banner

Қазақстан мақтасының құнын Ливерпуль биржасы белгілейді

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
7758

Мақта монополиясын әртараптандыру үшін ШЫҰ аясында Ташкентте немесе Делиде Азия мақта биржасын ашуға болады.

Қазақстан мақтасының құнын Ливерпуль биржасы белгілейді

Оңтүстікте мақта жинау науқаны қыр астында тұр. Былтыр мақта өсірушілер шалқып жүрді. Себебі олар мақтаның әр тоннасын 170-190 мың теңгеден өткізді. Мақта құнының көтерілуіне Ливерпуль биржасындағы баға тікелей әсер етті.

Биыл мақтаның тоннасы қанша теңгеден қабылданатыны белгісіз. Өйткені оның құнын біз емес, Ливерпуль биржасы белгілейді. Осы биржаның Коттон Атлук  интернет пакетіне мақтаның биылғы бағамы туралы мәлімет әлі шыққан жоқ. Ал Қазақстанның мақташылары жақсы жаңалық жылт етіп қалар деген үмітпен Ливерпуль биржасының бағамын бағып жүр.

Шымкенттегі мақта зауыттары дихандарға мақтаны сақтағаны және сатып алушыға жеткізіп бергені үшін төлемақыны нақты ақшамен емес, шитті мақта талшығы есебінен айыруы дихандардың қалтасын қағады. Осыған қатысты экономист, мақта саласының білгір маманы Мырзакелді Кемел "мақта зауыттарының мақташыларға қойып отырған талабы тым қатты", – деген пікір білдірді.

Оның сөзінше, дихандардың құқықтық сауатсыздығы мен шарасыздығы олардың зауыт иелеріне жем болуына жол ашып тұр. Шаруаның төлейтін ақшасы болмағандықтан, амалсыздан мақта талшығының белгілі бір бөлігін зауытқа қалдырады. Осылайша қыруар қаржыдан қағылады. Бұл жерде зауыт иелерін де кінәлауға болмайды. Өйткені олар дихандарға "есеп айырысуға мақта талшығын қалдырасың" деген талап қойып отырған жоқ, тек олардың мүмкіндігі жоқ екенін пайдаланып отыр.

"Мұны болдырмаудың бірден бір жолы мақта өндірушінің қаржылық сауаттылығына тікелей байланысты. Егер ол сатқан өнімінің бар ақшасын жұмсап қоймай, келесі жылға тиісті мөлшерін алып қалса, зауытпен қолма-қол есеп айырысады. Нәтижесінде шитті мақта талшығы өзінде қалады. Шаруаға көмек көрсетудің тағы бір жолы оған сәуір айында қанша сұраса да несие беріп, қазан-қараша айында қайтарып алатын  банк жүйесін іске қосу. Бұл іске мемлекет шындап кіріссе, шаруаларға несиені 18 пайызбен емес, 9-10 пайызбен беруге болады", – деді Мырзакелді Кемел.

Сөз арасында ол 1990 жылдарға дейін мақтаның түсімі жекелеген бригадаларда гектарына 50 центнерге жетіп, тұтас совхоздар 40 центнерге дейін өнім алғанын еске түсірді.

"Қазір мұндай көрсеткіш жоқ, болуы да неғайбыл. Ол кезде мақтаны мамандар өсіретін, агротехникалық талаптар сақталатын, мелиорация жұмысы жүргізіліп, ауыспалы егіс жүйесінің талабы орындалатын. Қазір ауылда екінің бірі шаруа қожалығының президенті, оның жұбайы қожалықтың есепшісі, баласы, басқалары сол қожалықта бақылаушы, реттеуші, менеджер. Отбасы мүшелерінің ешқайсысы қара жұмыс істегісі келмейді", – деді Мырзакелді Кемел.

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтыныӊ бас директоры,  ҚР ұлттық ғылым академиясыныӊ корреспондент-мүшесi Ибадулла Үмбетаев мақтадан табыс табу ісін ұсақ  шаруа қожалықтарын iрiлендiруден бастау қажет екенін айтады.

Елімізде  "Ауыл шаруашылығы кооперативi"  туралы заӊ қабылданып, оны орындау үшiн барлық жағдай жасалып жатыр. Кооперацияның тиімділігін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі қаперге салып келеді.

Ибадулла Үмбетаевтың пікірінше, 1990 жылдардан бергі уақытта 5-6 гектар жерді жалғыз жайлап үйренген шаруа қожалықтары әлі бірігуге  дайын емес. Олар іріленген шаруашылықтар ұсақ қожалықтарға қарағанда өнімді әр гектардан орта есеппен 5-7 центнерден алатынын және 3,5-4 есе пайда көретінін назарға алмай отыр.

"Жаӊа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жолдарын жеӊiлдету, тиiмдi субсидиялау жолдарын қарастыру, мақта тазалау зауыттарына қолдау көрсету сияқты бiрқатар жұмыстар сапалы орындалса, мақтаныӊ өнiмдiлiгi еселеп артар едi. Өсірген өнім өзімізде өңделмей, шикізат күйінде шетелге сатылатын болса, онда диханның қолына теңге емес, тиын тиеді.

Қазір  әлемде мақта өсіретін 70 мемлекеттің тек 23-і ғана мақтаны өңдеп, дайын бұйым шығарады. Біз соңғы 23 мемлекеттің қатарындамыз. Егер мақта талшығын жақсылап өндеп, дайын бұйым түрінде экспортқа шығарсақ, бастапқы құны жеті есе өседі", –  деді  Ибадулла Үмбетаев.

Мақта шаруашылығының шатқаяқтап қалуына мемлекет тарапынан бөлініп жатқан субсидияның тиісті мөлшерде болмауы салқынын тигізіп отыр.

Дихандардың  айтуынша, мемлекеттен берілетін субсидия шығынның 20-30%-ын ғана жабады. Қалған шығынды шаруаның өзі көтереді. Осыған байланысты шаруалар субсидия көлемін тым болмаса 40-50%-ға ұлғайтуды сұрап жүр.

"2007-2008 жылдары мақтаны шиттен ажырату үрдісі  27 мың теңге болса, қазiр 80-90  мың теңге.  Жекеменшiк зауыттардан талшықты сатып алған трейдерлер оның әр тоннасынан 160-200  долларды алып тастайды. Бұл  Ташкент арқылы  Латвия портына жеткiзудегi кедендiк салық пен темiржол тасымалына кететiн шығын. Бізден мақта сатып алатын шетелдік трейдерлердің жұмысы осы кезде қызады. Қазақ мақтасын  Ливерпуль биржасына жеткізуді шетелдік  трейдерлер емес, өзіміздің  Ауыл шаруашылылығы министрлігі немесе  "ҚазАгро" сияқты қуаты мен қаржысы  бар мекемелер, отандық кәсіпкерлер айналысса, миллиондаған қаржы өзіміздің қалтамызда қалар еді", –  дейді Жора Қасымов есімді дихан.

Қазақстан мақтасы дүниежүзінде мақта егісінің ең солтүстік белдеуінде өсіріледі екен. Қазіргі кезде жер шарындағы мақта егісінің солтүстік шекарасы 38-440 солтүстік белдеуде, АҚШ-та бұл көрсеткіш 380- қа дейін, Қытай Халық Республикасында және Түркістан аймағында 440-қа дейін жететінін айтады.  Біздегі мақта максималды түрде 3 мың градус температураны талап етсе, жібек мақтасы 5 мың градусты қажет етеді.

Мұхиттың арғы бетіндегі Ливерпуль биржасының бәсін асырып тұрған АҚШ пен Канаданың 5 мың градустық белдеуінде өсірілетін жібек мақта екен. Бір тонна орта талшықты мақта 2825 АҚШ долларына тең болса, жібек мақта 5-6 мың доллар шамасында сатылады. Әлемдегі 12-15%  жібек мақта Канада мен  АҚШ-та өседі. Осы мақта ағылшынның Ливерпулын әлемдік биржаға айналдырып отыр.

Саясаттанушы Расул Жұмалы  халықаралық ұйымдардың мүмкіндігін өз әлеуетімізге пайдаланатын кез әлдеқашан келгенін айтады.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен ШЫҰ саммитінде Еуразияның транзитті-транспорттық хабын ашу керектігін айтты. Күні кеше ШЫҰ ұйымына Үндістан мен Пәкістан қосылды. Үндістан портты ел, мақта экономикасының негізгі саласы. Жалпы, ШЫҰ мүше мемлекеттердің басым көпшілігінде мақта өседі. Демек бізде Ливерпуль монополиясын әртараптандыратын мүмкіндік бар. ШЫҰ аясында Ташкентте немесе Делиде Азия мақта биржасын ашуға болады.

Өзбек мақташылары жібек мақтаны өз жерінде өсірудің мүмкіндігін қарастырып жатыр. ШЫҰ-ның мақта өсірумен  айналысатын әрбір мүше мемлекетінде мақта бағасын реттеп отыратын үйлестіру кеңесі ашылса, ол  мақтаны халықаралық биржаға жеткізу мәселесімен айналысса шетелдік алыпсатарлардың жолы кесілер еді", – деді Расул Жұмалы.

Бұл пікірді шымкенттік мақта өсіруші Жора Қасымов та қостады.

"Оңтүстікте мақта өсіремін дейтіндердің қатары жыл сайын азайып келеді. Себебі баға тұрақсыз. Ауыспалы егіс жүйесі болмағандықтан, жер тозды. Осыдан 20 жылдай бұрын гектарынан 50 центнер мақта алатын ағайын қазір 20 центнерге жетсе    қуанатын болды. Мақтаға мұнайдан кейінгі екінші валюталық дақылы  ретінде стратегиялық мән берілсе, 4-5 гектар жері бар ұсақ шаруашылықтар іріленіп, ауыспалы егіс жүйесі қалпына келіп, қазақ мақтасының күре тамырына қан жүгіретін еді", – деді ол.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу