Қазақстанда "ақ халатты роботтар" пайда болады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4788

Мемлекет медициналық бланктерге жүздеген миллион теңге шығындауын тоқтатады.

Қазақстанда "ақ халатты роботтар" пайда болады

Бұл туралы бүгін үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы хабарлады.

Еліміздің бас дәрігерінің орынбасары бүкіл медицинаны цифрландырып, электронды форматқа көшірудің арқасында миллиардтар үнемделетініне сенімді. Алайда ол тиімділік нақты қанша миллиардты құрайтынын нақты айта алмады, оның бәрі алда қосымша есептелмек.

"Қазір тек шамалап қана айта аламыз. Мысалы, медициналық ұйымдар тек бланк сатып алу үшін ғана жыл сайын 640 миллион теңге шығындайды. Мұның сыртында сырқаттардың аурудың тарихына арналған кітапшаларға, анықтамаларға, әртүрлі журналдарға, медициналық техниканы тізімдеуге және басқа да қағаздарға қаншама қаржы жұмсалады. Қазір медициналық ұйымдар, емханалар мен ауруханалар толтыру үшін саналуан журнал сатып алуға мәжбүр. Бұған принтерден басып шығару және басқа да шығындарды қосыңыз", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой.

Ол тікелей шығыстар сыртында, жанама шығыстар да барлығын еске салды. Мәселен, қаржылық шығындарға қоса дәрігерлердің осының бәрін толтыруға жұмсайтын уақыт шығыны мен күш-қуат шығынын да есепке алу керек.

"Егер соған кететін сағаттарды да санасақ, үнемделетін шығын сомасы ары қарай өсе түспек. Бізге дәрігердің уақытының көп бөлігін сырқаттарға жұмсауына қол жеткізуіміз қажет. Ал осы шығындардың бәрін үнемдеуге денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру көмектеспек. Өйткені ол қағаз бланктерден бас тартудың сыртында, сырқат туралы барлық ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.

Осы министрліктің электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Бейбіт Есенбаевтың мәліметінше, бұл саланың цифрлық жүйесі барлық сырқаттардың "бірыңғай деректер базасы" негізінде жұмыс жасайтын болады.

"Ол базада әрбір қазақстандықтың денсаулық жағдайы, оларға қатысты жүргізілген медициналық процедуралар мен тағайындалған ем-шара туралы барлық ақпарат сақтаулы тұрады. Бұл базаға дәрігерлер тұлғаның жеке куәлігін сканерлеу арқылы қол жеткізе алады. Қазақстанда қазір 900-ден астам медициналық ұйым бар. 2008 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта 22 ақпараттық жүйе енгізілді. Егер сіз 2008 жылдан бері осы 900 ұйымның бірінде медициналық қызмет алған болсаңыз, онда сіздің деректеріңіз қазірдің өзінде осы жүйеде тұр деген сөз. Біз енді әрбір қазақстандыққа қатысты деректердің барлығын оның әрқайсысының жеке куәлігіндегі ЖСН-ына (ИИН) бекітеміз", – деді Бейбіт Есенбаев.

Оның түсіндіруінше, денсаулық сақтау саласы цифрландырылғаннан кейін қазақстандықтар емханалар мен ауруханаларға медкарта, қағаз тасымайды, тек жеке басын куәландыратын жалғыз құжатпен ғана барады.

"Сіз клиникаға жеке куәлігіңізбен ғана келесіз, көрсетесіз, маман деректер базасына кіріп, сізге қатысты барлық деректерді көтереді және қандай қызметтерді қанша көлемде алғаныңызды да көреді", – деді ол.

Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры аталған жүйеде бүгінде қазақстандықтар туралы 10 терабайттан астам ақпарат қордаланып үлгергенін мәлімдеді.

Саланы цифрландырудан мемлекет және медұйымдар көретін табысы мен тиімділігі айқын екен, ал мұның қарапайым халыққа қандай пайдасы бар, – деп сұрады журналистер.

"Сырқат медициналық ұйымға жүгінгенде, басқа құжаттарға алаңдамай, тек қана жеке куәлігін ұсынады. Сондағы штрих-код сканерленгенде, базадан оның ауруының тарихы ашылады. Дәрігерлер осы деректер негізінде лайықты қызмет көрсете алады. Яғни сізге амбулаториялық картаңызды іздету, ауру тарихын анықтау, үйде қалып қойған басқа да құжаттарға жүгіру қажет болмайды, осы әрекеттердің барлығын сіздің жеке куәлігіңіздегі штрих-кодты сканерлеу алмастырады. Сіздің ЖСН-ыңыз бойынша біз медициналық қызмет көрсету үшін қажетті барлық деректерді өзіміз шығарып аламыз", – деді вице-министр Алексей Цой.

Ол қазіргі кезде осы қызметтің ауқымын кеңейтіп, жедел жәрдем бағытындағы жұмысты да пысықтап жатқандарын жеткізді.

"Сонда бұл шұғыл және жедел жәрдем көрсету үшін де пайдаланылады. Яғни егер сырқат ес-түссіз жатса, қасында ешкім болмаса, куәлігі арқылы оның қандай препараттарға аллергиялық реакциясы барлығын және басқа да деректерін біліп, шұғыл түрде көмек көрсетіледі. Мұның сыртында біз жеке медициналық ұйымдардың да тегін кепілдендірілген көмек көрсетуі мәселелерін қарастырудамыз. Нәтижесінде мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, сіз өз дертіңізбен қандай клиникаға жүгінсеңіз де, олар штрих-кодыңызды сканерлеу арқылы барлық деректеріңізді алғызып, тегін қызмет көрсете алады", – деді вице-министр.    

Цифрландыру Қазақстандағы осы салаға "жасанды интеллектің" енгізілуін де қарастырады екен. Алексей Цой "жасанды интеллекттің" онкологиялық ауруларды емдеуге тартылуы көзделіп отырғанын жеткізді.

"Біз қазір пилоттық жобаны енгізіп жатырмыз. Ол когнитивтік тұғырнама-платформа түрінде болып келеді және сырқаттардың деректерін талдайды. Әлемде бұл өнім көптеген елдерде іске асырылуда. Бұл жүйе адам денсаулығының 60-тан астам әртүрлі параметрлерін талдайды да, соның негізінде диагноз қою, ары қарай жүргізу тактикасы бойынша ұсыныс  береді", – деді вице-министр.

Мамандардың түсіндіруінше, дәрігерлер өздеріне жүгінген науқасқа диагноз қою кезінде әдетте өз тәжірибесіне сүйеніп, әрекет етеді. Ал интернетпен байланысқан жасанды интеллект болса, әлемдік жетекші басылымдардағы жаңалықтар мен ғылыми жарияланымдарда көрсетілген ұсыныстар мен кеңестерді пайдаланады.

"Жүйе осы деректердің барлығын талдайды да, денсаулық жағдайы және емдеу әдістемесі туралы ақпаратты ұсынады. Бүгінде бағдарлама онкология саласында пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Жуырда жобаның алғашқы нәтижелерін ұсынатын боламыз", – деді Алексей Цой.

Бұл "ақ халатты роботтар" пайда болатын күн алыс емес деген сөз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу