Қазақстан: Дамыған 30 елдің қатарына қосылуға құқықтық базасы дайын ба?

3060

Астанада халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдердің қатысуымен елдегі адам құқықтарын қорғау жүйесін ұлттық деңгейде жетілдіруге, сонымен қатар азаматтық, саяси, әлеуметтік және экономикалық құқықтар мен бостандықтарды қорғауды әрі қарай дамыту жолдарын ұсынған конвенциялық мекемелердің ұсыныстары талқыға салынды. 

Қазақстан: Дамыған 30 елдің қатарына қосылуға құқықтық базасы дайын ба?

Терроризмге қарсы күрес туралы заңнама қарапайым халыққа тиіп кетіп жатыр

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтистің пікірінше, біздің елде қандай да бір заңнаманың тек қана үкіметтік мекемелер тарапынан дайындалатыны заңнаманың объективтілігінде белгілі бір кемшіліктерге жол ашып отыр.

"Кез-келген заңның екі функциясы болады. Біріншісі - азаматтардың еркіндігін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен конституциялық құқықтарын қорғау болса, екіншісі - қандай да бір қауіптің алдын-алуды мақсат ететін профилактикалық сипаты. Осы орайда таяуда Парламентте қаралған "Терроризмге қарсы" заң жобасы тек терроризмге қарсы күресті ғана қарастырады. Ал болуы мүмкін қауіптің, не болмаса қоғамда лаңкестік әрекеттердің болуын алдын алатын нормалар бұл заң жобасының мәтініне енгізілмеген", - дейді Жовтис.

Заң жобасының шығарылуындағы мұндай келеңсіздіктер,  Жовтис мырзаның айтуынша, заң шығарудың бастапқы кезінде мәтінді дайындауға азаматтық қоғам өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың қатыспауынан шығады. Яғни, қандай да бір заң көп жағдайда министрліктер мен белгілі бір ведомство тарапынан дайындалғандықтан, халықтың ішіндегі нақты мәселелер ескерілмей қалып жатады.

Бюро директорының сөзіне сүйенсек, жоғарыда аталған заңнама терроризмге қарсы күреске емес, халықтың конституциялық құқын шектеуге бағытталған. "Қандай да бір заңның екі түрлі функциясы болады. Біріншісі – азаматтардың бостандығын қамтамасыз ету мен конституциялық құқықтарына кепілдік беру болса, екіншісі – қандай да бір қатердің алдын алу және халықты одан қорғау. Осы орайда, жоғарыда аталған заң жобасы осы екі қызметін қатар атқаруға қауқарсыз. Ондағы нормалар тек лаңкестікпен күреске бағытталған да, оны алдын алу шаралары қарастырылмаған", - дейді Е.Жовтис.

"Тіпті, лаңкестікке қарсы күреске негізделген заңнама лаңкестерді тыю былай тұрсын, халықтың күнделікті құқықтарын шектеуі мүмкін. Оған себеп бірінші кезекте аталған заң жобасын ішкі істер министрлігі секілді қарулы күштер ведомствосы дайындағандықтан, заң жобасы профилактикалық емес, жазалаушы сипатқа ие", - деп түйіндеді өз сөзін Евгений Жовтис.

Экономикалық сипаттағы заңнамаларда халықаралық ұйым ұсыныстары ескерілуде

Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заңнама мәтіндерінің бәрі тек Үкіметтік мекемелер тарапынан дайындалып жатыр деуге келмейді. Соңғы бірер жылда депутаттар да өз беттерімен бастама көтеріп, оны заң жүзінде қабылдауға атсалыса бастады. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар мен бағалау мекемелерінің ұсыныстары мен ескертулері де елеусіз қалып жатқан жоқ.

"Құқықтық саясатты зерттеу орталығы" директорының орынбасары Татьяна Зиновичтің айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік билік бірінші кезекте экономикалық көрсеткіштерді маңызды санағандықтан, елде халықаралық талаптар мен стандарттар дереу іс жүзінде орындалып жатады. Осы орайда Қазақстан парламенті барынша ашық және сырттың пікірімен санасуға дайын.

"Мәселен, таяуда Қазақстанда қабылданған "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңды мен азаматтық қоғам мен халықаралық құқықтық ұйымдардың үлкен жетістігі дер едім. Өйткені, бұл заң тікелей халықаралық тәуелсіз ұйымдардың ұсынысы бойынша қабылданды. Рас, заңды мінсіз дей алмаймыз. Заңның өзі қабылданғанымен, ондағы "шет елдік мәліметтерге қолжетімділік" туралы пункт енгізілмей тасталды. Дей тұрғанмен, алға ілгерілеушілік жоқ емес", - дейді директордің орынбасары.

Қазақстанның бірінші кезекте экономикалық сипаттағы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруі, әрине, сарапшылардың да, қарапайым халықтың да көңілінен шығатыны анық. Дегенмен, шараға қатысқан халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар құқықтық сипаттағы заңнамалардың жабық күйде және қоғамның талқылауынсыз қабылданып кететініне қынжылады.

Осы орайда, жиынға қатысушы сарапшылар Қазақстан парламентариясы мен үкіметтік ведомстволардың заң жобасын дайындау мен оны қабылдау кезінде, заңның мәтіні дайындалып жатқан кезеңінен бастап оны талқылау мен соңғы қабылдауға дейінгі аралықта азаматтық ұйым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың еркін қатысуына мүмкіндік берсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу