banner

Қап тауы Ұлы Далаға жақындай түсті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3930

Түркітілдес елдер өзара транзиттің "миллиондық" белесін бағындырады.  

Қап тауы Ұлы Далаға жақындай түсті

Жексенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжанға ресми сапармен аттанған болатын. Ал бүгін, таңертең елбасын өз сарайының алдындағы алаңда салтанатты жағдайда құрмет қарауылымен бірге, үлкен қуанышпен қарсы алған Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев мәртебелі мейманын өзінің "Загульба" резиденциясына бастады.

Айтпақшы, парсы тілінен аударғанда "за" - жағалау, ал "гельба" - лашық (яғни "жағалаудағы лашық") дегенді білдіреді екен. Әрине, мұның сәні мен сәулеті келіскен сарайға қатысы жоқ. Негізі, Загульба – табиғаты әсем жердің атауы болып табылады.  

Осындағы сарайда қос ел президенттері алдымен оңаша кездесті. Әдетте мұндай жеке жүздесулерде мемлекет басшылары сырт көз естімеуге тиісті мәселелерді талқылайды, өзара ұстанымдардың қаншалықты ұқсас келетінін бағамдайды, көзқарастары мен қарсы пікірлерін ашық айтады. Кейін хабарланғандай, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Әлиев саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерді талқылаған. Және екі ел арасында барлық көзқарастардың ұқсас екенін анықтаған.

Бұл форматта екі елдің ақпарат құралдары, тілшілер тілімен айтқанда, тек "протоколға", яғни бастапқы "әлқисса" сөзді тыңдауға ғана жіберілді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Әзербайжан арасында ежелден тарихи және мәдени байланыстарға негізделген дәстүрлі достық сипатындағы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Ол әлемдік экономикадағы қазіргі кездегі жаңа үрдістер екі ел серіктестігін одан әрі дамытуға тың серпін бере алатынын айтты.

"Әлемдегі дағдарыстық құбылыстар ұлттық экономикамызға айтарлықтай залалын тигізіп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұл бірлескен жаңа өндірістер ашып, жасырын мүмкіндіктерімізді пайдалануға жол ашуда. Экономиканы әртараптандырып, инновациялық технологияларға назар аудару қажет", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласында өзара іс-қимылды үдету, соның ішінде Қазақстан мен Әзербайжанның көлік-транзит әлеуетін дамыту қажеттігін атап өтті.

"Бұл кездесу елдеріміздің өзара іс-қимылын одан әрі тығыз дамытуға мүмкіндік туғызатын жаңа форматтағы қарым-қатынасымызға тың серпін беруге тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, елбасы екі мемлекеттің халықаралық саладағы өзара түсіністігіне және ұстанымдарының ұқсастығына назар аударды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Ильхам Әлиевті 2016 жылғы референдумда Әзербайжан халқының ел конституциясына енгізілген, президенттің өкілеттік мерзімін ұзартуға бағытталған өзгерістерді қолдағанымен құттықтады.   

Ильхам Әлиев ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, оның аясын кеңейту жолында Қазақстан президентінің сапары маңызды екенін айтты.

"Бүгін қол қойылғалы отырған құжаттар екіжақты қарым-қатынасты әрі қарай нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. Қазақстан біз үшін достас, бауырлас ел болып саналады. Біз бүгінгі кездесуге зор мән беріп отырмыз", – деді Ильхам Әлиев.

Сонымен бірге, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның жеткен жетістіктерін атап өтті.

Алдымен экономика туралы

3 сәуірде Әзербайжандағы айырбастау бекеттерінде қазақтың 1 теңгесі 0,0055 манатқа, 1 қырғыз сомы 0,0251 манатқа, 100 өзбек сомы 0,048 манатқа, 1 түрік лирі 0,4747 манатқа саудаланды. Ал 1 АҚШ доллары бұл елде 1,7244 манат тұрады. 2006 жылы деноминацияны бастан кешіп, 1 мыңы жаңа 1 манатқа айырбасталған әзербайжан валютасы дағдарысқа қарсы біраз шыдамдылық пен төзімділік танытып келеді.

Жалпы, жаһандық күйзеліске қарамастан, түркітілдес елдер ынтымақтастығы қайта нығаю түсуде.

Мәселен, Бакуге сапарын қорытқан Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-әзербайжан қарым-қатынастары жаңа деңгейге көтеріліп қана қоймай, жаңа форматқа көшіп жатқанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы әзербайжандық әріптесімен жеке кездесу және екі елдің делегациялары қатысқан кең құрамдағы келіссөздер барысында қарауға ұсынылған барлық мәселелердің талқыланғанын атап өтті.

"Біздің қарым-қатынасымыздың негізгі өзегін сауда-саттық құрайды. Ол басқа да бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дамыту мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі кездесу сауда айналымын ұлғайту қажеттігін айқындап берді. Өйткені, 140 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қазіргі көрсеткіш біздің мүддемізге сай келмейді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстар саласында пайдаланылмаған зор әлеует бар екеніне назар аударды.

"Елдеріміз мұны екіжақты сауданы одан әрі ұлғайту үшін пайдалануға тиіс. Қазақстан Әзербайжанға металлургия өнімін, экспортқа шығарылып жатқан локомотивтерді жеткізуге әзір. Әзербайжаннан келетін көкөніс көлемінің өзі бір жылда 12 есе өсті. Біз өзара келісіп, тауар айналымын таяу кезеңде 500 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайта аламыз", – деді мемлекет басшысы.

Одан соң Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің көлік-транзит саласын дамытудың басымдығы бар бағыт екенін атап өтті.

"Қазақстанда Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін ұзындығы 2000 шақырымдай болатын теміржол, сондай-ақ "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолы салынды. Олар өз нәтижесін бере бастады. Қазіргі уақытта жүктерді Қытай Халық Республикасынан Еуропаға Кавказ және Каспий теңізі арқылы жеткізу мәселесі туындап отыр. Бұл Әзербайжан үшін зор әлеуеттің бар екенін білдіреді", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы әлемдік нарықта екі ел де маңызды рөл ие болып отырған энергетика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты бар екенін айтты. 

"Біз мұнай және мұнай өнімдерін әлемдік нарықтарға, соның ішінде Әзербайжан аумағы арқылы да кідіріссіз жеткізуді қамтамасыз етуге мүдделіміз. Қазақстанда ірі жобаларды іске қосқанда біз құрал-жабдық өндірісі немесе өзге де өнімдер жергілікті жерде болу үшін қажетті жағдай жасауға тырысамыз. Осыған орай біз тиісті тәжірибе мен машық қалыптасқан салаларда бірлескен өндіріс кәсіпорындарын құру мүмкіндігін талқыладық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Бейбіт Исабаев бұл елдің біз үшін "Қап тауы етегіндегі елдер арасындағы басты саяси және экономикалық серіктес" болып табылатынын айтады.

"Қазіргі жағдайларда біздің стратегиялық серіктестігіміз барған сайын өте өзекті әрі қажетті бола түсуде. Бұл бірінші кезекте, елдеріміздің транзиттік әлеуетіне қатысты болып келеді. Себебі, қазіргідей жаһандық қаржылық-экономикалық қиыншылықтар кезеңінде халықаралық көлік-транзиттік саясат басты рөлдердің бірін ойнайды. Үлкен табыс әкелетіні де сол ғой. Әзербайжан арқылы өтетін кавказдық бағыт біздің Еуропа нарықтарына шығуымызды қамтамасыз етеді. Өз кезегінде Қазақстан Әзербайжанға Орталық Азия мен Қытай нарығының қақпасын ашады. Біздің елдеріміз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, транзит елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың ең маңызды әрі перспективті құрамдас бөліктерінің біріне айналуда", – дейді елші.

Ол екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастық үдей түсетінін айтады. Оның мәліметі бойынша 2016 жыл қорытындысы бойынша өзара тауарайналым 124,38 миллион долларды құрапты. Бұл 2015 жылғыдан 7,9 пайызға көп. Енді екі ел, елбасы айтқандай, қосымша резервтерді іздеп, іске қоса бастайды.

Бұған Қазақстан президентінің сапары қорытындысында рәсімделген маңызды құжаттар ықпал етуге тиіс. Атап айтқанда, мемлекет басшысының Әзербайжанға ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

"Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мен "Әзербайджан демир йоллары" жабық акционерлік қоғамы арасындағы Логистика және теміржол көлігі машинасын жасау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

1. Қазақстан Республикасының үкiметi мен Әзербайжан Республикасының үкiметi арасындағы 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының үкiметi мен Әзербайжан Республикасының үкiметi арасындағы хаттама;

2. Қазақстан Республикасының үкіметі мен Әзербайжан Республикасының үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі мен Әзербайжан Республикасының сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

4. Қазақстан Республикасының үкіметі мен Әзербайжан Республикасының үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.

"Қазақстан темір жолы" президенті Қанат Алпысбаев ұлттық компанияның басшылығымен және  индустрияландыру аясында құрылысы жүргізілген Каспийдегі Құрық теңіз айлағының дәл осы сауда-саттыққа кең тартылатынын мәлімдеді.

Оның мәліметінше, 2017 жыл соңына дейін Қазақстан Құрық порты арқылы Әзербайжан мен Грузияға 450 мың тоннадан астам газойл экспорттайтын болады. Қазіргі уақытта осы порт арқылы Батуми портына дейін жеткізілетін жүктер тізілімін кеңейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Соның ішінде бірінші кезекте, отандық бизнесмендерді қолдау үшін Қазақстан жүктерінің экспортына басымдық берілмек.

Қанат Алпысбаев Кавказ елдерінен кері қарай бағытта транзиттік жүкті, мысалға Өзбекстанның импортын тасымалдау қарастырылып отырғанын қосты. Нәтижесінде, Өзбекстан-Қазақстан-Әзербайжан түркітілдес елдердің өзіндік бір транзиттік альянсы пайда болатындай.

"Мәселен, кері бағытта шикі қантты тасу көзделуде. Көлемі бүгінде талқылануда. Жыл аяғына дейін шамамен 150-200 мың тоннадан асады деп отырмыз", – деді ҚТЖ басшысы.

Ол жыл соңына дейін Құрық арқылы барлық бағытта бір миллион тонна жүк жеткізу жоспарланғанын мәлім етті. Құрық теңіз паром кешенінің бірінші кезегі былтыр желтоқсанда іске қосылды. Бұған дейін Қазақстан Ақтау портына толық тәуелді болды да, Каспий теңізі арқылы тасымал мандымады. Енді Құрық нығайтыла бастағандықтан, халықаралық тасымалда өз кәсіпкерлері мен олигархтық топтарының мүддесін бірінші орынға қойып, қазақ кәсіпкерлерін кемсіткен Ресейді айналып өтетін бағыттардың тынысы ашылуда.

Айтқандай, Құрық портынан бірінші жүк те Баку халықаралық теңіз сауда айлағына 2017 жылғы 25 мамырда келіп жеткен болатын. Құрықтан Бакуге дейінгі жол небары 18 сағатқа ғана ұзады. Ал Ресейдің құрлықтық аумағы арқылы жүк тасымалдауға бизнесмендеріміз тіпті апталар жоғалтатын.

Содан кейін саясат

Бүгін барлық әзербайжандық ақпарат құралдарында екі тақырып үстем шықты. Жергілікті сарапшылар да осы негізгі екі тақырып айналасында пікір жарыстырып жатты. Оның біріншісі – Қазақстан көшбасшысының сапары. Елбасы Бакуде 2005 жылы сапармен болыпты, содан бері он жылдан астам уақыт өтті.

Екінші тақырып – Әзербайжан халқы былтырғы сәуірдегі Таулы Қарабақтағы қырғынның бір жылдығын азалы ойлармен еске алып жатты. Бұл ретте сол "сәуір қырғынын" сылтауратып, Ресейдің Армениядағы әскерінің саны мен қарулану деңгейін еселеп арттырып жатқанына алаңдаушылықтар білдірілді.  

Бұл тақырыпты қос мемлекеттің басшылары да айналып өте алмады. Оның үстіне әзербайжан халқына бұл туралы Орталық Азияның көшбасшысы саналатын, әрі биылдан бастап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде отырған Қазақстанның ұстанымы қызықтырады.

"Әрине, кездескенде, президенттер де өңірлік қауіпсіздік, жаппай қауіпсіздік проблемаларын талқыламай кете алмайды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан өңірлік проблемаларға көңіл аударады. Тағы да қайталай айтқым келеді: біздің ел Әзербайжан мен Армения жанжалына қатысты БҰҰ аясында қабылданған қарарларда қол жеткізілген келісімдерді ұстанады. Қазақстан Әзербайжанмен де, Армениямен де тату қатынаста. Біз бұл өңірде бейбітшілік болғанын, бәрінің бейбіт жолмен шешілуін қалаймыз. Біз осы жолда қолда келгеннің бәрін жасаудамыз. Тараптарға осы мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынып, соған ынталандырудамыз", – деп бітімгершілік іс-қимылдарына қатысты сырдың шетін шығарды Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы тұста сарапшылар Ресейдің табандауымен Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке қабылданғанын еске салады. Сонымен бірге, Қазақстан көшбасшысының табандауымен, Армения одаққа Әзербайжан даулаған аумақсыз, яғни Таулы Қарабақсыз кіргенін де ұмытпауымыз керек.

Қазақстан президенті әзербайжандарды ішке тарта сөйледі, "тіліміздің, дініміздің, түбіміздің де бір" екенін алға тартты. Мәдени-тарихи құндылықтарымыздың ортақтығын және өзара қарым-қатынас жасауда шешілмеген түйткілдер жоқ екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев кең ауқымды мәселелер бойынша одан әрі өзара тиімді іс-қимыл жасасуға шақырды.

"Бұл салалардағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор, ол шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, оқу орындары мен ғылыми мекемелердің тығыз байланысы арқылы жалғасып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан 130 мың әзербайжан диаспорасы өкілдері мемлекеттеріміз арасындағы маңызды дәнекер болып саналады", – деді Қазақстан президенті.

Соңында мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Әзербайжан президенті мен халқына алғыс білдіріп, бақ-береке және игілік тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Ильхам Әлиевті Астана қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының елордалық саммитіне және "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қарым-қатынасымыздың берік негізі бар екенін, жүргізілген  келіссөздер мен қол қойылған құжаттар соның дәлелі болып саналатынын айтты.

Әзербайжан көшбасшысы халықаралық аренада екі елдің өзара тиімді іс-қимыл орнатып отырғанын атап өтті.

"Халықаралық және өңірлік құрылымдар аясында саяси өзара іс-қимылдың белсенді дамып келе жатқаны байқалады. Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланумен тағы да құттықтаймын", – деді Ильхам Әлиев.

Әзербайжан президенті осы жолғы сапар аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың барлық қыры жан-жақты талқыланғанын айтты.

"Жақын арада ведомствоаралық үкімет комиссиясы отырысын өткізу туралы шешім қабылданды. Елдеріміздің екіжақты тауар айналымы көлемін арттыруға мүмкіндік беретін экспорттық ұстанымдары талқыланатын болады. Әзербайжанның Қазақстан экономикасына немесе керісінше Қазақстанның Әзербайжанға салған инвестициясының өскені – қуантарлық жайт. Бұған екі тараптан да зор мүдделілік бар", – деді Ильхам Әлиев.

Соңында Әзербайжан көшбасшысы екіжақты келіссөз барысында сауда-экономика, көлік және энергетика мәселелері жөніндегі талқылаулардың бәрі сындарлы сипатта болғанын атап өтті.

Екі елдің достық байланыстары мен ынтымақтастығын дамытуға қосқан ерекше еңбегі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Ильхам Әлиев өз елінің ең жоғарғы наградасы – "Гейдар Әлиев" орденін табыстады.

Елбасы сапары бүгін өз елімізде, Маңғыстауда жалғасты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу