Ипотеканы субсидиялау қашан басталатыны әзірге белгісіз

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
27627

Бағдарламаның өзі Астана мен Алматы қалаларының тұрғындарына ғана емес, аймақтарға да қолжетімді болады.

Ипотеканы субсидиялау қашан басталатыны әзірге белгісіз

Бұл бағытты "Бәйтерек" мемлекеттік холдингінің еншілес ұйымы – "Қазақстан ипотекалық компаниясы" (ҚИК) іске асырады. Екінші бағыт – құрылыс салушылардың несиелері жөніндегі мөлшерлемені субсидиялауға – холдингтің басқа еншілесі – "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ жетекшілік етеді. Бұл 2016 жылдың соңында мақұлданған "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасының бір бөлігі (іске асыру кезеңі – 15 жыл).

Қарыздарды субсидиялау қашан басталатынын "Бәйтерек" холдингі әзірге айтпай отыр, онысын нормативті құжаттар әзірленіп жатқанымен түсіндірді.

"Сибсидиялау ережесінің жобасын ұлттық экономика министрлігі әзірледі және қазіргі кезде тиісті мемлекеттік органдарға келісу үшін жіберілді. Субсидиялау ережесі қабылданғаннан кейін екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) бағдарламаны іске асыру үшін техникалық мәселелерді реттейді де, тиісті ішкі нормативті негіз қабылдайды. Субсидиялау ережесі қабылданғаннан кейін бағдарлама іс жүзінде қосылады", – деп жазылған abctv.kz-тің сұранысына жіберілген холдингтің жауабында.

Ипотеканы субсидиялау бағдарламасына сәйкес жеке тұлғаларға сыйақы мөлшерлемесі жылына 10%-дан жоғары болмайды. ЕДБ жылына 17% мөлшерлемемен берген ипотеканың 7%-ын ҚИК субсидиялайды. Субсидиялаудың ең ұзақ мерзімі – 10 жыл.

Республикалық бюджетте 2017 жылы ипотекалық қарызды субсидиялауға 10 млрд теңге бөлу көзделгенін хабарлады "Бәйтерек" холдингі.  Бұл ЕДБ жеке тұлғаларға беретін жалпы сомасы 120 млрд теңге 8 мың қарызды субсидиялауға жеткілікті.

Субсидия алудан дәмелі қарыз алушыға қойылатын міндетті шарттар мыналар:

- несие тек алғашқы тұрғын үй алуға беріледі;

- несие мерзімі – 180 айға дейін;

-  бастапқы жарна – алынатын тұрғын үй құнының 30%;

- ипотекалық тұрғын үй қарызының ең жоғарғы сомасы Астана мен Алматы қалаларында 20 млн теңгеге дейін, өзге өңірлерде 15 млн теңгеге дейін.

Екінші бағыт – құрылыс салушылардың қарызын субсидиялауға – 2017 жылы республикалық бюджеттен 11 млрд теңге бөлу көзделген.

"Даму" қоры құрылыс компанияларына жылына 17% мөлшерлемемен берілген несиенің 7%-ын субсидияламақ. Құрылыс салушыға арналған сыйақы мөлшерлемесі жылына 10%-дан жоғары емес. Субсидиялаудың ең ұзақ мерзімі – үш жыл.

2017 жылы жалпы сомасы 157 млрд теңге құрылыс салушылардың қарызы субсидияланады деп күтіледі, соның арқасында 600 мың шаршы метр тұрғын үй салынады деп мәлімдеді мемлекеттік холдинг.

Берілген субсидияның қайтарымы ретінде құрылыс салушылар тұрғын үйдің 50%-ын "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ арқылы Астана мен Алматы қалаларында 260 мың теңгеге дейін, қалған өңірлерде 220 мың теңгеге дейінгі бағаға сатуға міндеттеледі.

Қарызды субсидиялау бағдарламасына қандай ЕДБ қатысатыны әзірге айтылған жоқ.

Бірнеше ай бұрын "Қазақстанның халық банкі" АҚ басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова бұл бағдарлама әзірге банкті қызықтырмайтынын айтты. Оның айтуынша, ипотека бойынша 10%-дық жылдық сыйақы мөлшерлемесі – арзан қаржыландыру емес, бұл пікірмен жылжымайтын мүлік нарығының өзге бірқатар қатысушысы келісті.

"Менің ұғымымда 8%, тіпті 6-7% – бұл шынымен арзан ипотека. Ал жылына 10-12%  дегеніміз коммерциялық мөлшерлеме деңгейімен бірдей деуге болады. Халық банкі онсыз да белгілі бір клиентке осындай мөлшерлемемен қарыз береді", – дейді Үміт Шаяхметова.

Дина Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу