Головкин Хопкинстен асып түсе ме?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1703

Ол кәсіпқой бокс рингіндегі жекпе-жектерінің 92 пайызын нокаутпен аяқтады.

Головкин Хопкинстен асып түсе ме?

Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғаудан және қарсыластарын нокаутқа түсіруден әлемдегі ең үздік боксшыларды өкшелеп қалды. Ендігі мақсаты – олардан асып түсу.

Бұл жөнінде Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес өз пікірін бүкпесіз ашық айтты. Boxingscene.com басылымы жариялаған мәліметке сүйенсек, Головкиннің командасы чемпиондық атағын қорғап, белбеулерін ешкімге ұстатпаудан рекорд жасауды мақсат тұтып жүр.

Геннадий Головкин чемпиондық атағын 17 рет қатарынан қорғады. Әлі ешкімнен ұтылған жоқ.

Негізі бұл жетістік жағынан бәрінен асып түсіп отырған – даңқты Бернард Хопкинс. Ол чемпиондық атақтарын 20 рет қатарынан қорғап шыққан. Абель Санчес Қазақстан боксшысының одан да асып түсеріне сенімді екендігін білдірген.

Көңіл аударарлық тағы бір дерек бар, Геннадий Головкин кәсіпқой бокс рингіндегі жекпе-жектерінің 92 пайызын нокаутпен аяқтады (36 – 0, 33 нокаут). Өте жоғары көрсеткіш, әрине. Егер 19 наурыз күні таңертең (біздің уақытпен) Дэниэл Джейкобсті де нокаутқа түсірсе, онда тыңнан түрен тартып, тарихи жетістікке қол жеткізеді.

"Головкиннің тарихи жетістіктері одан әрі жалғаса береді. Ол 20 рет қатарынан чемпиондық атағын қорғаған Бернард Хопкинстің рекордын жаңартады деп үміттенемін. Ал егер алдағы жекпе-жектегі қарсыласын нокаутқа түсірсе, онда Геннадий орта салмақтағы нокаутпен басым түскен жеңістері ең көп әлемдегі жалғыз немесе бірінші боксшы атанады.

Орта салмақта нокаутпен басым түскен жеңістері бәрінен жоғары болу үшін санаулы ғана жекпе-жек өткізу қалды. Біз соған келе жатырмыз. Әрі оған қол жеткізеріміз анық. Сонда Головкинді атақты Рэй Робинсонмен бір қатарға қоюға болады деп ойлаймын", – депті Абель Санчес.

Қазір Головкиннің әрбір жеңісі, әрбір нокауты тарихи жетістік екені ақиқат. Ол алғаш рет 2010 жылы 14 тамызда Колумбия боксшысы Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ нокаутқа түсіріп, WBA тұжырымы бойынша (Панамада) уақытша әлем чемпионы атағын жеңіп алған.

Міне, алты жарым жыл өтті, содан бері Головкин чемпиондық атағы мен белбеуін 17 рет қорғап қалды. Командасы көздің жауын алар чемпиондық белбеуін жарқыратып рингке көтеріп шығады. Қарсыласы көреді, қызыға қарайды. Болды! Шаршы алаңда таяқ жеп, "белбеу түгіл, бас қайғы" деп бәрін де ұмытып, күдерін үзеді...

Иә, Геннадий 2010 жылдың тамыз айынан бері 17 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де нокаутпен немесе техникалық нокаутпен үстемдік танытты. Оған қоса тағы бірнеше тұжырым бойынша әлем чемпионы атанды. Бүгінде ол – WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.

Таратып айтар болсақ, WBA (2010 жылдан бері) тұжырымы бойынша чемпиондық атағын 17 рет, IBO (2011 жылдан бері) – 15 рет, IBF (2015 жылдан бері) – 3 рет, WBC (2016 жылдан бері) – 2 рет қорғап шықты.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин (36 – 0, 33 КО) 18 наурыз күні (Астана уақытымен 19 наурызда, таңертең) Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden спорт кешенінде Америка боксшысы Дэниэл Джейкобспен (32 – 1, 29 КО) жекпе-жекке шығады.

Жеңсе (оған күмән келтіруге де бола қоймас), чемпиондық атағын 18-рет қорғап шығады... Ал даңқты Бернард Хопкинс болса, әрине, "Дэниэл Джейкобс жеңеді" деп отыр. Беу, дүние-ай десеңші...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу