EXPO-да болған төтенше жағдайға кім жауап береді?

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
22803

Төтенше жағдайдың себебі жобалау кезінде, не құрылыс-монтаж жұмысы кезінде жіберілген қателік болуы мүмкін. 

EXPO-да болған төтенше жағдайға кім жауап береді?

BI Group құрылыс холдингінің айтуынша, мұны бірнеше күн жасалатын сараптама анықтайтын болады. 16 қараша күні төтенше жағдай орын алған нысандағы құрылыс-монтаж жұмысын BI Group компаниясының еншілес құрылымы BI Group Construction жасап жатқан. Берілген ресми хабарға сүйенсек, С1 және С2 павильондары арасындағы декоративті көпір құрылымы құлаған.

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы төтенше жағдай жайлы мардымды түсінік бермеді. Олар тек болған жағдайды растады да, қалғанын BI Group компаниясына сілтеді. Ұлттық компанияның ресми хабарламасында: "Бұл нысанда жұмыс істеуші мердігер BI Group компаниясы. Құлаған құрылысты қалпына келтіретіндер де солар",– деп көрсетілген.

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов abctv.kz тілшісімен әңгімесінде: "Біз бұл ғимаратты әлі қабылдаған жоқпыз. Сондықтан мердігер компанияның қалыпқа келтіретіні сөзсіз", – деді.

Оның айтуынша, сараптама барысында қираған құрылымға баға берумен қатар, көлемі жағынан кіші құрылымға да сараптама жасалатын болады. "Осыдан кейін олар құрылысты қалпына келтіруге кіріседі. Сөз жоқ, сараптама нәтижесі керек. Егер бұл қандай да бір қателік салдарынан орын алған болса, онда олар құрылысты қалпына келтіру барысында осы қателікті ескеруі керек", – деді ол.

Ол құрылыстың негізі болып саналмайтын павильонның декоративті бөлігі құлаған кезде, нысанның бас бөлігіне нұсқан келмегенін мәлімдеді.

Сондай-ақ BI Group холдингі де өзінің ресми хабарламасында құрылымның негізгі бөлігі емес, тек жобаның декоративті бөлігі ғана құлағанын нақтылады.

BI Group компаниясының баспасөз қызметі құрылымның құлау себебі анықталғанша, нысанды қалпына келтіру жұмысын кімнің қаржыландыратынын нақты айтуға болмайтынын түсіндірді.

"Бұл жобада BI Group компаниясы құрылыстың бас мердігері ғана. Біз дайын жобаға келдік. Егер бас мердігер ретінде біздің жіберген қатеміз анықталатын болса, онда біз қалыпқа келтіреміз. Егер қате жобаның өзінде болса, онда жобалаушы ұйым жауап беретін шығар", – деді баспасөз қызметі өкілі abctv.kz-ке.

EXPO көрме кешені аумағындағы халықаралық павильондардың жобалары "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының тапсырысымен жасалған, дәлірек айтсақ, ұлттық компания жоба жасаушыларды тартқан деп түсіндірді BI Group. BI Group холдингі 2014 жылы екі павильон құрылысын салу тендерін ұтып алып, 2015 жылы құрылыс-монтаж жұмысын бастаған.

"Барлығы жобаға сәйкес орындалды", – деді BI Group Construction компаниясы басшысының павильон құрылысы жобасы жөніндегі орынбасары Алмас Шөкенов. Сонымен бірге құлаған құрылым құрылысы шамамен 2 ай уақытты алды деп атап көрсетті. Оның айтуынша, декоративті көпірдің ұзындығы шамамен 96 метр, салмағы 240 тонна.

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы да, BI Group компаниясы да төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Алайда, ТЖ бойынша мәліметтер жинау барысында abctv.kz-ке берілген мәліметке сүйенсек, қаза болғандар бар.

Дина Ермағанбетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу