Кәсіпкерге арналған миллиард

3000

Алматыда азық-түлікпен айналысатын кәсіпкерге төмен пайызбен несие беріледі.

Кәсіпкерге арналған миллиард

17 ақпан күні премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен барды. Сапар барысында елбасы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырған міндеттермен таныстырды. Оның ішінде өнім өңдеу деңгейін арттыру қажеттілігі, тиімді сақтау жүйесін құру, тауар тасымалдау мен өткізу, еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік шығанды азайту, сондай-ақ Made in Kazakhstan органикалық брендін көпшілікке дәріптеу және экспорттық әлеуетті арттыру бар.

Алайда дәл қазір Finprom.kz сараптамалық порталы сарапшыларының бағалауына сүйенер болсақ, елдегі азық-түлік өндіру нарығы өндіріс құнының өсуі мен шынайы сатып алу сұранысының төмендеуіне тәуелді болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, өткен жылы өндірістің негізгі құралдары айтарлықтай қымбаттаған. "2016 жылы азық-түлік өнеркәсібіне арналған шикізат пен жабдық 33%-ға күрт қымбаттаған. Ол 2015 жылғы 6%-бен салыстыруға келмейді".

Оның ішінде импорттық шткізатты жеткізушілердің бағасы және азық-түлік өндірушілеріне арналған жабдықтар қатты қымбаттаған. ТМД елдері кәсіпорнынан шығарылатын өндірістік-техникалық мақсаттағы өнім бағасы 42,5%-ға, ТМД елдерінен басқа елдердегі баға 56,4% өскен. Бұған теңге бағамының төмендеуі себеп болды. Ал жергілікті жеткізушілер бағаны ұстап тұруға тырысты, сөйтіп 2016 жылғы өсім 21,7% болды.

Бұл, әрине, өнімнің сату бағасының өсуіне бір себеп болды.

"2016 жылы өндірушілер бағасының артуы 2015 жылы теңге құнсызданған кездегі қарқыннан едәуір асты", – дейді Finprom.kz сарапшылары.

Сонымен бірге сарапшылардың айтуынша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша елдегі кәсіпорындарда өндірілген азық-түлік бағасы импорттық өнімге қарағанда айтарлықтай өскен. 2015 жылғы мәліметтермен салыстырар болсақ, ол 17,6%-ға өскен. Қазақстаннан тысқары жерлердегі дайын азық-түлік бағасы 8,5%-ға қымбаттаған.

Жоғарыдағы айтылғандарға қарамастан, ойыншылар өнімді шығару қарқынын ұстап тұруға тырысады.

"2016 жылы азық-түлік өндірушілер өнім шығарудың жеке көлемін 3,9%-ға арттырған. Алайда өсу қарқынын ұстап тұру оларға оңай болып тұрған жоқ. Нарықтың белсенді қатысушылары 2016 жылы соңғы бес жылда болмаған 11%-ға жетті", – дейді Finprom.kz сарапшылары. Сонымен бірге олар азық-түлік өндірісі Қазақстанның 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бес басым саласының бірі екенін айтады.

2017 жылы Алматының жағдайын "Даму" қоры және қала әкімдігі арқылы жақсартпақ. Осы үшін "Алматы Өнім" аймақтық бағдарламасы әзірленді. "Даму" қоры өкілдерінің айтуынша, бұл бағдарлама азық-түлік белдеуін құру мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруы тиіс.

"Даму" қоры және әкімдік өкілдері бағдарламаның жаңа талаптары туралы айту үшін кәсіпкерлерді Қазақ аграрлық университетіне жинады.

"Даму" қорындағылар жаңа бағдарлама өндірушілерге өнімді өткізу мәселесін шешуге көмектесетініне сенімді. Бұл бағдарламаға артылып отырған тағы бір тиімділік – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын және олар шығаратын өнімнің санын арттыруда болып отыр.

Бағдарламаның мақсаты – азық-түлік өнеркәсібінің басым салаларында жұмыс істеп жүрген алматылық кәсіпкерлерді 1 млрд теңгеге қаржыландыру. Қаражатты қала әкімдігі мен "Даму" қоры теңдей бөлінеді. Қор құзіретін арттыру бағдарламасы бойынша бас менеджер Зарина Кәрменова "Алматы Өнім" бағдарламасын таныстыру барысында: "1 млрд теңгені "Даму" қоры бөлді. Әрине, біз тікелей несие бермейміз. Қаржыландыру серіктес-банктер арқылы іске асады. Бұл "Қазкоммерцбанк" және Халық банк", – деп нақтылап кетті.

Сонымен бірге қаражаттың көп бөлігі – 900 млн теңге – "Қазкомға" жіберілген. Ал қалған 100 млн теңгесі Халық банкте.

Шағын және орта бизнес субъектілері "Алтын Өнім" бағдарламасымен жеті жылға 100 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бірақ бұл үшін маңызды екі шарт бар екенін айтады "Даму" қоры директорының орынбасары Марғұлан Едіге: "Шағын және орта бизнес субъектісі Алматыда тіркеліп, осы қалада жұмыс істейтін болуы керек. Қазір тиімді 8,5%-дан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріліп жатыр".

"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында кәсіпкер жылдық 19%-бен несие алады, оның 7%-ын біз субсидиялаймыз. Яғни кәсіпкер іс жүзінде 12%-ды ғана төлейді. "Алматы Өнім" бағдарламасының талабымен мөлшерлеме 8,5%-дан аспайды, өндірушілер үшін бұл өте тиімді. "Рузи нан" компаниясындағылар осылайша 8 млрд теңгені үнемдеді", – дейді Зарина Кәрменова.

Алматының азық-түлік саласын жеңілдетілген талаптармен қаржыландыру туралы меморандумды қала әкімдігі мен "Даму" қоры өткен жылдың маусымында жасағанын айта кету керек. Ал бағдарлама 2016 жылдың қараша айында тағы да басқа туризм мен инновация саласын дамытуға арналған екі бағдарламамен бірге бір мезгілде іске қосылды. Әкімдік және "Даму" қоры үш бағдарламаға 4 млрд теңге бөлді. Оның ішінде "Алматы Өнім" бағдарламасына 1 млрд теңге, "Алматы – Туризм" бағдарламасына 1 млрд теңге , "Алматы Инновациялар" бағдарламасына 2 млрд теңге бөлінген.

2015 жылы "Даму" қоры мен әкімдік "Жібек жолы" бағдарламасына бөлінген 4 млрд теңгенің меморандумына қол қойған болатын. Бұл қаржы сауда саласында, қызмет ұсыну және қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерге есептелген. "Даму" қорының мәліметіне жүгінсек, "Жібек жолы" бағдарламасы аясында 77 жоба қаржыландырылған, 376 жұмыс орны сақталып, 350-ден астам жаңа позиция құрылған. Бұл бағдарламаға екінші деңгейлі 7 банк қатыстқан. Кәсіпкерлердің өтінішімен бағдарлама 2016 жылы да дәл осы шартпен жалғасты.

Элина Гринштейн

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу