banner

Геология комитетінің басшысы қылмыс үстінде ұсталды

2353

Базарбай Нұрабаевқа ауқымды қылмыстық схема ұйымдастырды деген күдік тағылды.

Геология комитетінің басшысы қылмыс үстінде ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро инвестиция және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаевтың басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топты анықтап, оның жолын кесті.

Бұл схемаға комитет төрағасының сенімді адамдары: оның орынбасары Ниязбек Құрбанов, "Қазжерқойнауы" және "Оңтүстікқазжерқойнауы"РММ басшылары Абат Нұржаубай мен Ербол Әділханов, "Қазгеоақпарат" РГАО" ММ басшысы Азамат Өтегенов, Маңғыстау облыстық геология инспекциясының басшысы, сондай-ақ Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тартылғаны нақыталанады.

"Сондай-ақ пара алуда Базарбай Нұрабаевтың сенімді адамы ретінде достық қарым-қатынаста жүрген оның сыныптасы М.Әбдіраш қатысқаны анықталды", – деп жазылған мекеме жариялаған мәлімдемеде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ақпараты бойынша, 6 наурызда Базарбай Нұрабаев "Ақмола Голд" ЖШС өкілінен жер қойнауын зерттеуге келісімшарт жасасуға ықпал еткені үшін кезекті рет 20 мың доллар пара алып жатқан жерінен ұсталды.

"Сондай-ақ пара ретінде Базарбай Нұрабаев пен М.Әбдіраш әрқайсының құны 25 мың долларға жететін AUDI Q7 маркалы автокөлік пен Шымкент қаласындағы 3 бөлмелі пәтер алған, оны М.Әбдіраштың ұлының атына рәсімдеген. Сонымен қоса оның "SK Petroleum" ЖШС өкілінен 20 мың доллар және Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарындағы жер қойнауын пайдаланушылардан келісімшарт жасасуда артықшылық бергені үшін тауарлы-материалдық құнды заттар алғаны анықталып отыр", – деп мәлімдеді мекеме өкілдері.

Ұлттық бюроның мәліметіне сүйенсек, Базарбай Нұрабаев 100 мың доллардан астам пара алған.

Сонымен бірге Базарбай Нұрабаев және Ниязбек Құрбанов құпия ақпаратты пайдалануда, келешегі бар кен орындарын үлестес кәсіпорындарға заңсыз рәсімдеуде лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдаланған деген айып тағылып отыр.

"Бұл үшін арнайы компаниялар құрылған, онда жоғарыда аталған тұлғалардың жақын туыстары және сенімді өкілдері 30-50% үлесті иеленіп, құрылтайшы болған. Бас-аяғы 30-дан астам кен орны рәсімделген, соның ішінде "Консорциум KazGeoNedra Group Services" ЖШС, "Геобатыс", "Албкор АА", "Omaras", "Қоңыр терек", "Зыряновск геологиялық экспедициясы", "ҚазМұнайГаз" – геофизика", "Kazakhstan Caspian Oil Services", "Қазақстан мұнай компаниясы", "KAZ-Waterhanters", "EDCompany" бар. Туыстарының үлесі одан әрі нарықтық бағамен қайта сатылып отырған. Сонымен бірге Базарбай Нұрабаев және Ниязбек Құрбанов комитеттің аймақтық бөлімшелері өткізген мемлекеттік сатып алуда "ҚазЗарубежГеология" ЖШС-ның мүддесін қорғап, сол үшін "Бурабай" демалыс орны аумағынан бірнеше үйден тұратын қонақүй кешенін пара ретінде алған", – деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро.

Дәл қазіргі уақытта Базарбай Нұрабаев, Ниязбек Құрбанов және қылмыстық топтың 16 мүшесі ұсталып, Астана қаласының ішкі істер департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмысы жалғасып жатыр.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу