banner

Инфляция 7 жылда 330 млрд теңге зейнетақы жинақтарын жоқ қылды

4077

Қазіргі теңсіздікті ескерсек, келешектегі зейнеткерлерге өз зейнетақы жинақтары ең көбі 2 жылдық өміріне жетуі мүмкін.

Инфляция 7 жылда 330 млрд теңге зейнетақы жинақтарын жоқ қылды

Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында өз зейнетақы жинақтарын алғысы келген адамдар болашақта қандай кедергімен беттесуі мүмкін екені талқыланды. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқармасының төрайымы Нұрбибі Наурызбаева қордың басқару деңгейі үнемі нашар болғанын, соның салдарынан шамамен 90 млрд теңге шығынға ұшырағанын айтты. Тіпті соңғы трансформация кезінде Нұрбибі ханымның өзі 600 мың теңгедей зейнетақы жинағынан айрылған. Қаражаттың шығынға ұшырауына әр түрлі қорларда қаржылық құралдарды түрлі әдістер бойынша есептеу себеп болды деді БЖЗҚ басшысы. Оның үстіне БЖЗҚ бастапқыда жекеменшік қорлардың 161 млрд теңгеге жуық проблемалы активтерін өзіне алған болатын, бүгінгі күні олардың үлесі шамамен 40 млрд теңгені құрайды.

ҚР Ұлттық банкінің бағалы қағаздар нарығының субъектілерін қадағалау департаменті директорының орынбасары Елена Никифорованың айтуынша, қазіргі зейнетақы саласындағы қиындықтарға қарамастан, зейнетақыны есептеудің ынтымақты жүйесіне қайта оралуға болмас. Бұл өткеннің ісі, ал енді әлемдік стандарттарға қарай жылжу керек деп есептейді ол. Елена Никифорованың сөзінше, Қазақстан әлемнің зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ең үздік тәжірибелердің басын біріктіріп өзіне ыңғайлы жаңа әдіс жасау керек. Егер ҚР-да тек ортақ зейнетақы төлеу жүйесі ғана сақталса, онда бұл зейнетке шығу жасын мәжбүрлі ұзартуға алып келер еді. Ал бұл азаматтарға ауыр тиеді, бизнеске де белгілі бір деңгейде әсер етері сөзсіз, себебі салық жүктемесі одан бетер ұлғаяр еді. Сол себепті қазіргі жағдайда жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және жинақтау жүйесінің қатысушысы арасында бөлу әлдеқайда тиімдірек болып отыр.

"Ракурс" экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосовтың мәлімдеуінше, зейнетақы жинақтарын тиімсіз басқарудың салдарынан жинақтар мөлшері айқын емес болып қалды.

"Мен ақшамды жақсы зейнетақы қорында сақтадым ба, жоқ әлде жаманында сақтадым ба, ол енді маңызды емес, себебі бәрібір айырылдым. Енді оған кім жауапты?" – деп сұрақ қойды Ораз Жандосов.

Салымшыда таңдау еркіндігі болу керек

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Нұржан Тұрсынханов, мұндай қайшылықтардың қайталануына жол бермеу үшін салымшыға басқарушы компанияны таңдау еркіндігін беру қажет деп санайды. Нарықта бәсекелестік болғанда, зейнетақы жинақтарын басқаратын компаниялар инвестициялық табысын арттырып, комиссиялық сыйақыларды қысқартуға тырысады.

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің дұрыс мақсатта басқарылуын қатаң қадағалайды деп сендірді ол. Сонымен бірге реттеуші БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың қолына беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты, осыдан соң салымшы өз зейнетақы жинақтарын қай компанияға тапсырам десе өз еркі. Бұл жерде БЖЗҚ ақша ағымдарының операторы рөлін атқарады.

"Қаржылық бостандық" қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің басшысы Ботагөз Жұманова банктерде депозитке салынған БЖЗҚ қаражаты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) кепілдігіне түсетіндей механизм құруды ұсынды. Оның айтуынша, БЗЖҚ қаражатының едәуір мөлшері банктердегі депозиттерде жатыр, бұл елдің 21 банкіне бөлінген миллиардтаған қаражат. Ал банк секторының бүгінгі жайы мәз емес. Мысалға, егер банктің акционерлері банкке демеу болу үшін қаржы салмаса, елде бірнеше банк қана қалады деп елбасы мәлімдеген болатын. Бұл жағдайда Ұлттық банк БЗЖҚ салымшыларының ақшасын банктерге сала алады, екінші жағынан банктің лицензиясын алып қалуы да мүмкін. Бірақ ең бастысы банктерге салынған зейнетақы қаражаты кепілдік берілген депозиттер жүйесіне кірмейді дейді ол.

"Яғни егер мен қарапайым салымшы болсам, кез келген жағдайда менің 5 млн теңге ақшам қайтарылады, егер банк банкрот болса, 14 күннің ішінде осы ақшам қайтып берілер еді. Ал зейнетақы салымдарым бойынша мен өз ақшамды банк таратылғаннан кейін ғана ала аламын, ал бұл үрдіс жылдарға ұласып кетуі мүмкін. Оның үстіне таратылған банктің мүлкін сатудан түскен қаражат БЖЗҚ атынан салынған депозиттерді жабуға жете ме, жоқ па, ол да белгісіз. Ал инвестициялық табыс туралы армандамай-ақ қоялық", – деді Ботагөз ханым.

Сонымен бірге, Инвестициялық декларацияның 23-бабы үшінші тармағында зейнетақы жинақтары банк секторының қаржылық құралдарына мәжбүрлі нормативтерді сақтаса ғана салынуы керек деп жазылған. Алайда 2017 жылдың 1 ақпанына дейін Ұлттық банк БЖЗҚ-ның қаражатын салған 3 банк бұл талапты бұзды, ал реттеуші банктерден зейнетақы қаражатын әлі де болса алған жоқ.

БЗЖҚ жинақтарды қорғау механизмін ойластырып жатыр

"БЖЗҚ" АҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева қазір қор жинақтарды қорғау механизмін жасауды ойластырып жатқанын айтты, оның ішінде қазақстандықтар инфляцияның салдарынан қаншалықты шығынға ұшырағаны көрінетіндей түбіртек енгізілуі мүмкін.

"Біз бұл мәселені техникалық тұрғыдан қарастырып, инфляция мен табыс жөніндегі мәліметті түбіртекке енгізуге дайынбыз", – деді ол. Соңғы 7 жылда инфляция Қазақстан азаматтарының 330 млрд зейнетақы жинақтарын жоқ етті деген ақпарат айтылды.

"BRB Invest" ЖШС директоры Ғалым Хұсайынов қазір БЖЗҚ қаражаты бойынша мүдделер қақтығысы орын алғанын тілге тиек етті.

"Мысалы, Ұлттық банк қаражатты екінші деңгейлі банктерге салады. Еліміздің банктерінде 1,8 трлн теңге жатыр, бұл ретте реттеуші әр банктің ахуалы қандай екенін жақсы біледі. Ақшаны барлығына берді, бірақ одан табыс табу үшін емес, банктерге көмек көрсету үшін берді. Мысалға Delta Bank-ті алсақ болады, егер билік оған көмек көрсетпегенде, біз оған салынған барлық зейнетақы жинақтарымыздан айрылар едік. Ал мұндай жағдай ірі банктің басына түссе ше? Былайша айтсақ, қазір Ұлттық банк қақпанға түсті, ол бір жағынан банктерге көмектесуі керек болса, екінші жағынан қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуі керек", – деп баса айтты Ғалым Хұсайынов.

Зейнетақы жинақтарын дәрменсіз деп тану керек

Экономист Петр Своик бүгінгі күні қазақстандықтар бетпе-бет келіп отырған қайта құрулар жинақтау жүйесі өзіне артылған үмітті ақтағандықтан емес, зейнетақы жүйесін жаңа, әлдеқайда жоғары деңгейге жеткізу қажеттілігінен туындап отыр дейді. Керісінше, зейнетақы жинақтары болашақ зейнеткерді қамту, жинақтардың мөлшері және инфляциямен салыстырғандағы тұтастығы секілді негізгі үш көрсеткіш бойынша дәрменсіз деп танылды. Осының барлығы зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне теріс әсерін беріп отыр, салдары қандай боларын болжау қиын емес.

"2016 жылы зейнет жасына келген азаматтар саны 363 мың адамды құрады, ал БЖЗҚ-дағы жинақтарын алуға келгендер – бар болғаны 199 мың адам, немесе 54,8%. 2016 жылы қаражат салған салымшылар саны – 5,8 млн адам немесе барлық еңбек ететін 8,6 млн адамның 67%. Негізі, салымшылардың жартысы жылына үш айлық салымнан артық қаражат аудармайды, тұрақты түрде қаражат аударатындар барлық салымшылардың 32%-ын ғана құрайды, ал 18% жылына 4 айдан 9 айға дейін салым салып отырады. 2016 жылы зейнеткерлерге бюджеттен ынтымақты жүйе бойынша 1337 млрд теңге қаражат төленсе, БЖЗҚ-дан 101 млрд теңге аударылды. Сондағы жалпы мөлшердегі жинақталған зейнетақының үлесі бар-жоғы 7,5%-ды құрады. Бұл қамтылу бойынша. Енді жинақтар мөлшеріне келейік. 2016 жылдың соңында ер адамдардың орташа сомасы – 827,7 мың теңге, әйелдерде бұл көрсеткіш 623,8 мың теңгені құрады. Осы кездегі орташа жалақы мөлшері 136,8 мың теңгені құрады. Егер осы көрсеткіштер сақталса, енді 20 жылдан кейін еңбек өтілін толық өтеген ер адамдардың салымы екі жарым жылдық өміріне жетеді, ал әйелдердің жинақтары екі жылға да жетпейді", – деді Петр Своик.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, инвестициялық табыс инфляциядан қалыс қалып жатқандықтан соңғы жеті жылда 330 млрд теңге қаражат жоқ болды. Ал Петр Своик осы ресми есептің негізінде өз есептеулерін жүргізіп, инфляция мен табыс арасындағы айырмашылықтың салдарынан 1,3 трлн теңге қаражатты жоғалтып алғанымызды айтады.

"Базалық – ортақ – зейнетақы еңбек өтіліне қарамастан ең төменгі күнкөріс шегінен кем болмауға тиіс, әйтпесе бұл Конституцияға қайшы келеді. Бірақ еңбек өтілі болмаса, мемлекет тарапынан белгіленетін базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс шегінен аспауы тиіс, одан артық алу үшін еңбектену керек", – деді сарапшы.

Асқар Момынов, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу