Ірі кәсіпкерлер еңсесін өздері тіктейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2680

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасына өзгерістер енгізілді.

Ірі кәсіпкерлер еңсесін өздері тіктейді

Үкіметтің қаулысымен "Бизнестің жол картасы – 2020" бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Бұл қадам мемлекеттің қолдауына қол жеткізе алатын кәсіпкерлер санын арттыруға мүмкіндік бермек. Негізінен бизнестің санаты, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар мен қолдау құралдарының шарты өзгерген.

Енді енгізілген өзгерістерге аз-кем тоқталып өтсек.

Біріншіден, бағдарламадан ірі кәсіпкерлік субъектілері алынып тасталды. Бұл қадам өңірлердегі бизнесті дамытуға бөлінген бюджет қаржысының жетіспеушілігін шешуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, бағдарламадан облыстық және қалалық әкімдіктер жанындағы Өңірлік үйлестіру кеңестерінің қызметі тоқтатылды. Енді шағын жобалардың несиесіне субсидия беру шешімін "Даму" қоры қабылдайды. Бұл ретте, 180 млн теңгеден аспайтын несиелер 5 жұмыс күні ішінде қарастырылса, көлемі 180 млн теңгеден асатын несиелер бойынша шешімді бағдарламаның Өңірлік үйлестірушісі 21 жұмыс күні ішінде қабылдайды.

Үшіншіден, кепілдікті тоқтату шарттарына қойылатын талаптар жеңілдеді. Енді несие 100 пайыз мақсатты түрде жұмсалмаған жағдайда ғана кепілдік беру тоқтайды.

Төртіншіден, бір ғана кәсіпкердің қолына тиетін несие субсидиясының сомасына да өзгеріс енді. Субсидия сомасы 4,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін азайды. Дегенмен, несие мөлшерлемесін субсидиялау мерзімі бұрын үш жыл болса, қазір ұзартусыз бес жыл деп бекітілді. Берілетін кепілдеменің мерзіміне шек қойылмайтын болғандықтан, енді кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспайды. 

Бесіншіден, бағдарлама бойынша субсидияланатын немесе кепілдік берілетін несиенің тұрақты бекітілген максималды мөлшерлемесінің орнына өзгермелі мөлшерлеме енгізілді. Субсидия Ұлттық банк бекіткен базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5%-ға ұлғайтылған номиналды сыйақы мөлшерлерлемесі бар несиелерге беріледі. Оның 30-50%-ын үкімет салаға қарай субсидиялайды, айырмасын кәсіпкер өзі төлейді.

Алтыншыдан, бюджетке төленетін салық көлемінің артуымен байланыстырылатын тиімділік критериі алынып тасталды. Енді бағдарламаға қатысу шартына сәйкес, кірісті арттыру мен жаңа жұмыс орнын ашу талаптарына сай келсе болғаны. Бағдарламаның бұрынғы редакциясында жоғарыда аталған талаптармен қатар, оң шешім алғаннан соң екі жыл өткен соң салық түсімін 10%-ға арттыру да талап етілетін. Бұл көп кәсіпкер үшін айтарлықтай кедергі еді. Атап өтерлігі, айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиелерге тиімділік критериі талап етілмейді.

Жетіншіден, қонақ үй немесе қонақ үй кешендерін сатып алу бағытында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар да ыңғайлы бола түсті. Бұл қызмет түрі жобаларды субсидиялауды және несиеге кепілдік беруді мақұлдау кезінде бағдарламаның шектеу қойылатын критерийлері тізімінен алынып тасталды. 

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 2017 жылы 192 мыңнан астам кәсіпкер мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғын қолдау шараларымен қамтылған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10%-ға артық.

"2017 жылы сыйақы және несиелерге кепілдік беру мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы қолдау көрсетілген несие қоржыны 286,6 млрд теңгені құрады. Барлығы 3 351 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 10%-ға артық. 276 жобаға 490 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ұсынылды. 25 жобаға 12,1 млрд теңге сомасында жетіспейтін инфрақұрылым жүргізілді. Жұмысын жаңа бастаған және жемісті жұмыс істеп тұрған 74,8 мың кәсіпкер оқыту бағдарламаларымен, сондай-ақ сервистік қызметтермен қамтылды", – деген болатын Тимур Сүлейменов осы аптада өткен үкімет отырысында.

Министрдің мәліметтеріне сүйенсек, былтыр бағдарламаға қатысушылар 3,5 трлн теңгенің өнімін өндірген. 17,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, 217 млрд теңге салық төленген.

Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны 1 145 994 бірлікті құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артық. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өнімдері өндірісі айтарлықтай өсім көрсетті. 2017 жылдың 9 айында өндіріс 14,4 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 28,5%-ға артық.

Еске сала кетейік, "Атамекен" ҚР ҰКП – "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бағытының операторы. Ұлттық палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, былтыр бағдарлама аясында ұлттық палата атынан 51 мыңнан астам кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, 113 мың адамға консультациялық қолдау жасалып, 22 мыңнан аса азамат бизнес негіздерін үйренген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу