Еуропа чемпионатындағы "Қазақ ертегісі" қайта басталды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3128

Футзалдан Словенияда өтіп жатқан "Еуро-2018" додасында Қазақстан құрамасы Польша құрамасының парша-паршасын шығарып, бірден ширек финалға шықты.

Еуропа чемпионатындағы "Қазақ ертегісі" қайта басталды

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы үшінші орынға ие болып, қола жүлдеге ие болған. Сонда біздің құраманың өнері мен ойын өрнегіне, әсіресе ширек финалда азулы Италия құрамасын тізе бүктірген жеңісіне шетелдіктер тәнті болып еді. Талайы таң қалып, таңдай қаққан.

Тіпті "Кәртамыс Ғаламның" қаламы қарымды журналистері мен футзал өнерінің сүйек майын шаққан білікті мамандары ұлттық құрамамыздың өнеріне "Белградтағы қазақ ертегісі" деп айдар таққан. Енді міне, Словенияда ХІ Еуропа чемпионатын басталды. Қазақстан құрамасы сол "ертегіні" одан әрі сабақтайтын сыңайлы.

Бұлай дейтініміз, бүгін түнде Қазақстан футзалшылары Люблянадағы алғашқы ойынын өткізіп, Польша құрамасынан үстем түсті. Әрі елден бұрын, бірінші болып, ширек финалға шықты. Яғни "С" тобындағы екінші матчында ұтылып қалса да, келесі кезеңге шығады. Бірақ біз ертең де ұтылмайды деп үміттенеміз.

Негізі, Словениядағы Еуропа чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін аса көңілді басталмады. Ресми ойынға бір күн қалғанда, ұлттық құрамасының белді ойыншысының бірі, бразилиялық легионеріміз Лео қатардан шығып қалды. Алғашқы матч қарсаңындағы жаттығу жұмыстарының бірінде жарақаттанып қалған. Нақтырақ айтқанда, ескі жарақаты қайтадан сыр берген. Аса өкінішті, әрине. Лео өте еңбекқор, алаңда "қара жұмыстың" көбісін атқаратын, жанкешті жігіт еді.

Содан құрама сапына жедел түрде теңбіл доптың қас шебері Тайнан шақыртылды. Бұл жігіт те – Қазақстан азаматтығын алған Бразилия футзалшысы. Сөйтіп, ұлттық құрама сапындағы бразилиялықтардың саны сол күйінде қалды (үшеу). Қақпашы Игита мен біздің құраманы алға сүйреп жүрген Дугласты бүкіл әлем біледі.

Ал Қазақстан – Польша кездесуіне оралар болсақ, бұл матчта біздің құрама деңгейінің жоғары екендігін паш етті. Әсіресе, бірінші таймда төрт гол соғып, поляктарды әбден састырды. Өте жоғары жылдамдықта ойнап, ширақ қимылдады. Шабуылда да, қорғаныста да сауатты ойнай білетіндіктерін көрсетті.

Қазақстан құрамасының ойыншылары ұстараның жүзіндей лыпылдап, қолды-аяққа тұрған жоқ. Қимылдарына көз ілеспейді. Баз-базында Дуглас пен Тайнан бір-екі ойыншыны бұйым құрлы көрмей, алдап өтіп, көпшілікті сүйсіндіріп те отырды. Шалт қимылды, жоғары қарқынды Қазақстан құрамасының жігіттерін тоқтату мүмкін болмағандықтан, Польша футзалшылары жиі-жиі ойын ережесін бұзуға да мәжбүр болды.

Әрине, Польша құрамасының ойыншылары да намысты қолдан бермеуге тырысып, жанкештілік танытты. Табан тіресе додаға түсті. Біздің футзалшыларымыздың бірнеше соққыларын тойтарып, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты. Әйтсе де, оларға допты дедек қаққызып, арлы-берлі зыр жүгірген Қазақстан құрамасының ойыншыларына ілесу және төтеп беру мүлде оңай болған жоқ.

Бірінші таймда құйындай орап соғып, төрт гол соққан Қазақстан құрамасы ойынның екінші жартысында басқа тактика ұстанды. Нақтырақ айтқанда, қорғаныста да ойнай білу керек екендігін ескеріп, ертеңгі ойынды да ойлап, бекініс құруға көшті. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері, Бразилия маманы Какау осы бір ойын үлгісін жетілдіре түсіруді де ойлағандай. Әйтеуір, біздің футзалшылар допты қарсыластарына беріп, өздері қорғанып та көрді.

Польша құрамасы екінші таймда қарқындарын үдетіп, мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысты. Тіпті қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, біздің құраманы қыспаққа ала түсті де. Бірақ бір голдан артық соға алмады. Шамаларының жеткені сол болды.

Сөйтіп, футзалшыларымыз Польша құрамасын 5:1 есебімен ұтып, басымдық танытып, еуропалықтарды тағы да елең еткізді. Әрі бірден ширек финалға шықты. Себебі, бұған дейін Польша және Ресей футзалшылары өзара кездесіп, 1:1 есебімен тең түскен. Яғни екеуінің еншісінде бір ұпайдан ғана бар.

Осы ретте айта кетейік, Еуропа чемпионатының финалдық додасында 12 құрама бақ сынайды. Олар төрт топқа үш командадан бөлінген. Әр топтан екі команда ширек финалға шығады Қазақстан құрамасы "С" тобында ойнайды. Ертең Ресеймен кездеседі. Бірінші орын алу үшін ұтылмау керек.

 

Еуропа чемпионаты. "С" тобы

Ресей – Польша – 1:1 (0:0)

Голдар: Чишкала, 35:10 (1:0). Кубик, 39:51 (1:1).

Қазақстан – Польша – 5:1 (4:0)

Голдар: Тайнан, 2:54 (1:0). Оразов, 8:56 (2:0). Жаманқұлов, 19:01 (3:0). Першин, 19:32-айып соққысынан (4:0). Солецки, 27:56 (4:1). Дуглас, 36:41 (5:1).

10 метрлік пенальти соға алмады: Першин, 35:25 (қақпашы)

Ескертулер: Дуглас, 9 – Заставник, 17.

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Дуглас, Нұрғожин, Довгань – Сүлейменов, Жаманқұлов, Тайнан, Оразов, Першин, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Таку, Шамро.

Польша: Калужа, Заставник, Лютецки, Миколаевич, Поплавски – Видух, Кубик, Девуцки, Цыман, Гладчак, Мизгайски, Солецки, Кризель, Войцеховски

Төрешілер: Алехандро Мартинес Флорес, Хуан Галлардо (екеуі де – Испания).

Любляна. "Арена Стожице".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу