы үш ойында 11 гол соқты:  

Қазақстан – Македония – 3:0

Голдар: Лео, 13. Жаманқұлов, 19. Ақбалықов, 33.

Қазақстан – Дания – 5:0

Голдар: Жаманқұлов, 4. Лео, 9. Першин, 17. Дуглас, 17. Сүлейменов, 40.

Қазақстан – Чехия – 3:0
Голдар: Дуглас, 5. Першин, 20. Дуглас, 38.

Сөйтіп Қазақстан құрамасы "F" тобында бірінші орынға ие болып, футзалдан 2018 жылы өтетін Еуропа чемпионатында бақ сынау құқығына ие болды. Ал құрлық чемпионаты, яғни "Еуро-2018" додасы келесі жылы 30 қаңтардан 10 ақпанға дейін Словенияда өтеді. Оған Еуропаның ең үздік 12 құрама командасы қатысады.

"Еуро-2018" финалына шыққандар

2018 жылғы Еуропа чемпионатының Алматыда өткен іріктеу турнирімен қатар Еуропаның алты қаласында тура осындай електік додалар өткен болатын. Олардың да жеңімпаздары Еуро-2018 финалына тікелей шықты.

Атап айтқанда, Италия ("A" тобы), Әзербайжан ("B" тобы), Украина

("C" тобы), Португалия ("D" тобы), Испания ("E" тобы), Қазақстан ("F" тобы), Ресей ("G" тобы) құрамалары 2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалына өнер көрсететін болды.

Бұларға "Еуро-2018" финалына автоматты түрде шыққан, дода қожайындары  Словения құрамасын қосамыз. Сонда Еуропа чемпионатының финалында додаға түсетін 12 құраманың сегізі белгілі. Қалған төртеуі биыл күзде, яғни қыркүйек айында анықталады.

Қалған төрт жолдамаға таласатындар

Осы төрт жолдамаға сегіз құрама таласады. Олар – жоғарыдағы жеті топта екінші орынға ие болған құрамалар мен барлық топтағы үшінші орын алған командалардың ішіндегі техникалық көрсеткіші ең жоғары құрама. Енді осы құрамаларды атап өтейік:

Грузия ("A" тобы), Венгрия ("B" тобы), Хорватия ("C" тобы), Румыния ("D" тобы), Сербия және үшінші орын алғандардың ішіндегі ең үздігі – Польша ("E" тобы), Чехия ("F" тобы), Франция ("G" тобы).

6 шілде күні жеребе тартылып, осы сегіз құрама төрт жұпқа жіктеледі, Содан соң қыркүйек айында үйде және түзде жүйесімен екі ойыннан өткізеді. Осы екі матчтың қорытындысы бойынша басым түскендері Словенияда өтетін Еуропа чемпионатына барады.

"Қазақ ертегісі" әлі біткен жоқ...

Бұйыртса, Қазақстан құрамасы футзалдан Еуропа чемпионатына екінші рет қатысады. Бірінші рет 2016 жылы Сербияда өткен құрлық біріншілігінде "Кәртамыс ғаламды" сүйсіндіріп, таң қалдырған. Дүбірлі додаға алғаш рет қатысса да, небір азулы командаларды ұтып, 3-орынға ие болған. Осыдан бір жыл бұрын ғана саф алтынға бергісіз қола жүлде олжалап қайтқан.

Енді Словенияда "қазақ ертегісін" жалғастырулары керек. Біздің құраманың ерен жетістігіне қайран қалған еуропалықтар Белградтағы футзалшыларымыздың ойындарын тура осылай атаған. Ендеше, футзалдағы "қазақ ертегісі" әлі біткен жоқ. Словенияда жалғасын табады деп үміттенеміз. Алға, Қазақстан!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу