Қазақ балуаны Азия чемпионы атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4681

Күрес түрлерінен Үндістанда өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы күні қазақ балуандары бір алтын, екі күміс, бір қола медаль жеңіп алды.

Қазақ балуаны Азия чемпионы атанды Фото: kfb.kz

Нью-Делидегі Азия чемпионатында әуелі боз кілемге рек-рим күресі шеберлері шықты. Бірінші күні жолымыз болып, үш балуанымыз финалға шығып, екеуі қола жүлде үшін күресті.

75 келіде ел намысын қорғаған Мақсат Ережепов алғашқы айналымда қырғыз балуаны Б.Биешалиевті 5:0 есебімен жолынан тайдырды. Ширек финалда боз кілем иесі, Үндістан үміті Синх Гурприттен 8:6 есебімен басым түсті. Жартылай финалда Қытай қыраны Вин Янгті жықты (есеп – 6:1). Ал финалда Оңтүстік Корея оғланы Даесунг Паркты 5:0 есебімен жеңіп, 2017 жылғы Азия чемпионы атанды. Мақсат мақсатына жетті – чемпион!   

66 келідегі Алмат Кебіспаев боз кілемге ширек финалдан бастап шықты. Әуелі Қытай балуанынан басым түсті (8:0). Жартылай финалда жапон жігіті Шого Такахашимен біраз тер төгуге тура келді. Әйтсе де, Алмат 6:4 есебімен жеңіп, финалға шықты. Шешуші белдесуде Кебісбаев та Оңтүстік Корея балуанымен кездесті. Белдесу 1:1 есебімен аяқталғанымен, төрешілер жеңісті Сангхунг Охқа берді. Кебісбаев – күміс жүлдегер!

130 келідегі Дамир Күзембаев үнді кілеміндегі Азия чемпионатын жартылай финалдан бастады. Өзбек алыбы Муминжон Абдуллаевпен белдесіп, сәл-пәл басымдықпен финалға өтті. Финалда Ираны мақтанышы Бехнам Мехдизадехке 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Күзембаев та күміс алды!

98 келіде бақ сынаған Ерұлан Ысқақов бірінші белдесуінде Иран балуаны Сейдмостафа Салехизадехтен ұтылып қалды. Бірақ қарсыласы финалға шыққандықтан, қола жүлде үшін белдесу мүмкіндігіне ие болды. Жұбаныш белдесуінде Үндістан спортшысы Х.Хардиптен үстем түсті (9:0). Ал үшінші орынды Қытай қыранымен сарапқа салып, 5:1 есебімен жеңіске жетті. Ерұлан – қола жүлдегер!

80 келідегі Даниял Гаджиев ширек финалда тәжік Шухрод Абдулхаевты кілемге аунатты (9:0). Бірақ жартылай финалда Иранның білекті жігіті Рамин Тахерисартангқа 1:3 есебімен есе жіберіп қойды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде қырғыз Самат Ширдаковқа шамасы жетпеді. Сөйтіп, 5-орынды қанағат тұтты.

Бүгін грек-рим күресі шеберлері үш салмақ дәрежесінде, ал қыз-келіншектер екі салмақта белдесіп жатыр. Біреуі финалға шығып, енді біреуі қола жүлде үшін белдесетін болды... Ал Азия чемпионаты 14 мамырда аяқталады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу