Қазақстанның "халал" сертификатын арабтар мойындамайды

2842

Таяу Шығыс аймағына логистика шығындары кәсіпкерлердің қалтасын қағып отыр.

Қазақстанның "халал" сертификатын арабтар мойындамайды

Астанада "Se­lkar Trading F.Z.E." компаниясының басшысы Рахим Нилавар мырза араб елдеріне экспортқа мүдделі шаруалар, "Қазагро" АҚ басшыларымен кездесіп, Біріккен Араб Әмірліктері нарығына Қазақстан ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін жеткізуде болжанған жобаларды жүзеге асырудағы әрі қарайғы қадамдар талқыға салынды.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев еліміз Біріккен Араб Әмірліктеріне экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда зор әлеуетке ие екенін айтты. Бәрінен бұрын, бұл жерде, әңгіме ет өнімдері мен дәнді-бұршақты дақылдар жайында болып отыр. Айта кетейік, қазірдің өзінде Әмірліктерге уақ мал жеткізу жағы жолға қойылған екен.

Мәліметке жүгінсек, БАӘ ішкі ет нарығы толықтай дерлік импорт есебінен қамтамасыз етіледі және бұл тұста сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. 2015 жылы бұл елге 800 млн долларға ірі қара мен ұсақ малдың 154 мың тоннаға жуық еті импортталған.

"Ең ірі жеткізушілер қатарында Бразилия, Үндістан және Австралия елдері бар. Бразилиядан келетін еттің 75 пайызы құс еті, ал Үндістаннан сиыр мен қой еті тасымалданады. Австралияда да негізінен солай. БАӘ аумағына шетелден жеткізілетін жалпы еттің 50%-дан астамы құс еті", – деп хабарлайды КҰП сарапшылары.

Қазақстан Республикасынан Біріккен Араб Әмірліктеріне жасалатын ет экспортының түйткілді мәселелері тұрғысында талаптарға сәйкестік жөнінде Қазақстанның "халал" сертификаты Таяу Шығыс елдерінде мойындалмайды екен. Тиісті экспортқа рұқсат беретін ветеринарлық сертификатты келісу, логистика жайы да бірқатар кедергіге тап болып отыр.

Араб Әмірліктері 2011 жылы дәнді-бұршақты дақылдар өнімдерін 500 млн долларға сатып, сол кезден бері оның импорты жыл сайын артып келеді екен. Осыған байланысты Қазақстан жасымығы, асбұршақ және ноқат экспортына жақсы мүмкіндік туындап отыр. Сонымен бірге Әмірліктердегі дамыған логистикалық инфрақұрылымның арқасында, тұтас Таяу Шығыс аймағына шығудың көкжиегі байқалады.

2001 жылдан бері материалдық-техникалық жабдықтау, қоймаларды жалға беру, көлік қызметтерін ұсыну мәселелерімен айналысып келе жатқан "Se­lkar Trading F.Z.E." компаниясы туралы айта кетсек, еркін-экономикалық аймақта тіркелген бұл ірі азық-түлік тауарлары трейдері, Қазақстанның жасымық, бұршақ, ноқат, арпа, жүгері сынды отандық агроөнеркәсіп өнімдеріне қызығушылық танытып отыр.

"Бұған дейін де Қазақстаннан бұршақ дәндерін сатып алған болатынбыз. Канададан артықшылығы, қазақ даласында жасымық ертерек піседі. Жалпы арпа-бидай секілді өсімдік шаруашылығының басқа да түрлерін қарастырып көруге дайынбыз", – деп серіктестіктің келешек қырларын байыптады "Se­lkar Trading F.Z.E." компаниясының басшысы Рахим Нилавар.

Биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында "Selkar Trading F.Z.E." тарапынан тыс, "Al Dahra Holding" компаниясы тиісті шаралар ұйымдастырмақ.

"Пинтагон" ЖШС Индира Молдашеваның логистика жайлы сұрағына Рахим Нилавар егін орылатын науқан қызған шақта маманданған орталықтар бос болмай, ұзын-сонар кезек қалыптасатынын баяндады. Ал басқа уақытта баға тиімсіз, тіпті жүк көліктері қызмет құнын екі есеге көтеріп жібереді.

Нұржан Әлтаевтің айтуынша, мұндағы мәселе қарым-қатынас барысында қазақ көлік компанияларының қызметі қымбатқа соғып, салыстырмалы түрде ресейлік тасымалдаушылар екі есе арзан баға ұсынады. Сөзімізге дәлел болсын, Ақтау теңіз порты мен Иранның солтүстік айлақтары арқылы Парсы шығанағына жеткізу тоннасына 180 АҚШ долларын төңіректесе, Новороссийск портынан 60 АҚШ долларын межелейді. Алғашқысында қымбат, бірақ тез, соңғысында арзан, бірақ баяу. Сондай-ақ ресейлік тарап бірінші өз жүгін өткізіп алмайынша, қазақ әріптестерін күттіріп қояды екен. Осы орайда басқарма төрағасының орынбасары Араб Әмірліктерінде логистикалық бизнесті өркендетіп отырған отандастарымызбен байланыс орнатуға шақырды. Бұл орайда, кәсіпкерлерге біле жүрер дүние, халықаралық нарықтағы алыс-беріс мәселелері жөнінде сыртқы сауда палатасы қызметіне жүгінуге болады.

Тағы бір олқылық, тығындаушылық, қоспа, өлшем-мөлшердің біркелкілігі сияқты әлемдік стандарттарға қатысты Қазақстан өнімінің сәйкессіздігі, сапалы тұқымның жоқтығы алаңдатады, деп нақты мәселелерді тізген Палата сарапшылары, "Атамекен" КҰП "EMCO International LLC", "Al Dahra Holding" және "Selkar Trading F.Z.E." тәрізді үш ірі трейдермен келіссөз жүргізіліп жатқанын еске салды.

Жиында "Агрофуд", "Атамекен-агро", Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Қазына-ЛТД" және тағы басқа да компаниялардың өкілдеріне өнімге қойылатын талап пен оны жеткізу шарттарын тереңірек білуге мүмкіндік берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу