banner

Ірі кәсіпорындар шағын бизнеске қарайласатын болды

Бек Темір Бек Темір
2851

Павлодарда мүйізі қарағайдай өндіріс орындары аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін олардың шығаратын тауарлары мен қызметтерін сатып алуға қатысты келісім жасауда.

Ірі кәсіпорындар шағын бизнеске қарайласатын болды

Мемлекет басшысы еліміздегі аты алысқа кеткен кәсіпорындар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін қамқорлықтарына алып, кәсіпкерлік тізбек құруды қамтамасыз ету туралы пікірін сан мәрте қайталап айтып жүргені көзі қарақты ағайынға белгілі. Бұл тұрғыда Павлодар облысында шоғырланған өндіріс ошақтарының жұмысын атап өткен жөн болар. Жақында облыстық әкімдікте өткен инвестиция тарту жөніндегі кеңестің екінші отырысы алдында өңір басшысы осы жұмысты қолға алған бірқатар кәсіпорындарға атбасын тіреді және сол кездесулерден кейін бұдан былай шағын бизнес өкілдерінің кәсібін дөңгелетуге ірі өндіріс нысандары қол ұшын созатындығы туралы мәлімдеді. Бұл аймақтағы экономикалық ахуалды жақсарту үшін жасалған игі қадам. Мәселен, облыс әкімі Болат Бақауов "Технопром-Текс" ЖШС-ның цехтарында болды. Аталмыш орта бизнес өкілі 2000 жылдардан бері бір және екі тонналық қаптарды тігумен айналысады. Бір ғана Ақсу ферроқорытпа зауыты жылына жарты миллиондай биг-бэг (ауыр салмаққа арналған қанар) сатып алады. Бұл өнімді жергілікті "KSP Steel" ЖШС да сатып алуға әзір.

Айта кетерлігі, көптеген жүйе құраушы кәсіпорындар өздеріне қажетті өнімдердің Павлодарда шығарылатындығын біле бермейді. Ендігі мақсат солардың өз арасында қатынас құру. Бүгінгі таңда ұзақ мерзімді келісімдерге де қол қойыла бастаған. Бұл өз кезегінде екі жақа да тиімді болады. Яғни ірі кәсіпорындар  жыл сайын байқау жариялап, лайықты жеңімпазды анықтап әуре болмайды, ал қызмет көрсететін шағын бизнес өкілдері болса осы мерзімде ауқатын арттыруға мүмкіндік алады.

"Инвестиция тарту жөніндегі агенттік" ЖШС директорының міндетін атқарушы Әнуар Мұқышевтің сөзіне қарағанда, ірі кәсіпорындар аймақ экономикасын дамытушы күш болып табылады. Олар тек қана өңірдің емес, жалпы еліміздің өнеркәсіптік көрсеткіштерін жақсартуға зор үлес қосып келеді. Павлодар облысындағы 16 жүйеқұрушы кәсіпорын  өнеркәсіптік өндірістің 85,6 пайызын қамтамасыз етеді екен. Бүгінгі таңда оларға индустрияландыру мен өнеркәсіптік дамуды жаңа белеске көтеру міндеті жүктеліп отыр. Бұл тұрғыда шағын және орта кәсіпорындарға көмек қолын созып, олардың өнімдерін өздеріне шикізат ретінде пайдалануы суға батып бара жатқан адамға қол созғандай қолғабыс. Серіктестік жетістігі қымбат импорттық өнімдерден бас тартып, жергілікті тауарларды тұтынуға жол ашады. Мысалдар да жоқ емес. Мәселен, бірнеше жыл бұрын "Қазақмыс" корпорациясы облыстағы бірқатар кәсіпорындар үшін құрал-жабдықтар сатып алуға шамамен 500 млн теңге көлемінде қаржылық көмек көрсеткен. Ал оның ақшасы жаңа құрал-жабдықтарда жасалған тауар түрінде қайтарылған. Сол секілді ағымдағы жылы "Alef Trade" ЖШС компаниясы қысқы дизель отынын шығаруды қолға алмақ. Атамыш жобаға құйылатын инвестиция көлемі 1,7 млрд теңгені құраса, 28 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобаны жүзеге асыру арқасында Бозшакөл, Майкөбе, "Богатыр Комир" секілді ірі кәсіпорындарды жергілікті өніммен қамтамасыз ету мүмкін болады. Сонымен қатар Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындар да қызығын көрмек. Ал "Mineral industrys" жобасы аясында Ақсу ферроқорытпа зауытының қалдықтарын (құрамында алюминий бар қиыршық тас) өңдеуге жол ашылады. Қиыршық тас бұған дейін Павлодар-Ақсу тас жолының құрылысы кезінде жер астына көміліп келген болатын. Енді одан алюминий алу көзделуде. Бұл кластерлік көзқарас десек артық болмас. Мұндай серіктестік ең бірінші кезекте екі жаққа да тиімді болуы шарт. Сол кезде жұмыс алға басады.

Павлодар аймағында химиялық кластерді дамытудың алғышарттары көп. Бүгінгі күні "Павлодар" еркін экономикалық аймақ аумағында алғашқы кластерлік қадамдар жасалды, залалсыздандыру және тұрмыстық химия өнімдері шығарылуда. Сонымен қатар хлор өндірісі базасында Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де шығырылмайтын түрлі өнімдер өндіруге болады. Ондай химиялық тауарлар сұранысын Қазақстан мен Ресей кәсіпорындары Қытай импорты есебінен жабуда. Бұл үлкен пайда көзі екендігі анық. Сол секілді өңірдегі "Компания Нефтехим LTD" ЖШС Қазақстандағы жалғыз метил-трет-бутил эфирі мен полипропилен өндіретін кәсіпорын. Бұл шикізат көптеген тауар түрін шығаруға ауадай қажет. Қазіргі күні аталмыш өнім Ресей, Түркия, Украина, Қытай және Батыс Еуропаға экспортқа шығарылуда. Пропиленнен құрылыс материалдарын, татқа қарсы материалдар, көлік саласына қажетті бұйымдар, пластмассалық ойыншықтар, электроника заттарын жасауға болады. Алайда одан әлі ешкім дайын өнім шығарып жатқан жоқ. Бір сөзбен түйіндегенде, жергілікті шикізат көзі бар, тек оны  тұтыну жақтарын қарастыру шарт.

Алдағы күндері облыстағы ірі кәсіпорындар шағын және орта кәсіпорындардың қадамын шатқаяқтатпауға өз үлесін қоспақ. Бұл аймақтық серіктестікке бағытталған  ортақ тізбек құруға жол ашады. Ол өз кезегінде ел экономикасының дамуына септігін тигізбей қоймасы анық. Қазір Павлодарда шағын және орта кәсіпорындар жұмыс істейтін ортақ индустриалды аймақ құру мәселесі күн тәртібінде тұр.

Бек Темір, Павлодар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу