Қазақстан құрамасын өзбек ұшағы да ұшпаққа жеткізбеді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2622

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы түзде Румыниядан ұтылып қалды.

Қазақстан құрамасын өзбек ұшағы да ұшпаққа жеткізбеді Фото: kff.kz

Румынияда да жеңілістің кермек дәмін таттық
Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы тоғызыншы кездесуін Румынияның Плоешти қаласында өткізіп, 1:3 есебімен ұтылып қалды. Осы ойынның алдында бас бапкеріміз Александр Бородюк өзгеше тактика қолданатындығын айтып еді...

Бірақ Ресей маманының сол "өзгеше" тактикаларынан да нәтиже болмады. Бірінші таймда бес қорғаушымен ойнаса, ойынның екінші жартысында алаңға үш шабуылшы шығарды. Қайтсе де, өз қақпамызға тағы да үш гол жіберіп алды. Рас, ойынның аяғында алаң иелері қарқындарын бәсеңсітіп алып, Қазақстан құрамасы бір соғып, доп айырмасын қысқартты.

Негізі, дәл қазір Румыния құрамасының да жағдайы мәз емес еді. Әлем чемпионатының финалдық додасына бару мүмкіндігінен өткен турда-ақ түпкілікті айырылған. Кеш болса да, бас бапкерін ауыстырды. Ал Қазақстан құрамасымен өтетін ойын алдында ұлттық құрамасы сапына шақыртылған футболшылары тізімін бірер қайта өзгертіп, сапырылыстырумен болды...

Әйтсе де, алаң иелері басым түсті. Бірінші таймда көп шабуылдады. Біздің қорғанысымызды піспектей берді. Ақыры сол қапталдан біздің қорғанысымызды бұзып-жарып өтті. Константин Будеску жалғыз өзі бірнеше қорғаушымызды алдап өтіп, доп иіре теуіп, қақпашымызды да қапы қалдырды.

Көп ұзамай, дәл осы Будеску есепті еселеді. Бұл жолы оң қанаттан алға ентелеп, тағы да екі ойыншымыздан сытылып кеткен еді. Бірақ соңғы сәтте қорғаушыларымызға көмекке келген Роман Муртазаев оны шалып жықты. Пенальти! Төреші ойланған да жоқ. 11-метрлік айып соққысын Будескудің өзі орындап Стас Покатилов пен теңбіл допты қақпаның екі бұрышына жіберді.

Жоғарыда жазғанымыздай, екінші таймда Ресей маманы алаңға үш шабуылшы шығарып, тәуекелге бел буды. Осылай Қазақстан құрамасы жиі шабуылдай бастады. Бірақ голды тағы да румын футболшылары соқты. Өйткені алғы шептегі ойыншыларымыз қателесіп, доптан айырылып қалды.

Румыния құрамасы жылдам шабуыл ұйымдастырып, допты екі паспен-ақ алға жеткізді. Клаудиу Кешеру де ширақ қимылдап, біздің қақпашыны сүйір бұрыштан сан соқтырып кетті.

Осыдан кейін Румыния құрамасының футболшылары тізгіндерін тартып, қарқындарын бәсеңсітіп алды. Осыны пайдаланып, біздің құрама есепті қысқартты. Әуелеп келген допты Бауыржан Тұрысбек басымен қақпаға дөп түсірді. Гол. Есеп – 1:3.

Жеңілгенге – жұдырық... немесе өзбек ұшағы жыры
Айтпақшы, Қазақстан ұлттық құрамасының Бухарестке ұшып барған чартерлік рейсі Өзбекстан ұшағы болып шықты. Футболшыларымыздың "Өзбекстан" деген жазуы бар авиалайнер күлімдеп түсіп жатқандары отандық жанкүйерлердің қытығын келтірді. Бұл әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, сан-сақа жүгіртушілер де болды. "Ұят-ай", "мынау масқара ғой" деген сыңайда қапаланып, кейігендер де болды. Жанкүйерлердің жан айқайына Қазақстан футбол федерациясыбірден түсініктеме берді.

Олар Еуропа бағытына ұшу рұқсаты бар, отандық "Эйр Астана" компаниясымен чартерлік рейстер ұйымдастыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізгенімен, еш нәтиже шықпағанын мәлімдеді. Әрі Алматы – Бухарест – Астана бағытына "баға-сапа" ара салмағы бойынша ең тиімдісі өзбек авиакомпаниясы болғанын да жасырған жоқ...

Румыния – Қазақстан – 3:1 (2:0)

Голдар: Будеску, 33 (1:0). Будеску, 38-пенальтиден (2:0). Кешеру, 73 (3:0). Тұрысбек, 82 (3:1).

Ескертулер: Пинтилий, 24. Кипчу, 65. Бензар, 71 – Қуат, 10. Сүйімбаев, 53. Малый, 79.
Румыния: Тэтэрушану, Ганя, Григоре, Кирикеш, Бензар, Марин, Пинтилий (Хобан, 70), Грозав, Кипчу, Будеску (Ионицэ, 79), Андоне (Кешеру, 66).
Қазақстан: Покатилов, Сүйімбаев, Ахметов, Малый, Дмитренко, Бейсебеков, Тағыберген (Тұрысбек, 65), Қуат, Дарабаев, Нұрғалиев (Хижниченко, 46), Муртазаев (Щеткин, 58).
Төрешілер: Шерер, Де Алмейда, Йосипович (бәрі де – Швейцария)
5 қазан. Плоешти. "Илие Оанэ".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу