Қазақстан құрамасы ширек финалға шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3202

Теннисші жігіттеріміз Дэвис кубогының 1/8-финалында Швейцария құрамасынан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Қазақстан құрамасы ширек финалға шықты

Қазақстан – Швейцария теннисшілері арасындағы кездесу үш күнге созылды. Бұл Девис кубогының 1/8-финалы аясындағы матч болатын. Қонақтар Роджер Федерер және Стэн Вавринка секілді әйгілі жұлдыздарын әкелмегендерімен, табан тіресе додаға түсіп, намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірақ біздің теннисшілердің деңгейлері сәл де болса, жоғары екендігі байқалып тұрды. Әрі өз жанкүйерлеріміздің көз алдында бар күш-жігерлерін салып, жанкештілік танытты.

Бірінші күні екі кездесу өтіп, екеуінде де Қазақстан құрамасының жігіттері жеңіске жетті. Дмитрий Попко (ATP рейтингісінд 248-орында) қонақтардың ең үздік ойыншысы Генри Лааксоненнен (№118) басым түсіп, көрермендерді қуанышқа бөледі. Есеп – 6:2, 7:6 (9:7), 3:6, 7:5.

Бұдан кейін кортқа Михаил Кукушкин (№69) және Адриан Бодмер (№467) шыққан болатын. Бұл матчта Қазақстан құрамасының лидері басым түсетіндігіне ешкім де шүбә келтірген жоқ болатын. Алайда Швейцария теннисшісі де аянып қалмады. Бірақ бір сетте жеңіске жеткеннен әріге бара алмады. Есеп – 3:6, 6:3, 6:2, 6:3.        

Екінші күнгі жұптасып ойнау додасы шектен тыс шиеленісті өтті. Осы ойында жеңілсе, жалпы есепте жеңіске жете алмайтындарын білген Швейцария құрамасының теннисшілері қамшыны басты. Әйтсе де, Александр Недовесов (№234) және Тимур Хабибулин (№783) жұбы сенімді ақтай білді. Марк-Андреа Хуслер (№601) және Лука Маргароли (№846) жұбы жігерлік танытқандарымен, есепті қысқарта алмады. Қазақстан жұбы шешуші сәтте таразы басын өздеріне аудара білді – 6:4, 6:4, 3:6, 6:7 (5:7), 6:3. Сөйтіп, сенбі күні-ақ ширек финал жолдамасына қол жеткізді.     

Бұдан кейінгі екі ойынның маңызы аса зор болмаса да, біздің жігіттер босаңсыған жоқ. Рас, команда капитаны төртінші ойынға Роман Хасановты (№711) шығарып, жас теннисшімізге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, ол Марк-Андреа Хуслерге (№601) қайрат көрсете алмады. Есеп – 3:6, 1:6. Әйткенмен, тәжірибе жинақтап, ысыла түсті деп ойлаймыз.

Жұма күні Қазақстан құрамасының жеңісті жолын бастаған Дмитрий Попко осы кездесудің нүктесін де өзі қойды. Соңғы ойында Адриан Бодмермен кездесіп, жеңіске жетті – 7:6 (7:5), 1:6, 10:6.   

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Швейцария теннисшілерін 4:1 есебімен тізе бүктірді. Әрі ширек финалға шықты. Енді олар Хорватия қырандарымен кездеседі. Бұл кездесу түзде өтеді. Осы ретте айта кетейік, хорваттар 1/8-финалында Канада құрамасынан басым түскен болатын.   

Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев теннисшілерімізге риза болғандығын, олардың жанкештілік танытқандағын баса айтты. Швейцария құрамасының оңайшылықпен беріспеуге тырысқандарына да айрықша атап өтті. Әрі теннисшілерімізді қолдап, жігерлендіріп отырған көрермендерге де алғыс айтуды ұмытқан жоқ.

Ширек финалдық басқа жұптарда Франция – Италия, Испания – Германия, АҚШ – Бельгия құрамалары кездеседі. 1/4-финалының ойындары 6-8 сәуір күндері өтеді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу