banner

Француз сүт фермасының павлодарлық нұсқасы

Бек Темір Бек Темір
2374

Павлодарда француздық "Groupe Lactalis" компаниясы сүт-тауарлық фермасын ашпақшы.

Француз сүт фермасының павлодарлық нұсқасы

Бүгінгі таңда Павлодар облысында 30 ірі және орта сүт-тауарлық ферма бар. Биыл олардың қатарына тағы да алты ферма қосылып кеңейтілсе, алдағы екі жылда он екіге артпақ. Бұл туралы облыс әкімінің Қашыр ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Бауыржан Қасенов мәлімдеген болатын. Оның сөзіне қарағанда, аймақта сүт шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытқандардың саны жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда сүт қабылдайтын 17 кәсіпорын шикізатпен  82 пайызға қамтамасыз етілген. Оған "Аграрлық кредиттік корпорациясы" АҚ-тың сүт-тауарлық фермаларға жылдық ставкасы 5,5 пайызбен он жылға беретін несиесі де оң ықпал етуде. Соның арқасында өнімділікті арттыруға бел буған қожалықтар аз емес.

Тағы да бір айта кетерлігі, аймақтағы ауылдық тұтыну кооперативтері де сүт дайындағаны үшін мемлекеттік қолдауға ие. Мұндай кооперативтер жеке аулалардан сатып алған сүттің литрі үшін 10 теңге субсидия алады. Соңғы деректерге қарағанда аймақта тек үш кооператив шамамен 2 млн теңге көлемінде субсиядия алып үлгерген екен. Аймақтағы сүт белдеуін құруда француздық "Groupe Lactalis" компаниясының орнын ерекше атап өткен жөн болар. Олар өңірде мықты сүт кластерін құрамыз деп белдіктерін белсене тартуда.

"Компания ФудМастер – Трэйд" (Groupe Lactalis) ЖШС облыста сүт өнімдері өндірісімен айналысатын "Сүт" АҚ-тың үлестік қатысушысы болып табылады. Олардың өнімдері бес жылдан астам уақыт бойы жергілікті нарықта жұрттың сүйіспеншілігін жаулап үлгерген және қашанда сұранысқа ие. Зауытта өндірістік кеңейту бойынша инвестициялық жоба аясында "President" маркасымен брендті май өндірісін де іске қоспақ ниетте. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, биыл кәсіпорын аймақта мықты сүт кластерін құруды жоспарлауда. Осы мақсат аясында суармалы егістік алқаптарын игеріп, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытпақ ниетте. Яғни 420 бас ірі қараға арналған қора-жай салмақ. Ол Павлодар ауданындағы Рождественский селолық округінде "Киров" ЖШС базасында жүзеге асырылмақ.

"Компания ФудМастер – Трэйд" (Groupe Lactalis) ЖШС 2015 жылы өткізілген "Ertis Invest 2015" халықаралық инвестициялық форумында "Лакталис Групп" компаниясымен 1 млн еуро көлемінде инвестиция тарту туралы келісімшартқа қол қойған. Егер теңгеге шағатын болсақ бұл шамамен 408 млн теңге шамасында. Оның 278 млн теңгесін құрылысқа жұмсаса, 130 млн теңгесіне құрал-жабдықтар сатып алмақ. Жобалық-сметалық құжаттамасы былтыр дайын болған сүт-тауарлық фермасына қарасты сиыр қорасы құрылысының қазір 80 пайызы дайын. Бүгінгі таңда сиыр саууға арналған құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Француздық компания биыл 420 басқа арналған ферманы іске қосып, екінші кезегінің құрылысын бастамақ.

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу