Қазақ боксшыларының Ташкент төріндегі алғашқы жеңістері

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2552

Өзбекстан астанасында бокстан Азия чемпионаты басталып, күрзі жұдырықты жігіттеріміз қарсыластарын жайпай бастады.

Қазақ боксшыларының Ташкент төріндегі алғашқы жеңістері

Ташкенттегі "Өзбекстан" спорт кешенінде бокстан ХХІХ Азия чемпионаты басталып, ендігі ширек финалға шыққан боксшылардың алдыңғы легі анықтала бастады. AIBA ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, "Сарықұрлық" біріншілігіне 28 мемлекеттен 179 боксшы келіп тіркеліпті.

ХХІХ Азия чемпионатында 10 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ең бастысы, 23 тамыздан бастап, 4 қыркүйекке дейін Гамбургте өтетін әлем чемпионаты лицензиялары сарапқа салынады. Нақтырақ айтқанда, әр салмақ дәрежесінде алғашқы алтылыққа іліккен 60 боксшы әлем чемпионатында бақ сынау құқығына ие болады.

Бірден айтайық, біздің боксшылардың біреуі ғана (атап айтқанда – Бекдәулет Ибрагимов) Азия чемпионатын 1/16-финалынан бастады. Көбісі рингке 1/8-финалынан бастап шығып жатыр. Ауыр салмақтардағы боксшылардың санына және рейтингісіне байланысты Василий Левит өз қарсыласын ширек финалда "тосып отыр" (Ал оның қарсыласы кеше анықталып, өзбек Санжар Тұрсыновпен жұдырықтасатын болды).

Жалпы, қазақ боксшылары алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді. Тіпті қарсыласын нокдаунға түсірнгендері де бар. Атап айтқанда, 75 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап жатқан Әбілхан Аманқұл Қытай боксшысы Юн Хан Венді есеңгіретті. Алайда қарсыласы жаны сірі жігіт екен, жекпе-жек аяқталғанша құлап қалмай, шыдап бақты. Әрі Әбілханға да бапкерлеріміз "жекпе-жекті тез аяқтамай, үш раунд толық тер төгу керек" деп тапсырма беріпті... 

49 келі салмақ дәрежесіндегі Жомарт Ержанды ертең өте маңызды жекпе-жек күтіп тұр. Ол кеше Тайпей тарланы Хон Да Линді жеңді. Енді өзбек халқының бүгінгі таңдағы мақтанышы, Рио Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері, 2015 жылғы Азия чемпионы Хасанбой Дусматовпен кездеседі.

64 келі салмақ дәрежесіндегі Бекдәулет Ибрагимов Ташкент шаршы алаңына тіпті екі рет шығып үлгерді. Сәуірдің соңғы күні Хир Азмиді (Малайзия) тізе бүктірсе, кеше Азия чемпионаты жүлдесінен үмітті боксшының бірі Обад Алкасбехтен (Иордания) басым түсті.

56 келі салмақ дәрежесіндегі Қайрат Ералиев те құрлық біріншілігін жеңіспен бастады. Азия чемпионатының бас жүлдесінен үмітті жігіттеріміздің бірі Марио Баутистаны (Филиппин) басым түсіп, ширек финалға шықты.

Бүгін бес боксшымыз шаршы алаңға шығады:

52 келі: Азамат Исақұлов – Танес Онгжунта (Таиланд)
60 келі: Әділет Құрметов – Алназинул Отман (Малайзия)

69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Хирояки Кино (Жапония)
81 келі: Ерік Әлжанов – Еркин Абдылбекуулу (Қырғызстан)
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Ерболат Түлек (Моңғолия)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу