Кәсіпкерліктің көрігі қызып тұр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
2148

Түркістандықтар құс етін өндіруді де қолға алды

Кәсіпкерліктің көрігі қызып тұр

Түркістандық "Яссы нан" ЖШС Оңтүстік Қазақстан облысымен қатар көрші облыстарды да ұн өнімдерімен қамтамасыз ете бастады.

Тәулігіне 20 тонна ұн өнімін өндіретін кәсіпорында 50 адам  жұмыс істейді. 15 түрлі ұн өнімін дайындайтын зауыт 2016 жылдың ақпан айында іске қосылған. Жобаның құны - 200 млн теңгені құраған. Зауыт өткен жылы 287 654 мың теңге табыс тапқан.  

Сонымен қатар, тәулігіне 10-15 бас мал сойылатын зауытта шұжықтың 8 түрі жасалады. Мұнда мал бордақылайтын арнайы алаң да бар.

"Қазіргі таңда зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Өнімдерімізге сұраныс мол. Негізінен  Түркістан қаласы мен көрші Қызылорда облысының бірқатар аудандарын ұн өнімдерімен қамтып отырмыз", - деді "Яссы нан" ЖШС-ның бас директоры Насиба Атаева.  

Ал Түркістан қаласына қарасты Шаға ауылдық округіндегі жыл басында іске қосылған "Ерасыл" шаруа қожалығының жылыжайы 0,35 гектарды құрайды. Кореялық құрылғымен жабдықталған жылыжайдың сметалық құны 70 млн теңге. Бүгінде мұнда егілген қиярдан 36 тонна өнім алынып отыр.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының  аумағындағы жылыжайлардың жалпы көлемі 50,6 гектарды құрайды. Оның ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар 10,5 гектарға жеткен.

2016 жылы жылыжайлардан көктемгі және күзгі ауысымда орта есеппен 1040 тонна  қызанақ, 1130 тонна қияр,  90 тонна басқа да көкөністер, 200 мың дана гүл, барлығы 2260 тонна  көкөніс өндіріліпті.

"Қазақ тағамтану академиясы ұсынған тұтыну нормативіне сәйкес, қызанақтың бір адамға тұтыну нормасы 8,9 келі, қияр - 6,5 келі. Осы нормативпен алғанда қаланың 258,7 мың халқына жылына 2302 тонна  қызанақ, 1682 тонна  қияр тұтыну қажет. Қазіргі таңда жергілікті жердегі жылыжайларда өндірілген қызанақпен қала тұрғындары 45%-ға, қиярмен 67%-ға қамтамасыз етіліп отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғаяды", - дейді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.

Түркістандық кәсіпкерлер былтырдан бастап құс етін өндіруді де қолға алды. Жұмыс нәтижесіз емес. Мәселен, Түркістан қаласына қарасты Оранғай ауылындағы Арипжан Сыздықовтың "Яссы құс" шаруа қожалығы тауық еті мен жұмыртқа өндіруге кіріскен.  Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған құс шаруашылығы 2016 жылы іске қосылып, 12 мың бас етті бағыттағы және 22 мың бас жұмыртқа бағыттағы тауық өсіруде. Әзірге кәсіпорын жобаның бірінші кезеңін іске қосыпты.  2016 жылы мұнда  4,4 млн дана жұмыртқа өндіріліпті. Бұл  қала бойынша өндірілетін жұмыртқаның 30,4 пайызы.

"Жобаның ІІ-кезеңі 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп отырмыз. Жобаның құны - 312 млн теңгені құрайды. Егер екінші кезеңді іске асырсақ, қосымша 22 мың жұмыртқа бағыттағы тауық өсіріліп, жыл соңына дейін 90 тонна тауық еті және 10,8 млн  дана жұмыртқа өндіретін боламыз", - дейді серіктестік басшысы Арипжан Сыздықов.

Айта кетейік, фабрикадағы Ломан классик және Бройлер тауықтарының күтімі айрықша. Жем-су ретінде күніне 4 рет отандық өнім беріледі. Егер тауықтар өздерін жайсыз сезіне бастаса, жұмыртқа саны күрт азайып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл құстар жабық режимде ұсталады.  Ал балапан кезінен бастап бас-аяғы 40 күн ішінде 3 келіге дейін ет беретін Бройлер тауығының өнімі алдағы уақытта өңірдегі сырттан келетін тауық етінің орнын алмастырады деп күтілуде.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу