Қазақ футболының додасы алаң сыртында қызып тұр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1809

Қыс пен көктем түйісінде қар еріп, жауын жауып, жел соқты. Ал Қазақстан футболында көпшілікті таң қалдырған бірнеше шешім қабылданды.

Қазақ футболының додасы алаң сыртында қызып тұр Фото: today.kz

Ұлттық құрама тізгіні Бородюкке берілді

Қазақстан футбол федерациясының осы аптада мамандар мен жанкүйерлерді таң қалдырған бірінші шешімі – еліміздің ұлттық құрамасының тізгінін Ресей маманы Александр Бородюктің қолына ұстатуы болды.

"Қазақстан футбол федерациясының басшылары мен бапкерлер кеңесі Александр Генрихұлының ұлттық құрамалармен жұмыс істеген тәжірибесіне, біздің елдің футболымен жақсы таныс екендігіне көңіл бөлді", – деп жазды ұлтық федерациясының ресми сайты.

Еңбек келісімінің мерзімі үш жыл екен. Алдына қойылған мақсат – буын алмасы үдерісін аяқтау, ұлттық құрама сапына жастарды тарту, жергілікті таланттардың бағын ашу. Қандай да бір нәтиже мен жетістікке қол жеткізу жайлы бір ауыз сөз жоқ. Қазақстан жанкүйерлеріне түсініксізі де осы болып тұр.

Ал ұлттық құраманың бұған дейінгі бас бапкері Талғат Байсуфинов ше? Талғат Маруанұлына ҚФФ техникалық директоры лауазымы ұсынылыпты. Енді ол 17 жастағы жасөспірімдер құрамасынан бастап, ұлттық құрамаға дейін командалармен жұмыс жасайды екен.

Айсұлтан Назарбаев – ҚФФ вице-президенті

Қыстың соңғы күні Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті бас қосып, Айсұлтан Назарбаевты ҚФФ вице-президенті міндетін атқарушы қызметіне бекітті.

Ал бір тәуліктен кейін Айсұлтан Назарбаевтың өзі әлеуметтік желідегі (Фейзбуктегі) жеке парақшасына ҚФФ вице-президенті болып тағайындалғаны жөніндегі пікірін жазды. Бірінші кезекте көпшіліктің "міндетін атқарушы" деген қосымша сөз тіркесіне ден қоймағанына айрықша тоқталды.

Әрі арнайы заң жүзіндегі рәсімдерден өтуі керектігін, олар толық жүзеге аспай, вице-президент емес екендігін де айтып өтті. Әйтсе де, федерацияға келген жаңа басшылармен  кездескенін, ашық сөйлескенін бүкпесіз жазды.

Футболдың өзі алаңға шыққанда, команда болып бірігуге үйрететінін тілге тиек ете отырып, өзінің жеке басының мүддесін мүлде ойламайтынын һәм өзінің қатардағы жұмысшы екенін тізіп шықты. Өзінің отандық футбол оппозиционері емес екенін де көрсетуге тырысты.

Ең соңында "менің алдағы мақсатым – бәрін іштей танып білу, қызметке бекіту рәсімінен өту, жұмыс стратегиясын жасап, келісіп алу. Мен пікір алмасуға қарсы емеспін. Футболымыздағы күрмеуі күрделі барлық мәселені маған аудармаңыздар. Менің атқаратын міндетіме қатысты өз ойларыңыз бен пікірлеріңізді жазыңыздар. Мен бәрінде дерлік оқимын", – деп аяқтады өз жазбасын.

Доп додасы басталмай жатып, "Атырау" тоғыз ұпайынан айырылды 

Көктемнің бірінші күні тағы бір шешім жарияланып, қазақ футболы жанкүйерлерін жай оғындай селт еткізді. ҚР Кәсіпқой футбол лигасы ел біріншілігі басталмай жатып, "Атырау" футбол клубының тоғыз ұпайын шегеріп тастады.

Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы FIFA Тәртіптік комитетінің шешімін орындау қажеттігі негізінде, Қазақстан футбол федерациясының "Атырау" клубынан тоғыз ұпай шегеріп тастау жөніндегі өтінішін жүзеге асырып, осындай қатаң шешім шығарды.

Өйткені бұл команда қарызын дер кезінде өтемепті. Дәлірек айтқанда, Джонатас Рикардо Соуза да Коста есімді ойыншыға берешегі үшін үш ұпайынан, ал Зоран Филипович деген бапкерге қарызы үшін алты ұпайынан айырылды.

Әрине, бұл шешім "Атырау" футбол клубына ұнамады. Батыс командасы "бұлқынды". Әрі келсіпейтінін білдіріп, ресми мәлімдеме жариялады. Тіпті мән-жайды түсіндіріп шығуға тырысты.

Зоран Филипович "Атырау" клубында 2011-2012 жылдары бас бапкер болып жұмыс істеген. Жалақысын дер кезінде ала алмаған сияқты. ФИФА футболшылары мәртебесі жөніндегі комитет 2013 жылдың 2 қазаны күні "Атырау" облыстық футбол командасы" ЖШС-інен Зоран Филиповичке берешегін өндіріп беру туралы шешім шығарған екен.

Алайда кейіннен бұл бапкер ақшасын алған сияқты. "Атырау" клубы жоғарыда аталған бапкерге берешек қаржысының төленгендігін дәлелдей алатын қаржылай құжаттар бар екенін алға тартып отыр. "Зоран Филипович ақшасын 2014 жылдың 24 маусымы күні Астана қаласында төлем карточкасы арқылы кассадан алған", – дейді "Атырау" футбол клубы.

Осыған байланысты "Атырау" футбол клубы Швейцарияның Лозанна қаласындағы спорттық төрелік сотқа апелляциялық шағым түсірген. Яғни Филиповичке қарыз емеспіз деп отыр.

Ал 2011-2012 жылдары өз құрамында ойнаған Рикардо Соуза да Костаға әлі қарыз сияқты – 36 063 еуро (11 940 098 теңге 67 тиын). Бұл клуб дауларды шешу палатасының осы футболшыға берешегін төлеу туралы 2015 жылдың 19 ақпанында шығарған шешімін орындамаған. Сол үшін ФИФА тәртіптік комитеті 2016 жылдың 27 қазанында шешім шығарып, клубтың үш ұпайын шегеру түрінде жаза қолданылған.

Бұл даудың арты не болары белгісіз. Жағдай тым шиеленісті. "Атырау" алты ұпайын қайтарып ала ма, жоқ әлде, тоғызына да қол жеткізе ме, дөп басып айта алмаймыз. Ең бастысы, қарызын өтеуі керек. Бұрын неге төлемеген? Ол да – жұмбақ. Жалақыларын төлей алмаса, шетелдік қымбат бапкерлер мен футболшыларда несі бар?! Сұрақ көп...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу