Капитализм қазір "қанішер экономикаға" айналды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5252

Дамыған елдердегі таптық теңсіздіктің етек жаюы, трансұлттық компаниялардың монополиясы, саясаттың экономиканы тежеуі – осының бәрі капитализмнің қазіргі моделін өзгерту керектігін көрсетеді.

Капитализм қазір "қанішер экономикаға" айналды

Астана экономикалық форумның қатысушылары "Инклюзивті және тұрақты болашақ үшін капитализмнің трансформациясы" атты флагмандық сессияда капитализмнің қазіргі моделін өзгерту керек пе, егер керек болса, қалайша түрлендірген жөн деген сауалға жауап іздеді.

"Қазіргі капитализм қанышер экономикаға айналды"

Джон Перкинс: америкалық экономикалық кеңесші:

Экономикалық даму жолында қазіргі жеке инвестициялар мен жеке меншіктік нарық жүйесі өзінің құндылығын асыра дәлелдеді. Бұл жекелеген мемлекеттерді қуатты державаға айналдырып, компанияларды трансұлттық корпорацияларға айналдырды. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру стандартын бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерді. Осылайша әлем бойынша орта таптың әлеуеті жоғарылап, саны көбейді. Дегенмен, бұл бай мен кедей арасындағы айырмашылық, яғни таптық теңсіздіктің кемуіне емес, керісінше ұлғаюына түрткі болды.

Біздің қазіргі капиталистік моделіміз тұрықты және әділ экономикалық модель ретінде қайта түрленуі керек. Әрине, АҚШ бастаған қазіргі капиталистік алып елдер әлемнің экономикалық және технологиялық дамуына ерекше үлес қосты. Дегенмен, капитализм қазір "қанішер экономикаға" (killing economy) айналып кеткені жасырын емес. Тұтынушылық мәдениеттің қарқын алуы бұл үрдісті тіпті күшейте түсті.

Капитализмнің адамзатқа келтірер қатерінің алдын алу үшін мемлекеттер келешектің экономикасына мән беру керек. Бұл дегеніңіз капитализмнің әділ бөлінуі, технологиялық игіліктердің барша адамзат үшін қолжетімділігін арттыру.

"Технологияға негізделген капитализм экономиканы құтқарады"

Дэвид Пан, Цинхуа университеті Шварцман атындағы колледждің бас деканы:

Өз басым технологиялық дамуға өте оптимистік тұрғыда қараймын. Оған Қытайдың соңғы он жылдағы жеткен жетістіктерін айтуға болады. Футуристік сарапшылардың басым көпшілігі технологияға негізделген экономиканың адамзат болашағы үшін қатерлерге толы болатынын айтады. Олар технологияның негізгі қатерлері ретінде, біріншіден,  жаппай роботтандырудың жаппай жұмыссыздыққа алып келуі мүмкін екенін алға тартады. Менің ойымша, бұл әлемдік экономика үшін қатер емес, керісінше, мүмкіндік. Жаппай роботтандыру дәуіріне расымен де кей мамандықтарға сұраныс азайып, енді бірін роботтар алмастарар, дегенмен, нарыққа жаңадан таңғы да ондаған, тіпті жүздеген мамандықтар шығатыны анық. Екіншіден, технологияның өте жедел дамуы жасы келген азаматтардың өмір ағысына ілесе алмай қалу қатерін туындатады. Рас, соңғы технологиялық жаңалық қазіргі аға буын өкілдерінің барлығы үшін түсінікті емес. Бұл өмір салты. Үшіншіден, технологияның дамуы байдың одан сайын байып, кедейдің одан сайын кедейлене беруіне қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Бұл тек технология саласына ғана тән нәрсе емес, нарықтық экономкианың қай түрінде болмасын, бұл әрқашан сақталып келе жатқан заңдылық.

Технологияның жаһандық экономикаға берерін мен былайша түсіндірер едім. Біріншіден, технология мемлекеттер арасындағы шекараларды жояды. Бұл дегеніңіз еркін нарық. Мәселен, Alibaba жасаған Alipay төлем қызметі әлемнің кез келген еліндегі кез келген адамға ақысыз түрде ақша аударуға мүмкіндік береді. Бұл дәстүрлі банк жүйесі үшін зиян болғанымен, адамзат үшін үлкен жетістік. Осы орайда, саясатқа негізделген экономикаға қарағанда технологияға негізделген экономиканың артықшылығын әлем көріп отыр. Технология болашақтың экономикасына жалғыз есік.

"Қазақстан секілді дамушы елдердің басты байлығы – адам капиталы"

Қасымхан Қаппаров, "Сорос-Қазақстан" қорының "Ашық экономика" бастамасының үйлестірушісі:

Қазақстан экспортының қазіргі таңда 85 пайызы шикізаттық және минералды ресурстардан тұрады. Дамушы елдердің барлығына ортақ қасиет – адам капиталының әлеуеті. Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін адам капиталын арттыруға басымдылық беріп отыр. Дегенмен, елде шешілмей жатқан үлкен мәселелер бар. Мәселен, Қазақстан халқының 50 пайызының кәріз жүйесі қолжетімділігі жоқ болса, тұрғын үймен қамту бойынша Қазақстандағы деңгейі БҰҰ стандартынан 30 пайызға аз.

Ең бастысы мемлекет экономикасының өскені әлеуметтік салада халықтың нақты күнкөріс көрсеткіші ретінде көрінуі керек. Қазақстанның заңнамасында да бұл тұрғыла келеңсіздіктер жоқ емес. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстанда қазір 2 млн адам өзін өзі жұмыспен қамтушылар санатында. Олар ресми түрде жұмыссыз саналмағанымен, қызметкерлерге берілетін мемлекеттік қолдаулардың ешқайсысын тұтына алмайды. Бұл адам капиталының дамуына тағы бір кедергі.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу