Қазақ дзюдошылары жалпы командалық есепте – бірінші орында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3730

Тунисте әлемдік Гран-при сериясының бірінші кезеңі аяқталып, Қазақстан құрамасының жігіттері екі алтын, үш қола жеңіп алды.

Қазақ дзюдошылары жалпы командалық есепте – бірінші орында

Тунисте өткен Гран-при сериясының бірінші кезеңіне әлемнің 46 мемлекетінен 335 балуан қатысыпты. Бұл ақпаратты Халықаралық дзюдо федерациясының ресми сайты жариялады. Ал жалпы командалық есепте Қазақстан дзюдошылары топ жарды.

Бұл шынымен де, қазақ дзюдошыларының айы оңынан туған турнир болды. Татамидегі тарланбоздарымыз екі алтын, үш қола еншілеп, қуанышқа бөледі. 73 келі салмақ дәрежесінде Жансай Смағұлов қарсылас шақ келтірмеді. Финалда Косова балуаны Акус Кгакованы жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

90 келі салмақтағы Ислам Бозбаевтың жеңісіне көпшілік сүйсіне қол соқты. Финалда Венгрия балуаны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Кристиан Тотты алып ұрып, алтынмен апталды. Ал қола жүлдеге Ғұсман Қырғызбаев (60 келі), Ерлан Серікжанов (66 келі) және Виктор Демьяненко (100 келі) сынды балуандарымыз ие болды.

Жалпы командалық есепте Қазақстан балуандары 2 алтын, 3 қола жүлдемен бірінші орынға ие болды. Негізі, Туниске біздің құрама 13 дзюдошы апарған болатын. Олардың бесеуі жүлдеге ілікті. Ал Гран-При сериясының екінші кезеңдік белдесулері 10-11 ақпан күндері Парижде өтеді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу