Еуропа лигасында "Астана" "Славиямен" тең түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2331

"Астана" Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойынын өткізді  

Еуропа лигасында "Астана" "Славиямен" тең түсті Фото: fca.kz

Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының топтық кезеңінде "А" квартетіне түскен болатын. Бүгін түнде осы лигадағы екінші ойынын өткізіп, өз алаңында Чехияның "Славиясымен" тең түсті. Есеп – 1:1.

Шыны керек, жеребе тартылып, "Астана" "А" тобына түскенде, Чехия клубын соншалықты азулы команда деп ойламап едік. Бірақ бұл команда соңғы бір-екі жылдың ішінде едәуір жетіле түсіпті. Құрамын тәжірибелі футболшылармен нығайта түскен.

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2015 жылдың қыркүйек айында "Славияны" Қытай компаниясы сатып алған болатын. Ермек үшін сатып алмай, "CEFC China Energy" Прага клубын түлетіпті. 2016/2017 жылдар маусымында "Славия" Чехия чемпионы болды. Соңғы рет осыдан сегіз жыл бұрын өз елінің жеңімпазы атанған екен. Енді қайтадан өрнекті ойын үлгісін көрсете бастады.

"Славия" да биылғы Еурокубоктар додасын "Астана" сияқты Чемпиондар лигасында бастаған. Бірақ соңғы, плей-офф сатысында АПОЭЛ клубына азуы батпады. Өз алаңында 0:0 есебімен тең түсіп, түзде 0:2 есебімен ұтылып қалды. Сөйтіп, Еуропа лигасына ойысты...

"Астана" футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов ойыннан бір күн бұрын өткен баспасөз жиынында "Славия" клубын мақтаған. Құрамында тәжірибелі ойыншылары көп, әрі бір шепте кемі екі футболшысы бар екендігін баса айтқан. Яғни бәсекелестік бар. Бәсекелестік болса, команда да тез жетіледі. Айтпағымыз, білікті маман қателескен жоқ...

Ал "Славияның" ойыншылары ше? Тоғыз жыл Ресейдің "Зенитінде" ойнаған Португалияның көпшілікке танымал футболшысы Данни, Чехияның бойы сырықтай шабуылшысы Томаш Нецид, Украина қыраны Руслан Ротань, түріктің егіз жұлдыздарының сыңары Халил Алтынтоп  – бәрі де төрткіл дүниеге танымал футболшылар. Бұларға Стох, Дели, Нгадеу-Нгаджуи, Лаштувка, Хушбауэр сынды Еуропа жақсы білетін жігіттерді қосыңыз.

Бірақ "Славия" Сарыарқа төсіндегі ойында Данни, Хушбауэр сынды белді ойыншыларына сенім арта алмады. Жарақаттанып қалған екен. Жоғарыда аталған ойыншылардың кейбіреулері қосалқы құрам орындығында отырды. Бұл де Прага клубында бәсекелестіктің жоғары екендігін білдіретіндей.

Осы ретте айта кетейік, "Астана" сапында да бірнеше ойыншы жарақат алып, қатардан шығып қалған. Атап айтқанда, Ласло Кляйнхайслер мен Джордже Деспотовичке соңғы сәтте Марин Аничич пен Срджан Граховац қосылды. Осының салдарынан "Астана" екінші таймда алаңға тың ойыншылар шығара алмады. Тек ойын аяғында, шаршап қалған екі ойыншысын амалсыз алмастырды.

Ал матч өте тартысты өтті. Аса жоғары қарқында басталды. "Славия" шынымен де "Астана-Аренаның" жасанды алаңын жатсынған жоқ. Бірден көсіле шапты. Құрамындағы ойыншыларының техникалық шеберліктері қандай деңгейде екені байқалып-ақ тұрды. Ойынның бірінші жартысында "Астанадан" асып түсті десек те болады. Шабуылды үдете түсіп, бірінші таймның басында есеп ашты.

"Славия" айып соққысын орындаған. Қақпадан біршама алыс болғандықтан, "Астана" қорғаушылары соншалықты қауіп күтпегендей еді. Алайда әуелеп ұшқан допты Камерун қорғаушысы Майкл Нгадеу-Нгаджуи басымен қақпаға дөп түсірді. Арақашықтық біршама болатын. Біздің қақпашымыз допқа сәл ғана жетпей, қапы қалды. Қонақтар мұнымен шектелген жоқ. Қауіп бұлтын төндіре түсті. Екі рет теңбіл қақпа бағанасын солқ еткізіп, көрермендерді аһ ұрғызды. Енді бір өте қауіпті сәтте Ненад Эрич алға қарай жүгіріп шығып, допты тойтарды...

"Астана" да айылын жиған жоқ, әрине. Алма-кезек шабуылмен өткен бірінші таймда бірнеше рет қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ "Славияның" қақпашысы ширақ екен. Аса қауіпті бір-екі соққыны тойтарып, көрермендерді қайран қалдырды. Қорғаушылары да аянған жоқ. Допты тартып та алады, шалып та жығады.

Ойынның бірінші жартысы аяқталуға айналғанда, астаналықтар жылдамдықтарын үдете түсті. Ақыры таразы басын теңестіріп тынды.

Джуниор Кабананганың алыстан тепкен добын қонақтардың жанкешті қақпашысы Пржемысл Коварж ышқына секіріп, тойтарған... Бірақ кері қайтқан допты Марин Томасов қақпаға тура тепті. Гол! Есеп теңесті.

Екінші таймда "Астана" қонақтарды тықсырып, өз қақпамызға жақындатпауға тырысты. Ал өздері қанша тырысса да, "Славияның" қорғанысын бұзып өте алмады. Қонақтардың қорғаушылары Кабананга, Твумаси және Томасов сынды шабуыл өтіндегі футболшыларымызды тұсаулап ұстады, тырп еткізбеді деуге де болады. Сөйтіп, бұл ойын тең аяқталды.

"Астана" – "Славия" – 1:1 (1:1)

Голдар: Нгадеу-Нгаджуи, 18 (0:1). Томасов, 42 (1:1).

Ескертулер: Мұжықов, 27. Постников, 85 – Югас, 32. Боржил, 39. Соболь, 63.

"Астана": Эрич, Шомко, Постников, Логвиненко, Шитов, Бейсебеков, Маевский, Мұжықов (Тағыберген, 87), Томасов (Муртазаев, 82), Твумаси, Кабананга.
"Славия": Коварж, Соболь, Дели, Югас, Боржил, Ротань, Нгадеу-Нгаджуи, Сикора (ван Бурен, 87), Змргал (Громада, 62), Стох, Нецид (Шкода, 72).

Төрешілер: Экберг, Нильссон, Халлберг (бәрі де – Швеция).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу