Импорттың артуы инфляцияны тізгіндеткізбейді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2595

Инфляцияның өсу себептері бағаның шарықтауына байланысты.  

Импорттың артуы инфляцияны тізгіндеткізбейді

Сейсенбідегі үкімет отырысында әңгімеге өзек болған тақырып – инфляция деңгейі. Ресми деректі назарға ала отырып жорамалдар болсақ, жыл қорытындысы бойынша әу баста белгіленген инфляция деңгейі (6-8%) сақталмайды. Ал ұлттық экономика министрлігінің есебінше, жылдық көрсеткіш 6,9-7,5% деңгейінде болмақ. Бірақ белгілі бір қауіпті тенденциялар да жоқ емес.

"Наурыз бен қыркүйек аралығында инфляция тұрақты болды. Айлық инфляция 0,5%-дан төменгі деңгейді құрады. Жыл соңына қарай инфляциялық үдерістер күшеюі де мүмкін. Алдағы дәстүрлі мерекелік күндер мен маусымдық факторларды есепке алғанда, төртінші тоқсанда жеміс, көкөніс, және ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы өседі. Осының нәтижесінде азық-түлік тауарлар бағасының артуы ықтимал. Біздің есебімізше, қазан айында 0,7-0,9%-ды, қарашада – 1-1,1%-ды, желтоқсанда 0,9%-ды құрамақ. Осылайша, төртінші тоқсанда инфляция деңгейі 7,1-7,4% болады", – деді ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар Павлодар мұнай-химия зауытының жоспарлы жөндеу жұмысына жабылғанын ескерсек, "бензин бағасы негізсіз өсуі мүмкін". "Бұл өз кезегінде басқа да тұтыну тауарлары мен қызметтердің бағасы мен тарифінің өсіміне алып келеді". Қазірдің өзінде қатты отынның бағасы өсті. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жылыту маусымы басталғалы бері, яғни қыркүйек айында Астанадағы қатты отынның бағасы 19%-ға, Алматы облысында – 16,4%-ға және Ақмола облысында 10,6%-ға өскен. Ал қалған өңірлердегі көмір бағасы әзірше тұрақты.

Жанар-жағармай бағасына қатысты пікір білдірген энергетика министрі Қанат Бозымбаев министрлер кабинетіндегі әріптестерін жағдай тұрақталады деп сендірді. Қазан айында 290 мың тонна АИ-92 бензинін тұтыну жоспарлануда. Оның 170 мың тоннасы өз елімізде өндірілетін өнім де, қалған 120 мың тоннасы шетелден импортталады.

"Қараша айында мұнай өңдеу зауыттарыны бәрі іске қосылады. Осылайша, қарашада импорт көлемі азаяды. Келер айда АИ-92 бензинінің импорты 30%-ға, желтоқсанда 20%-ға дейін қысқарады. Қараша-желтоқсан айында жағдай тұрақты болады. Қазан айының соңына қарай жағдай өз арнасына түсе бастайды", – деді Қанат Бозымбаев.

"Ал баға төмендемей ме?" – деп нақтылады премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.

"Баға тұрақталады. Кем дегенде тұрақталады", – деді министр.

"Егер импорт төмендесе, баға да арзандауы керек қой?" – деп таң қалды премьер.

"Бақытжан Әбдірұлы, жағдай Ресейдің импортталатын 20%-ға белгілейтін бағасына байланысты болмақ. Егер қазіргі тоннасына 560 доллар деңгейі сақталса, онда ішкі нарықтағы бағаны төмендетуге мүмкіндік бар. Егер баға көтерілетін болса, 20%-дың өзі бізге ең аз дегенде себеп болмақ", – деді Қанат Бозымбаев.

Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевта да анау айтқандай алаңдаушылық жоқ. Оның сөзінше, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер мен азық-түлік тауарларының өсімі қалыпты динамика көрсетіп отыр. Ұлттық банк жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейі бекітілген шектен шықпайды деп болжам жасап отыр. Ал 2018 жылғы болжам тіпті төмен – 5,7%. 2020 жылға қарай 4%-ға дейін төмендемек. Десе де, Данияр Ақышев қауіптің те жоқ еместігін мәлімдеді.

"Біріншіден, ақша ұсынысының жетіспеушілігіне қарамастан, ынталандырылған салық-бюджет саясатының қорытындысында инфляциялық қысым пайда болады. Ұлттық банктің есебінше, 2016 жылы зейнетақы мен жәрдемақы 16%-ға, мемлекеттік бюджеттен еңбекақыға төленетін шығыны 18%-ға өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,5%-ды құрады. Мәселен, Ресей рубль құнсызданған уақытта әлеуметтік төлемдерге индексациялау жүргізген жоқ. Бұл көп жағдайда орташа мерзімді инфляцияға белгіленген мерзімнен бұрын қол жеткізуге ықпал етті", – деді Данияр Ақышев.

"Екінші қатер – жалпы инфляциялық қарқыннан асып тұрған азық-түлік емес тауларлар бағасының өсімі. Бөлшек саудадағы тауар айналымының 6,3%-ының 3,5%-ы азық-түлік емес тауарлардың үлесі есебінен қамтамасыз етілді. Азық-түлік емес тауарлар бағасы өсімінің драйверлерінің бірі – тұтынушылық несиелендірудің артуы. Жыл басынан бері банктердегі тұтынушылық несиелер бойынша қарыз 11%-ға немесе 270 млрд теңгеге өскен", – деді Ұлттық банктің төрағасы.

"Үшінші қатер – инфляцияға импорттың әсері. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ішкі жалпы өнімнің дефляторы 6,7%-ды құрады. Бұл импортталатын тауардың бағасы енетін тұтынушылық баға индексі көрсеткіштерінен төмен. Бұл баға өсімінің негізгі себебінің бірі – импорт бағасының артуы деген сөз. Елімізде импортты алмастыруды қалпына келтіру үшін көп уақыт керек. Ресей импортының 32%-ға өсуі отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетсіздігін көрсетеді", – деді Данияр Ақышев.

"Төртінші қатер – бағаның өсіміне қатысты халықтың нақты болжамы. Объективті фактор болмаса да, инфляциялық болжамдардың өзі бағаны шарықтатуы мүмкін. 2017 жылдың тамызында алдағы жылға арналған инфляциялық болжамдардың сандық бағалануы 6,5%-ды құрады. Осылайша, олар 2018 жылға арналған мақсатты шек шеңберінде нақты инфляциядан төмен болмақ. Келер жылдан бастап Ұлттық банк нысаналы көрсеткіштерді кезең-кезеңімен азайтуға көшетінін тағы бір мәрте еске салғым келеді. Сондықтан инфляциялық болжамдарды одан әрі тұрақтандыруға қол жеткізу маңызды", – деді Ұлттық банктің төрағасы.

Ал халықтың баға өсіміне қатысты үрейі қалай сейілмек? Бұған ешкімнен нақты жауап болмады. Мәселен, жұрт қазірдің өзінде ет бағасына қатысты былтырғы жағдай қайталанады деген пікірде. Еске сала кетейік, өткен қыста ет бағасы бірден шарықтап кеткен болатын. Антимонополиялық қызметті қадағалайтын ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бұл жайында былай деді: 

"Нарыққа сараптама жүргізудеміз. Нарықтың бұл түрінде өзіндік нарықтық заңдар бар, бәсекелестік жоғары. Меніңше, етпен қамтамасыз ету мәселесін тиісті министрлік пен жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешу керек. Яғни, қала нарығына ет жеткізуді, ет өндірісі мен логистиканы ұйымдастыру керек. Бұл – өңірлердегі бизнестің дамуына жауапты тиісті құрылымдардың атқаратын жұмысы".

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу