Қандай аурулар мемлекет қорғауына алынады?

3949

Министрлік сақтандырылмағандарға ауыруға рұқсат етілетін дерттер тізімін жариялады.

Қандай аурулар мемлекет қорғауына алынады?

Қазақстанда медициналық сақтандыру толық күшіне енгеннен кейін сақтандырылмаған адамдардың емханаларға қаралуы және емделуі қиындап кетеді.

Дегенмен, мемлекет шұғыл және жедел жәрдем тегін болып қала беретініне, тиісінше, Елена Бахмутова ханым басқаратын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сақтандыру жарнасын аудармайтындар үшін де бұлар қолжетімді болатынына сендіреді.

Осы орайда сақтандырылмаған қазақстандықтар тегін емделуге рұқсат етілетін ауру түрлері айқындалды. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, қазақстандықтар медициналық сақтандырылмағанына қарамастан, аурулардың осы түрлері бойынша тегін медициналық көмек ала алады.

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шеңберінде, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету" мақсатында денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік маңызы бар аурулардың және қоршаған ортаға қауіп келтіретін аурулардың тізімін бекітті. Аталған нормативті-құқықтық актіге сәйкес, республиканың барлық азаматтары медициналық сақтандыруының бар не жоқтығына қарамастан, сол тізімде көрсетілген барлық ауруларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің шеңберінде медициналық қызмет алатын болады.

Сонымен, министрліктің тізіміне сәйкес, әлеуметтік маңызы бар ауруларға 13 ауру түрі кіреді. Олар:

- туберкулез;

- адам иммунитеті жетіспеушілігі салдарынан туындаған ауру және адам иммунитеті жетіспеушілігі вирусын тасымалдаушылар;

- В, С вирусты гепатиті;

- қатерлі жаңадан пайда болған өскіндер;

- қант диабеті;

- психиканың және жүріс-тұрыстың бұзылуы;

- балалардағы церебралды сал ауруы;

- миокард инфарктісі (алғашқы алты айда);

- ревматизм;

- дәнекер тіндердің жүйелі бұзылуы;

- орталық жүйке жүйесінің тұқым қуалайтын-дегенеративті аурулары;

- орталық жүйке жүйесінің миелинсіздендіру аурулары;

- орфандық (сирек кездесетін) аурулар.

Бұл ретте, қоршаған ортаға қауіп келтіретін аурулар тізіміне 16 ауру түрі кірді:

- адам иммунитеті жетіспеушілігі салдарынан туындаған ауру және адам иммунитеті жетіспеушілігі вирусын тасымалдаушылар;

- туберкулез;

- геморрагиялық қалтырау;

- дифтерия;

- менингококк инфекциясы;

- полиомиелит;

- психиканың және жүріс-тұрыстың бұзылуы;

- жыныстық жолмен берілетін инфекциялар;

- алапес;

- безгек;

- сібір жарасы (өкпедегі формасы);

- тырысқақ;

- оба;

- іш сүзегі;

- А вирустық гепатиті;

 - туляремия.

Ресми мәлімет бойынша 2016 жылы Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар ауруларымен жарты миллиондай, дәлірек айтқанда, 508 мың 128 адам, ал, қоршаған ортаға қауіп келтіретін аурулар тізіміне кіретін 134 мың 757 адам тіркелген.

"Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде" дейді қазақ даналығы. Қанша дамығанымен, кейбір аурулар алдында медицина да қауқарсыз. Сондықтан "деніміз сау болсын!" делік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу