banner

Иштван Бенце: "Қазақстанда 20 жыл ішінде ауыл ғана өзгермеген"

Анна Терещина Анна Терещина
4710

Мажарлық саяхатшы abctv.kz-ке берген сұхбатында өзінің кезекті тарихи "Жібек жолы" экспедициясы жайлы әңгімеледі.

Иштван Бенце: "Қазақстанда 20 жыл ішінде ауыл ғана өзгермеген"

Иштван Бенце Қазақстанға алғаш рет 1999 жылы Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының шақырумен ғұндардың мажарлық қауымдастығының атынан делегат ретінде келген еді. Сол кезде Жамбыл ауылындағы "тұсау кесу" рәсіміне қатысып, қазақтың Жұлдыз Шаштай деген қызының өкіл әкесі атанған. Содан бері Қазақстанға 30 рет келіп, бұл ел оның екінші үйі сияқты болып кетті.  

Мажарлық саяхатшының "Қазақстанның алтын адамынан Венгрияның Аттиласына дейін" деген алғашқы экспедияциясы 2009 жылы басталып, "Алматы- Венгрия" бағыты арқылы жүріп өтті. 2012 жылы "Еуразияның тарихы" атты екінші экспедициясы Мажарстаннан бастау алып, Астанаға дейін созылған.

Мажарлық саяхатшы Қазақстанда өткен дүниежүзілік екі құрылтайға қатысқан, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының белсенді мүшесі. Өз елінде "Алтын адам" көрмесін ұйымдастырып, онда Қазақстанда тапқан археологиялық заттарды көпшіліктің назарына ұсынған. Рестовратор Қырым Алтынбековтың еңбектері арқылы мажарлықтарға  қазақстандықтардың бай тарихи мұрасын таныстырған.  

Қазақстан мен Венгрия арасында мәдени байланысты нығайтудағы еңбегі үшін Сұлтан Бейбарыс медалімен марапатталған. 2016 жылы "Жібек жолы" деген экспедиция ұйымдастырған.

Аbctv.kz-ке берген сұхбатында ол: "Қарапайым мүмкіндіктерімнің арқасында екі ел арасындағы достық пен жақсы қарым-қатынасты нығайтуға үлесімді тигіземін деп ойлаймын, сондықтан өзімнің жұмысыма бар  күш-жігерімді саламын", – деді.

- Иштван,  жақын күндері сіздердің экспедицияларыңыздың екінші кезеңі аяқталды. Ол Астанаға келіп тоқтады. ЭКСПО көрмесі өтетін болғандықтан, мұны алдын-ала осылай жоспарладыңыздар ма, әлде кездейсоқ сәйкестік пе?

- Менің ЭКСПО көрмесіне келуім – Қазақстанға деген сый-құрметімнің белгісі. Биыл қазақ-венгр дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығы атап өтіледі. Венгрия мемлекетінің негізі қаланған күн, 20 тамыз, "Әулие Иштван күні" келемін деп жоспарлағанмын. Бірақ та шамалы ерте келіп қалдым.

ЭКСПО көрмесінің Астанада өтіп жатқанына қуаныштымын. Бұл – Қазақстанның 25 жылда қол жеткізген жетістігін көрсететін шара. Қазақстан тек мұнай мен газдың арқасында ғана өмір сүрмей, жаңартылған энергия көздерін де қолданатынын көрсетеді. Бұл шара экономикалық дамуға бастау болады деп ойлаймын.

- Саяхатты қай жерден бастағаныңызды, қай жерге дейін жүруді жоспарлап отырғаныңыз жайындағы ойыңызбен бөліссеңіз...

- Экспедиция үш кезеңнен тұрады, оны үш жылға жоспарладық. Экспедиция 2016 жылы "Венгрия-Сербия-Қара теңіз-Грузия-Әзербайжан" бағыты бойынша бастау алды. Қазір Бакуге келіп тоқтадық. Биыл сол жерден Қазақстанға жетіп, Ақтаудан Астанаға келіп жығылдық. Осы жерде біздің экспедицияның екінші кезеңі аяқталды. Келесі жылдың мамыр айында Астанадан Шығысқа қарай - Моңғолияға бет аламыз. Одан әрі Қытайға, Кореяға жетеміз. Сол жерде саяхатты аяқтаймыз.

Өзім ат спорты түрлеріне қатысты Еуразиялық бірлестік қауымдастығының президенті  болғандықтан, тамыз айының соңына дейін осы жерде қалып, әлем чемпионатын тамашалақшымын. Содан кейін Мажарстанға ұшамын. 

 - Қыс мезгілінде саяхаттамайсыздар ғой...

-  Иә, қыстағы 40 градус аязға ат та, өзім де шыдамаймын. Сонымен бірге қыста күн қысқа.  

-  Саяхаттауыңыздың мақсаты не?
 - Бұл – бұрынғы Жібек жолын басып өтетін тарихи экспедиция. Осы Жібек жолымен өткен бұрынғы тарихымызды барлық адамның есіне салу үшін әдейі ұлттық киім киіп, атпен жүреміз. Жібек жолы өткен тарих болғанымен, бір-бірімізге бауыр екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі таңда Жібек жолының орнын Еуразия басты. Бұл жол барлығымызды экономикалық тұрғыдан байланыстыратын жер болады деп ойлаймын. 

-  Саяхат жасауға неге атты таңдадыңыз?

-  Атпен жылдам жүрмейсің, бірақ оны таңдауымыздың да өзіндік сыры бар. Біріншіден, атпен жүрген адам велосипедпен жүрген адамға қарағанда ерекше көзге түседі. Екіншіден, атпен жүргенде көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін түсінесің.

-  Алыс жолды салт жүріп өткенде қандай күйде болдыңыз?

- Шаршадым. Жолдан, ыстықтан шаршайсың. Тіпті кейде адамдармен танысудан да шаршайсың. Бірақ күніне 4 рет ет жегеннен кейін барлық шаршағаның су сепкендей басылады. Аттарда ұзақ жолға шыдамай шаршайды, сондықтан оларды да ауыстырып тұру керек.

- Саяхат жасауға қанша ақша жұмсадыңыз?

- Қанша кеткенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ та саяхаттау үшін аз ақша кетпейтіні белгілі. Бұл экспедицияны ұйымдастыруға Венгрияның Қазақстандағы елшісі Бараньи Андраш мырза мен дипломатиялық миссия қызметкерлері қол ұшын созды.

Экспедицияның екінші кезеңін ұйымдастыруға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, меценаттар мен қарапайым адамдар қолдау көрсетті. Сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облысының жергілікті аудандық  әкімдік өкілдері жан-жақты көмек көрсетіп, ат беріп, жататын орын ұсынды. Ақпараттық қолдау жасап, әртүрлі кездесулер ұйымдастырды.

Қазір экспедицияның үшінші кезеңін ұйымдастыруға демеуші іздеп жатырмыз. Қазақстандық бизнесмендер мен инвесторлар көмектесетін шығар деген ойдамыз.

- Иштван, сіз аз саяхаттаған жоқсыз. Өзіңіз болған елдерде есіңізде ерекше қалғандарымен бөліссеңіз?
- Мысалы, Сербия мен Болгарияда болғанда мажарлардың қалған қоныстарын көріп таң қалдым. Ал Грузияға барғанда кезінде керуеншілердің тоқтаған қаласы Грэмми қаласын көрдім. Әзербайжан еліне барғанда Шеки қаласы ұнады. Ол жерден керуен арқылы жібек барлық әлемге тараған. Біз болсақ тек Қытайда ғана жібек шығарады деп ойлаймыз. Ал Қазақстанда жібек жолы өткен жермен жүріп, аттарды ауыстырдық. Әулие адамдар жерленген жерлерде отырған шырақшының үйін көргенде таңданысымды жасыра алмадым.

 - Біздің жолдар жайында не айтасыз?

- Барлығы көлікке байланысты. Атпен жүрген адамға бұл жол жайлы, ал машинамен жүруге жарамайды. Егер басқа елдермен салыстыратын болсақ, қазақтың жазық даласы Грузия мен Әзербайжанның таулы аймағында жүргеннен жақсы. Тек бір ғана кемшілігі ыстық пен құмды желге шыдау қиын. Әрине әр елдің өзіндік кемшілігі мен ерекшелігі бар.

- Сіз Қазақстанды осыдан 20 жыл бұрын көрдіңіз, одан кейін де бұл жерге жиі келіп жүрсіз. Осы уақыт ішінде Қазақстан қаншалықты өзгерген?

- Қазақстан қатты өзгерген. Бұрын шетелге телефон шалу үшін почтаға баруың керек болатын, ал қазір телекоммуникация дамыған. 20 жыл бұрын дүкендердегі тауардың ассортименті де жұтаң еді, ал қазір қалағаныңды сатып алуға болады. Қала көшелерінде жүргеннің бәрі керемет қымбат көліктер.

Тек жалғыз өзгермеген нәрсе бұл ауылдар. Мен қандай ауылда болмадым. Қалаға жақын орналасқан ауылдан бастап, қарапайым шалғайда орналасқан ауылдарға бардым. Тіпті он шақты ғана үй қалған ауылдарды көрдім. Олардың барлығы тек малдың  арқасында нан тауып отыр. Бірақ та осыған қарамастан, ауыл адамдары ашық, аққөңіл  келеді.

- Саяхаттың қай түрі болмасын адамның өзін-өзі тануына ықпал жасайды дейді. Сізге мұның әсері қандай болды?

 - Әр саяхатқа шыққан сайын өзімді басқа қырымнан танып келемін. Өзім білмейтін қабілеттерім ашылуда. Жалпы адам баласы кей кезде күнделікті өмірден алшақтап, бүркіт сияқты барлығын биіктен шолғаны жақсы.

Гүлназ Ермағанбетова, Анна Терещина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу