banner

Кәсіпкер тілегіне кереңдерді трактормен жазаламақ

1945

Үкімет сағатында еліміздегі шағын және орта  бизнестің жай-күйі қаралды.  

Кәсіпкер тілегіне кереңдерді трактормен жазаламақ

Бүгін Парламент қабырғасында өткен "үкімет сағаты" тұла бойды мұздатар, төбе шашты тік тұрғызар қорқынышты фильмді, кинематограф тілімен айтқанда, хоррор-сценарийді көзге елестетті.

Онда ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз ісін ашқан ұсақ және ірі бизнесмендердің біразы бір-екі жыл өткен соң "Ажал алқабына" (министр "Долина смерти" деп атады) тап болып, "қырылатынын" хабарлады.

Тағы бір тіксінткені, жиында отандық кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудан мүлдем бас тарту жайы қарастырылды, бірақ оның ақыры тіпті үрейлі жағдайға әкелуі ықтимал екені белгілі болған соң, бұл кесір ойдан бас тартылды.

Депутаттардың айтқаны да жүректі "суылдатты": кезінде үкіметтің "қорықпай қарыз алыңыздар, істеріңізді ашыңыздар!" деген үндеуіне сеніп, шақыруына еріп, заем алған бір миллионнан астам қазақстандық қарыз батпағына "батып" кеткен, қазір азап пен тозақтан өтуде. Олардың банктерге берешегі 1 триллион 2 миллиард теңгеден асып барады. Тіпті қарыз кесірінен бұл қазақстандықтар мемлекеттен қолдау көру, шетелге демалуға не емделуге шығу мүмкіндіктерінен айырылыпты.

Қорқыныш бұлтын "Үкімет сағатын" жүргізген мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко қоюлата түсті: "Министрді зорықтырмайық, министр болуының ең құрығанда жүз күндігіне жетсін" деп ащы әзілдеді вице-спикер. Бұл ретте депутат Омархан Өксікбаев ұлттық экономика министрлігін бұған дейін басқарғандар ол мерзімді "нашар аяқтағанын" еске салды. Тимур Сүлейменовтың еліміздің бас экономисі болғанына алдағы сәрсенбіде 100 күн толады екен.

Бұл отырыста депутаттар сондай-ақ агроөнеркәсіп кәсіпкерлерінің техникаға қатысты дабылына таскерең вице-министрлерді шуылы құлақ тұндыратын шынжыр табан тракторға отырғызып, "түпкілікті саңырау қылуды" ұсынды. Әрине бұл қатаң "үкім" орындалмайды, ол әзіл түрінде айтылды.

Бірден айталық, мәжілістегі "үкімет сағаты" отандық қорқынышты фильмдерді түсіруге емес, "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және іскерлік белсенділікті жақсарту жөніндегі шаралар туралы" деген тақырыпқа арналды. Бірақ осы айтылғанның өзінен экономиканы ілгері сүйреп келе жатқан қазақстандық бизнесмендердің жағдайы қазіргі күйзелісті шақта ауыр болып тұрғанын аңғарасыз. Олар қолдауды қажет ететіні сөзсіз, өз өнімдерін жаһандық нарықта ілгерілетуде мемлекеттен көмек күтеді.

Ал осы сұранысқа жауап беруге тиісті шенеуніктер не істеуде? Білсеңіз, бас шайқайсыз! Олардың тірлігі тіпті Украинадағы соғыс жүріп жатқан облыстардан да нашар болып шықты. Мұны басқа емес, мәжілістің вице-спикері, ҰҚК генералы Владимир Божко мәлімдеді.

Ол ауыл шаруашылығы, сыртқы істер министрліктері, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін халықаралық деңгейде қорғауға жауапты және сол үшін ақша алып отырған басқа да мемлекеттік құрылымдарды қатты сынады. Бұлар қазақстандық өндірушілерді ілгері жылжыту бойынша өздеріне жүктелген басты міндетті ұмыта береді деп бағалады вице-спикер.   

"Биылғы жылғы қаңтарда Германияда ашылған Ауыл шаруашылығының дүниежүзілік көрмесіне шамамен 90 ел қатысты. ГФР парламенті – Бундестагтағы әріптестерімізбен кездескеннен кейін мәжіліс делегациясы осы көрмені аралады. Онда Қырғызстанның, Әзербайжанның, Беларусьтің, Өзбекстанның, Моңғолияның, Еуропа, АҚШ, Африка елдерінің, тіпті Украинаның барлық облыстарының, соның ішінде соғыс жүріп жатқан Луганск пен Донецк облыстарының да стендтері қойылған. Біз жаһандық көрмені бастан-аяқ адақтап шығып, Қазақстанның бірде бір өкілін таба алмадық! Оу, сонда Қазақстанның агроөнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машинажасау секторының өнімдерін халықаралық нарықта қалай ілгерілетпекшіміз? – деп ашынды Владимир Божко.  

Қазақстандық бизнестің жағдайы мәз еместігін ұлттық экономика министрі де мойындады. Оның айтуынша, отандық шағын және орта кәсіпорындардың көбі сәби шағында "шетінеп" кетеді екен.

"Шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдаудағы басты мәселе – оның өмірін сақтап қалу болып табылады. ШОБ-ты құру оңай, себебі, үкімет парламенттен тізе қоса отырып, бизнесті тіркеу үшін тамаша жағдайлар жасады. Ары қарай негізгі міндет жаңа кәсіпті жұмыс жасап тұрар күйінде сақтап қалу болады. Теорияда "Ажал алқабы" деген бар, үш жылдан кейін шағын және орта бизнестің көпшілігі осы алқапқа тап болады, өздерінің бизнес-идеяларын тауысады, бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Демек бұл жерде ШОБ өндірісінің төмендеуіне не себеп екенін анықтауымыз қажет. Бәлкім, сыртқы факторлар, мүмкін ішкі факторлар ықпал еткен шығар. Яғни ШОБ мемлекеттік қатаң реттеу факторлары салдарынан қысқаруда деуге болмайды. Олар бірін-бірі жұтып қойып, іріленуі де ықтимал", – деп жорамалдады министр.

Себебі, депутаттар шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің жыл сайын төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірген болатын. Атап айтқанда, мемлекет басшысы 2050 жылға қарай ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Онсыз Қазақстан дамыған елге айнала алмайды. Кезінде ШОБ үлесі 26 пайызға дейін барған, тіпті одан да жоғары межелерді бағындырған.

Ал 2016 жыл қорытындысында ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі еншісі 24,9% ғана болыпты. Қазір елімізде 1,1 миллион шағын және орта кәсіпкер ғана жұмыс істеп тұр. Былтырғы жылдың 9 айында олар жалпы алғанда 11,2 триллион теңгенің өнімін шығарыпты.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы" ауылда, сол сияқты қалаларда кәсіпкерлік әлеуетті дамыту, жеке ісін ашу және жүргізу үшін жағдай жасайды.

Кәсіпкерлік қызметті микрокредиттеуге жыл сайын қалаларда – 10 млрд теңге, ауылдық жерлерде – 27 млрд теңге көзделеді. Жұмысын жаңа бастаған ауылдық кәсіпкерлер үшін "Бастау Бизнес" жобасы бойынша бизнесті жүргізу негіздеріне дайындаудың бейімделген курстарынан өту мүмкіндігі бар.

Оқытуды ұйымдастыруды "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы жүргізеді. Оқыту бағдарламасы 16 мың теңге көлеміндегі бір жолғы стипендия төлеу және одан әрі қаржы мекемелерінен қаржыландыруды алу үшін дайын бизнес жоспар дайындаумен бірге бизнесті жүргізу негіздеріне бір айлық оқып үйренуді көздейді. 

2017 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен 9 060 кәсіпкер жобаларын қаржыландыру жағдайларын жақсарта алды. Арзандатылған несиелер сомасы 1,7 трлн теңгені құрады. Берілген субсидиялардың жалпы көлемі 146 млрд теңгені құрады.

"2 млн 642 мың кәсіпкер 93 млрд теңге сомаға несиелер бойынша кепілдіктерге қол жеткізе алды. Кепілдіктердің жалпы көлемі 40 млрд теңгені құрады. 103 млрд теңге сомаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 774 жобасына жетіспейтін инфрақұрылым тартылды. Жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 2,8 млрд теңге сомаға 1 132 мемлекеттік грант берілді, моноқалаларда жеке іс ашу және оны кеңейту үшін   4,7 млрд теңге сомаға 1 284 шағын несие берілді" деп мәлімдеді министр Тимур Сүлейменов.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев ауыл-аймақтардағы кәсіпкерліктің хал-жағдайына зерттеу жасап қайтқандарына тоқталды.

"Менің өзім 7 өңірде болдым. Мысалы, ауылдықтар айтады: "Мал өсіруді білем, бірақ одан қалай ақша жасау жайын білмеймін" дейді. Соған байланысты мемлекеттік қолдау шараларын, "Бастау Бизнес" жаңа бағдарламасы аясындағы шаралар мәнін түсіндірдік. Айта кетсем, бұл Астанадағы кабинетте отырып жасалған құжат емес, ауыл-өңірді аралап, нақты сұраныс зерттелгеннен кейін барып, түзілген бағдарлама. Біздің "Атамекен" аудандық жерлерде бизнесті дамытудың экожүйесін қалыптастыруға кірісті. Оның бір элементі – "Бастау мектебі" болады. Екіншісі – микрокредит беру жүйесі болмақ. Былтыр "Атамекен" микроқаржы ұйымын ашқанбыз. Ол арқылы барлық жерде 6 пайызбен несие беруге кірісіп жатырмыз", – дейді Эльдар Жұмағазиев.

Ұлттық палата экожүйе аясында кәсіпкерлердің алдынан шығатын әкімшілік кедергілерді жою мақсатында жергілікті әкімдік, прокуратура және КҰП-тың өңірдегі өкілінің үшжақты комиссиясын құруда екен. "Әйтпесе, жергілікті жерлерде кәсіпкерлер өз проблемасымен әкімдікке де, прокуратура ғимаратына да кіре алмайды, айта алмайды. Ал мына комиссия олардың шағымдарын білуге, кәсіп ашуға не кедергі екенін түсінуге жәрдемдесетінін айтты ұлттық палата басшысының орынбасары.

Қазақстан фермерлері одағының басшысы Әуезхан Дәринов те "үкімет сағаты" кезінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты шағымын жеткізді.

"Шаруа қожалығының табыс айналымы 30 мың айлық есептік көрсеткішпен, яғни шамамен 68 миллион теңгемен шектелген, егер одан асып түссе, арнаулы салықтық режімнен айырылады. Қазір әрбір шаруа қожалығы 3,5 мың гектар жерді өңдеуге қақылы. Одан шамамен 30,5 мың тонна өнім алады. Бір тоннасы орташа алғанда 50 мың теңге тұрса, кірісі 150 миллион теңгеге кетіп қалады. Демек, ол енді үлкен алымдар астында қалады. Біз жаңа министрге осы бойынша өтінішімізді айтқанбыз, бірақ оның айналасында "ескі" департамент директорлары отыр, олар министрді "жағдайды осы қалпында қалдырсақ, бәрі гүлденеді" деп сендіреді. Гүлденбейді!" – деп шорт кесті Әуезхан Дәринов.

Фермерлер одағының басшысы тағы бір проблеманы көтерді: "Шынжыр табан тракторлардың не екенін ауылда өскендердің бәрі біледі. Ұлттық экономика министрлігі оны "көлік құралы" деп санап, тиісті салық салуда. Жыл болды, мұның тасымалдау көлігі еместігіне көздерін жеткізуге тырысып, күш салудамыз. Бұл – суландыру үшін қыста алқапқа қар үйетін, басқа да мақсатта тек егістікте пайдаланылатын машина. Және онда қазір ешкім де жұмыс жасағысы келмейді. Себебі, оның шығаратын шу деңгейі өте алапат, адам шыдамайды. Мен министрді, департамент директорларын ауылға келіп, осы трактор ішінде он-ақ минут отыра тұруға шақырамын деген Әуезхан Дәринов бұл техникаға үлкен салық салу орнына оны субсидиялау керектігін, ал оны жүргізетін тракторшыларға жаппай орден беру қажеттігін айтты.

"Дұрыс – деп құптады мәжіліс вице-спикері Владимир Божко жүзін суытып. – Алыңыз да ұзағыраққа отырғызыңыз! Саңырау болып қалса, сонда ғана сіздерді жақсы түсінетін болар!"

Бұдан асырып айту мүмкін емес шығар.

Бақыт Көмекбайұлы  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу