KASE-де теңгелік капиталдың жылыстауы байқалмады

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
2013

Қазақстан қор биржасы осы жылдың тамыз айын қорытындылады. 

KASE-де теңгелік капиталдың жылыстауы байқалмады

Жергілікті инвесторлардың KASE құралдарына деген қызығушылығы жоғары, акция секторында ешқандай жасанды баға жоқ, алайда индекс түзетілуі мүмкін деп мәлімдеді Алматыда өткен  тамыз айының қорытындысына арналған брифингте KASE басқармасы төрағасының орынбасары Андрей Цалюк.

Тамыз айында KASE саудасының жиынтық көлемі 10,2 трлн теңге болып, шілде айындағы  көрсеткіштен 2,2%-ға жоғарылады. Көрсеткіштің өсуіне шетелдік валюта нарығының 32%-ға немесе 323,8 млрд теңгеге, яғни 1,3 трлн теңгеге дейін артқаны, сондай-ақ ақша нарығындағы операциялар (9,8%-ға,8,6 трлн теңгеге өскен) белсенділігі әсер етті.  

Журналистердің сұрақтарына жауап берген KASE өкілі америкалық долларға деген сұраныс көбінесе жеке тұлғалардан немесе корпоративтік клиенттер тарапынан болатынын айтты. Сондықтан нақты бір банктер бағамды ұстап тұруға алдын ала келісіп алды деу ақылға сыйымсыз. Көш бастап, суырылып алға шығып тұрған банк жоқ, әрбір сауда сессиясында көш бастап тұрған екінші деңгейлі банктердің орны ауысып отырады. Доллар әдеттегідей нарықтағы орташа көрсеткіштен төмен көлемде сатылуда. Халық долларды соншалықты дүрлігіп сатып алып жатыр деп айту қиын. Теңгенің күрт нығаюына себеп жоқ, мұнай бір баррель үшін 54 доллардан жоғары саудалануда, ал рубльдің долларға қатысты бағамы нығайды.

"Менің ойымша, бұл уақытша жағдай, бұдан әрі үдеу болмайтын сияқты", – деді Андрей Цалюк.

Акция нарығы тамыз айында керемет көрсеткіш көрсетпесе де, сауда көлемі азайды. Бірақ та "Шұбаркөл Премиум" АҚ, Mega Center Management АҚ сияқты танымал компаниялардың акциясы листингімен көзге түсті. Биржадағы акциялар саны рекордтық шама 109 эмитенттен 127 атауға жеткен.

KASE индексі жоғары көтерілді, оның көрсеткіші тамыз айының қорытындысы бойынша 9,7%-ға дейін, яғни 1975,64 көрсеткішіне дейін жетіп, тоғыз жыл бұрынғы көрсеткішті жаңартқан. Көбінесе акциялар шикізат нарығының жағымды бағасы арқылы корпоративтік жаңалықтарда өсіп отырған. Акциялардың ішінде бағасы 21,7%-ға, 3681,5 теңгеге дейін көтерілген  KAZ Minerals PLC акциялары бірінші орынға шықты. Оған мыс бағасы мен инвесторлардың оптимизмі қолдау болды. Осы жылдың басынан бері KAZ Minerals PLC акциялары 143,5%-ға қымбаттаған. 2016 жылы акциялар  220%-дан артық өсуді көрсетті, осы шикізат жағдаятын сақтап қалатын болсақ, онда жыл соңында жақсы нәтиже беруі мүмкін.  

"Әрине бұған әсер ететін бірқатар факторлар бар екені рас, оның ішінде KAZ Minerals PLC акцияларының негізгі орны ағылшын холдингі– Лондон қор биржасы бар. Ол жерде акциялар фунтпен сатылады. Бұл жерде осы бағаға корреляциялау бар және бұл құрал инвесторларды девальвация қаупінен сақтандырады", – деп жағдайға түсініктеме беріп кетті KASE басқармасы төрағасының орынбасары Андрей Цалюк. Тамыз айында  KAZ Minerals PLC акцияларынан басқа үлкен көрсеткіш көрсеткендер ішінде шамамен 20%-ға өскен "Қазақтелеком", 17% болған Ресей Сбербанк акциясы бар. Сондай-ақ 13% көрсеткішке жеткен Қазақстан Халық банкі пен 11,4% болған Ксеll акциялары бар.

"KASE-нің акция нарығы теңге-доллар бағамының құбылмалығына қарамастан, тартымдылығын жоғалтпай отыр. Акция нарығынан капиталдың долларлық құралдарға қарай еш жылыстауы байқалмайды", – деп сендірді Андрей Цалюк.  

Акцияларды сатып алуда жеке тұлғалар ең белсенді инвестор болған, олардың шотында акция айналымының 52%-ы тиесілі. Брокерлік компаниялар үлесі – 33,7%, ал институционалдық инвесторлар болып есептелмейтін заңды тұлғалардың үлесі –  12,3%. Алайда акция сатып алуға қатысқан жеке тұлғалардың шот саны  шілде айына қарағанда 21,6%-ға қысқарған.

Андрей Цалюктың айтуынша, нарық жаман нәтиже көрсетпегендіктен, акция нарығында әзірге қолдан жасалған баға жоқ. Елдің экономикасы "жанданып" келеді, мұны ресми статистика мәліметінен және инвесторлардың белсенділігі, қор нарығындағы эмитенттерден байқалады.  Дегенмен KASE өкілі қазақстандық акция нарығының өсуі – бұл өзіміздің ғана еңбегіміз емес, сондай-ақ Лондон қор биржасының да ықпалы бар екенін атап кетті. Өйткені сегіз акцияның бесеуі Лондон қор биржасында саудаланады. Бұл акциялардың бағасы алдыңғы қатарлы биржа алаңдарында белгіленеді.

Аbctv.kz сұрақтарына жауап берген Андрей Цалюк акция нарығында түзетулердің бар екенін, баға рекордтық шамадан біршама түсіп келе жатқанын айтты. Бұған KEGOC акциялары нақты дәлел бола алады, ол 1,4%-ға, 1378,9 теңгеге дейін түсіп кеткен. KASE өкілінің бағалауынша, бұл акциялар орташа құбылмалық шамасында төмендеген және айқын төмен түсу динамикасының көрсеткіші болып табылмайды. 

"Мен өсудің орнына жанама тренд келер дер едім, ал бұл акциялардың кейбірін төмендетіп, кейбіреуін өсіреді, мысалы, "БАСТ" АҚ айтуға болады. Компания кен байыту фабрикасын іске қосты, никель жоғары көтеріліп, мыс бағасы да айтарлықтай өсуде. Алайда девальвациядан қорғалатын құралдар тарапына әртараптандыру бар, бірақ ол сенімді емес", – деді Андрей Цалюк. 

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу