Кәсіпкерлер автонесие бағдарламасын жалғастыруды сұрайды

2047

Соңғы екі-үш жылда автокөлік төңірегінде орын алған жағдайлар отандық машина жасау өнеркәсібіне кері әсерін тигізді. Ал қазақтар Ресейден жаппай автокөлік тасуға кіріскен кезде көлік сату көрсеткіші одан бетер төмендеп, компаниялардың тығырыққа тірелгені рас. 

Кәсіпкерлер автонесие бағдарламасын жалғастыруды сұрайды

Содан екі елдің үкімет деңгейіндегі келіссөздері су жаңа көліктер ағынына бірден тосқауыл қоюға көмектеспесе де, ізінше ел заңнамасына, соның ішінде сырттан келетін көліктерге қойылатын талаптарын күшейтіп, алғашқы тіркеу жарнасын енгізгеннен кейін осы саладағы жағдай тұрақталғандай болды. Ал 4 пайыздық автонесие бағдарламасын қолға алудың арқасында ел азаматтары отандық көлікті көптеп ала бастады. Бүгінде автомобиль кәсіпорындары осы бастаманы жалғастыруды сұрап отыр.

Қазақстанның автокөлік кәсіпорындары одағының төрағасы Олег Алферовтың айтуынша, өткен айда жеңілдікпен автонесие алуға арналған мемлекеттік бағдарламаның екінші траншы толығымен игерілді. Жалпы, аталған бастама аясында Ұлттық қордан 26 млрд теңге бөлінген болатын. Соның арқасында 8 мыңға жуық ел азаматы 4%-дық несиемен жеке көлік сатып алды. "Бұл бағдарлама ұлттық валютамен, яғни теңгемен берілетін несиенің тапшылығын, азаматтардың ондай қаржыға деген сұранысын көрсетті. Ашығын айту керек, осындай бастамалардың жетіспеушілігі ел азаматтарының отандық өнімдерді сатып алуына қолбайлау болып отыр", - дейді О.Алферов.

Оның айтуынша, мемлекет сол 26 млрд теңгені 4%-бен берсе де, қазірдің өзінде 1 млрд.-тан астам пайда көріп отыр. Бүгінде Еуропа елдерінде ондай бағдарламалар аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды, яғни бюджеттің ақшасымен банк шығындарын жауып, адамға көлік сатып алуға көмектеседі. Сөйтіп, үкімет машина жасау өнеркәсібін қолдайды. Бұл, көп жағдайда, қайтарымсыз ақша болып келеді.

"Бізде болса, 4%-дық автонесиеге бөлінген Ұлттық қордың қаражаты қайтарылады. Үкімет қолдау шараларын жасап қана қоймай, нақты пайыздық үстемеақыға ие болады. Демек, бұл – қайтарылатн ақша. Бағдарлама қолға алынғалы бері 7732 адам автокөлік мінді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын алғандар да бар. Сондықтан бұл бағдарлама жалғасын тапса, құба-құп. Ол халыққа да, үкіметке де, автокөлік компанияларына да тиімді. Оны ары қарай жалғастырып, қосымша қаржы бөлінсе, тағы мыңдаған қазақстандықтар өз көлігіне қол жеткізе алатын еді", - деп мәлімдеді Олег Алферов Астанада өткен баспасөз-мәслихатында.

Одақтың мәліметіне сәйкес, бүгінде отандық көлік өнеркәсібі бұрынғы көрсеткіштерге жетпесе де, қаржы айналымы жағынан фармацевтикалық саладан басып озды. Көлік саласының үлесінде 51,6 млрд теңге бар. Аталған көрсеткіш жеңіл өнеркәсіппен пара-пар. Мәселен, соңғы тоғыз айдың ішінде Қазақстандағы ресми дилерлер 30 мыңнан астам жеңіл көлік сатты. Бұл өткен жылмен сатыстырғанда, екі есеге төмен болып тұр. Дегенмен, ол көліктердің бәрі өзімізде құрыстырылған машиналар емес. 23,5 мың көлік сырттан импортталды. Ал өзімізде бар-жоғы 7,1 мың автомобиль сатып алынды. Отандық машина жасау саласы әлі күнге дейін девальвацияның салдарынан айыға алмай келеді. Қолжетімді несиелердің аздығы да кері әсерін тигізіп отыр. Себебі Қазақстанда құрастырылған көліктерді алатындардың басым бөлігі – ортанқол азаматтар. Оны "Лада" маркалы көліктің жалпы сатылым бойынша бірінші орынға шыққанынан анық байқауға болады. Сол себепті отандық автоөндіріске әлі де қолдау шаралары қажет. Қазақстанның автомобиль кәсіпорындары одағының төрағасы Олег Алферовтың сөзіне қарағанда, еліміздегі көлік шығарушы компаниялар үшін 4 пайыздық автонесие бағдарламасын жалғастырса да жетіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу