banner

Қазақстан Қытайға дипломатиялық нота жолдады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
9034

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпарат ресми түрде расталды.

Қазақстан Қытайға дипломатиялық нота жолдады

Журналистердің сауалына жауап берген ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қытай тарапына дипломатиялық нота жіберілген.  

"Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Өйткені, ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметтерді ұсынды. Аталған мәліметтер расталды. Сондықтан Қытай тарапына ресми түрде дипломатиялық арналар арқылы дипломатиялық нота жібердік. Толық мәлімет алынған соң, оның барлығын бізге өтініш білдірген Қазақстан азаматтарының туыстарына міндетті түрде беретін боламыз. Біз олармен де тығыз байланыстамыз", – деді Қайрат Әбдірахманов.

Еске сала кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Қытайдағы қазақтардың қысым көріп, қудаланып жатқаны туралы хабарлаған болатын. Аспанасты еліндегі жергілікті қазақтар ғана емес, тарихи отанына оралып, Қазақстан азаматтығын алған бауырларымыздың да басына қара бұлт үйірілген еді. Белгілі бір себептермен Қытайға барған Қазақстан азаматтарының да қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпараттың ел кезіп жүргеніне біршама уақыт болды.

Өткен жылдың соңында Қытайдағы қандастарымызға қатысты мәселені сенатор Нұрлан Қылышбаевтың көтергенін атап өткен жөн. Сенат депутаты аталған мәселенің қаншалықты шындыққа жанасатындығын анықтауды сұраған болатын.

"Ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілерде Шыңжаңда қоныс тепкен бір жарым миллионнан астам қандасымыздың заңдық құқықтарының шектелуі туралы әңгіме кең таралуда. Шынымен де Қытайдағы этникалық қазақтар қысым көруде ме? Бұл іске сыртқы істер министрлігі араласып, мән-жайды анықтауы керек", – деп мәлімдеген болатын Нұрлан Қылышбаев.

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылдың сәуір айынан бастап тарай бастаған. Сондай-ақ, бұл мәселе 2017 жылдың 23 маусымында Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында айтылған болатын. Қытайдағы қандастарымыздың қысым көріп жатқандығы туралы мінбеге шыққан Германиядан келген бауырымыз Өмірхан Алтын мемлекет басшысының алдында айтып берді.

"Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына және халықаралық адам құқықтарына қайшы әрекет жасап отыр. Қытайдағы бауырларымыздың құқықтары тапталуда. Ол қиын-қыстау кезеңді бастан кешуде. Сондықтан қиындыққа душар болып отырған ағайындарымызды да естен шығармайық", – деген болатын Өмірхан Алтын.

Құрылтайға қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдай туралы білмегенін, енді бақылауда ұстайтынын айтқаны есімізде.

"Азаттық" радиосының хабарлауынша, қазақтар Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданының Іле-қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларда, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, сондай-ақ тағы бірнеше өңірдегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көп шоғырланған.

Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, аспанасты еліндегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың адам болған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу