Қазақстан клубтары Еурокубок додаларын бастайды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1507

Бүгін Ньонда Еуропа кубоктары додасының бірінші және екінші іріктеу сатысындағы жеребесі тартылады.

Қазақстан клубтары Еурокубок додаларын бастайды

Чемпиондар лигасында – "Астана"

Биыл да Чемпиондар лигасында біздің елдің намысын "Астана" қорғайды. Себебі былтыр ел чемпионатында топ жарып, алтынмен апталған. Әрі УЕФА-ның мәртебелі лигасын екінші електік кезеңнен бастайды.

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу сатысында 10 команда додаға түседі. Олар – УЕФА рейтингісінде коэффициенттері (ұпайлары) төмен елдердің чемпиондары. Атап айтқанда, Армения, Эстония, Уэльс, Солтүстік Ирландия, Мальта, Андорра, Фарер аралдары, Сан-Марино, Гибралтар және Косова клубтары.

Екінші іріктеу сатысында 34 клуб бақ сынайды. Бірінші електен өткен бес командаға 29 елдің чемпионы қосылады. Бұлардың арасында "Астана" да бар. Ең бастысы, Қазақстан чемпионы – бірінші електе. Яғни деңгейлері һәм коэффициентері жоғары 17 клубтың қатарына 11-болып ілігіп отыр. Нақтырақ айтқанда, бірінші електік кезеңде "Селтик", АПОЭЛ, "Марибор", "Зальцбург" және басқа да азулы командалармен кездеспейді.

Еуропа кубоктарының ойындары "үйде және түзде" жүйесімен өтеді. Екінші електік кезеңнің ойындары келесі айда өтеді. 11-12 шілде күндері бірінші ойындар, ал 18-19 шілде күндері қарымта матчтар өтеді. 

"Қайрат", "Ертіс" және "Ордабасы" – Еуропа лигасында

Еуропа лигасына біздің елден үш команда қатысады. Олар – өткен маусымдағы ел чемпионатының күміс және қола жүлдегерлері, сондай-ақ төртінші орынға ие болған – оңтүстікқазақстандықтар. Төртеуі де биылғы Еурокубок додасын бірінші іріктеу кезеңінен бастайды.

Еуропа лигасының да алғашқы елегінде 100 команда додаға түседі. Қазақстан командалары мұнда да "екшелгендер" тізіміне енді. "Қайрат" 22-ші, "Ордабасы" 41-інші, ал "Ертіс" 49-ыншы болып, бірінші қоржындағы 50 команданың қатарына ілікті. Яғни деңгейі өздерінен төмендеу (немесе жоғары емес) командалармен кездесу ықтималдығы басым.

Еуропа лигасының ойындары осы айда басталады. Бірінші електік кезеңнің кездесулері 29 маусым күніне, ал қарымта матчтар 6 шілдеге белгіленген.

Екі лигада да әрбір жеңіс және тең ойын үшін команда мен мемлекет еншісіне ұпай (коэффициент) жазылады. Сондай-ақ әрбір іріктеу сатысынан өткен сайын, клуб қоржынына ақша бөлінеді. Ол қаржы маусым соңында қосылып-қорытындыланып, әрбір клубтың есеп-шотына аударылады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу