Қазақтың 200 әншісін киіндірген сәнгер

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
18371

Олардың қатарында Мақпал Жүнісова, Бахыт Шадаева, АБК тобы, Толқын Забирова бастаған қазақтың барлық танымал дарынды жұлдыздары бар.

Қазақтың 200 әншісін киіндірген сәнгер

Ол – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің театр сахнасына және эстрада жұлдыздарына арнап костюмдер тіккен тұңғыш сәнгерлердің бірі. Бала арманы алдамаған, сән әлемінің майын ішкен майталман сәнгер бүгінде өз атымен брендтік сөмке шығаруды бастады. Айдарымыздың бүгінгі кейіпкері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, этнолог, танымал сәнгер Ханум Айдаш өзі және сұлулық әлеміндегі өнері жайлы айтып береді.

1995 жылы Алматыда "Ханум" салонын ашудан бастаған сән әлеміндегі қадамыңыз одан кейін осы аттас агенттік және былтыр "FASHION HANUM collection" ұлттық брендтер дүкенін ашумен жалғасса, биыл жыл басталысымен "Hanum Сollection" брендімен жоғары сапалы алғашқы қол сөмкелерін шығаруыңызбен қуантты. Ал осы брендке себеп болған сіздің есіміңіз қалай қойылды?

- Осыдан 50 жыл бұрын, тура 1 қаңтарда мен туылып жатқан кезде сонау Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы туған ауылымда Ханум атты бір өзге ұлт әйелі ателье ашыпты. Таңсық дүние, ауылдағы қыз-келіншек сол ательеге қызыға тамсанып, топырлап киім тіктіреді екен. Сонда әкем 8 баласының үшіншісі болып дүние есігін ашқан маған жаңағы ателье атауымен байланыстырып, ырымдап Ханымгүл деген есім беріпті. Жасымнан өлең-жырға, суретке жақын болып өскен менің арманым – ақын болу еді, бірақ шығармашылықтан алыс емес, сурет өнерін таңдадым. Ауылда "қой кезек" деген болатын, әр үй кезектесіп қой бағады, мал бағып жүргенімде айдалада сонау шексіз көкжиекке көз тігіп отырып: "Мына көкжиектің арғы жағында ел бар болса, мен сол жақта міндетті түрде тұрамын", – дейтінмін өз-өзіме. Көптің бірі болып, ауылда қалғым келмеді. Биік армандарым мені Алматыға оқуға жетеледі. Бірақ мектеп бітіріп, өз ауылымнан шығып кету де, одан оқуға түсу де маған оңай болмады. Түрлі сынақ күтіп тұрды. Алматыдағы Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесіне оқуға қатарынан екі жыл түсе алмай, үшінші жылында түстім. Өйткені ол кезде бас қалада оқуға қабылдану қиын, емтихандар өте қатал сынақтан тұратын. Бала кезден өлеңдерім мен суреттерім "Ақжелкен" журналында жарық көріп, үйге поштамен толассыз хаттар келіп жататын. Мені сол арқылы қазақтың біртуар ақын қызы Фариза апамыз жақсы білді. Оқуға түсіп кетуіме апамыздың ықпалы болды деп ойлаймын.

Сән әлеміне қадамыңыз осы жерден басталды ма?

- Иә, бірақ бірден емес. Мен өзімді модельдік өнер жағынан емес, көбіне көркемсурет, картина салу жағынан көрдім. Алайда тағдырымды ұстазым, қазақтың танымал суретшісі Раушан Мамбекова шешті. Ол маған училище қабырғасында болмаған "Театр декоратор" бойынша сынақ маманы ретінде бағымды сынауға кеңес берді. Қыз балаға көркемсуреттен гөрі, осы тігіншілік, модельдік жағы жақын, әрі пайдалы деп ақылын айтты. Театр қойылымдары үшін киім тігуді бастадым. Диплом жұмысымды – қытайдың "Цветы сливы в золотой вазе" романы желісімен киімдер коллекциясынан қорғадым. Ал Қытайдың ұлттық киімдерін табу, үлгілерін зерттеу қиын шаруа болатын. Бүгінгідей интернет жоқ, қолжетімді ақпарат заманы емес. Шәкен Айманов атындағы киностудияның үш павильонында жатқан қытайдың ескі киімдерін зерттеп, көп еңбектеніп жүріп, коллекциямды дайындадым. Және қай кезде де киімге матаны ешкім "мә, ала қой" деп берген емес. Өзім дәмханалардың еденін, ауқаттылардың үйін жуып жүріп қосымша ақша тауып, соған мата сатып алатынмын. Осылайша өмір мені тағдырыма кесіп, пішілген жолмен жүруге бағыттай берді. Жұмысқа адам алмайтын қиын-қыстау 1992 жылдар еді. Еңбегім еш кетпей, оқуды бітіргенде қазақтың ең мықты театрларынан жұмысқа ұсыныстар түсті. Таңдап тұрып, Абай атындағы опера және балет театрына сахна суретшісі және костюмге жауапты маман болып жұмысқа кірдім. Бұл театрда да тығырықтан жол тауып, әншілерге киім тігуде басшылықтың ризашылығына бөленген кездерім көп болды. Өзімді мойындата білдім. Алайда айлығы тұрақты, жылы жерде, театрдың костюм цехында бір тасада жүре беру – менің басты мақсатым емес екенін түсіндім. Бір жылдан кейін өз еркіммен жұмыстан шығып, жарты жылдай картина жаздым. Сол "Қызыл түйе үстіндегі қыз" атты еңбегімді "Жігер" деген байқауға апарып, оны шетелдік бір азамат сатып алды. Түскен ақшама "Отырарға барар жол", "Хан Кене", "Абай әндері" тақырыптарында киімдер коллекциясын жасап, "Үкілі үміт" байқауында лауреат атанып, жарқ ете қалдым. Міне, содан бастап мені ел тани бастады. Әншілер, өнер адамдары ағылып келетін болды. Сөйтіп, 1995 жылы "Ханум" салонымды ашып, 6 жылдай 200-ге жуық қазақ әншісіне сахна костюмдерін тіктім.

- Осыншама әншінің талғамы әртүрлі. Олардың бәрінің бірдей көңілінен қалай шықтыңыз?

- Әрине талғам деген сан алуан. Бірақ олар маған әбден сенетін. Ең алғашқы сахналық киімді Роза Рымбаеваға тіктім. Оларға киім эскизін жобалағанда басшылыққа алатыным – әр әншінің репертуары еді. Маған келген әншіден ең бірінші сұрататыным – ән таспасы. Интернет жоқ, дереу желіге кіріп, тыңдай қоятын кез емес. Тіпті кассета қосатын құралдардың өзі қат. Мен сонда да бір ескі магнитофон тауып, әншілердің таспасын асықпай тыңдап, әндерінің мағынасына қарай киім тігетінмін. Осылайша көптеген әншінің сахналық образын жасап бердім деп батыл айта аламын. Олардың қатарында Мақпал Жүнісова, Бахыт Шадаева, АБК тобы, Толқын Забирова бастаған қазақтың барлық танымал дарынды жұлдыздары бар. Астанада Майра Мұхаммедқызының Қазақстандағы ең алғашқы өткізген концертінде сахналық киімдерінің образын жасадым. Жақында Сәуле Жанпейісоваға да сондай сахналық костюм образын дайындап бердім. Жүрекпен орындалған дүние қашан да барлығының көңілінен шығады.

- Сізге костюм тіктіргендер ішінде Мәдина Ералиевамен өмірде де қарым-қатынасыңыз тығыз болыпты...

- Иә, менің бағыма қарай Роза Бағланова және Мәдина Ералиевамен сырлас, бауыр, туған сіңлілеріндей араластым. Үйлерінде көп болдым. Маған осы жолды таңдауда бағыт беріп, ақылдарын айтты, өз өмірлерінің қиындығын келтіре отырып, шыңдады екі апам, марқұмдар, жатқан жерлері жайлы болсын.

- Әні мен сәні келіскен апаларыңыз сұлулықтарының сырымен бөліскен болар...

- Иә, бәрін айтатын. Әсіресе, есімде қалғаны, Роза апам: "Достоинства, честь и здоровье с молодости надо беречь" дейтін еді. Ал Мәдина апам: "Сұлу әйел болғың келсе, үйіңнің мұнтаздай тазалығын сақта" деп көп айтатын. Және сол қағидаларына сай, олардың өздері де сондай таза, әдемі жандар болып өмірден өтті. Мәдина апамыздың үйінде әжетханаға дейін гүл тұратыны таңғалдырды. Маған сол кісілерден жұқты ма білмеймін, әлде бала кезімнен әкемнің маған ерекше жауапкершілік артып, үйдің тазалығына мән беріп өскендігімнен болар, мен де әлі күнге бір шаруам алға баспай жатса, дереу үйімді реттеуге кірісіп кетемін. Барлық артық-ауыс шаруамды тындырып болғанда ғана жаным жайланып, түздегі жұмыстарыма еркін кірісемін. Жалпы өмірімде де, қызметімде де қашан да тәртіп, тазалық, бір нақты жүйені сақтап келемін. Киім тігу кәсібін 2001 жылы балам туылғанда, жолдасымның алдыма "не кәсіп, не отбасы" деп таңдау жасатуынан соң тоқтатып, салонды жаптым, бірақ "Ханум" атауын сақтап қалдым. Сөйтіп Астанаға көшіп келдім. Көзім кеткесін Алматы мені ұмытты. Бірақ менің өмір жолым қиындықтан тұрса да, таңдаған жолым тар жол тайғақ кешуге бастайтынын білсем де терең, мағыналы іс тындыруды қаладым. Сөйтіп, былтыр еліміздің сәнгерлерін қолдау мақсатында ұлттық бренд дүкенін аштым, енді, міне, сөмке шығара бастадым.

"Hanum Сollection" брендіндегі сөмкелер қарапайым халыққа қолжетімді емес, бірақ оның біздің ұлтымыз үшін басқа қандай мағыналық тиімділігі бар?

- Әрине, мен ешқашан қолжетімділік туралы айтқан емеспін. Мұның артықшылығы, Prada, Gucci, Debenhams, Whistless, Marks and Spencer сынды кеңінен белгілі брендтермен ынтымақтастықта жұмыс істейтін Түркияның "Desa" зауыты арасында көпір орнатып, осы брендтердің сапасынан кем емес өзіміздің "Hanum Сollection" брендімен әйелдерге арналған қол сөмкелерін шығару мүмкіндігіне ие болдық. Біз бірінші болып әлемге әйгілі осы кәсіпорынмен байланыс орнатып, тұңғыш рет Қазақстан брендімен сапалы сөмке шығаруға жол аштық. Әзірге бір-біріне ұқсамайтын 12 дана сөмке жасалды, оның алтауы сөмкенің алғашқы таныстырылымында сатылып кетті. Сөмке құнына келсек, оны кез-келгеннің қалтасы көтере бермесі анық. Дегенмен Қазақстан әйелдерінің 20-30%-ы осындай жоғары сапалы, танымал бренд сөмкелерді Еуропадан өте қымбат бағаға сатып алады. Мұндай сөмкелердің құны 300 мың теңгеден жоғары кете береді. Ал сапасы да сол бағасына тұрарлық. Өте сапалы, 100 пайыз тері, түрлі өңдеуден өткен, престелген теріден жасалған. Шығыс үлгісіндегі біздің сөмкелердің тастары табиғи, сваров тастарымен көмкерілген. Елімізде арзанқол сөмке жасау өндірісі бар шығар. Бірақ біздің мақсатымыз ол емес. Біз тек таза жоғары сапаны көздедік. Қолжетімділік туралы да ештеңе айта алмаймын. Себебі біз қолжетімді сөмке жасауды жоспарламадық. Ең бастысы, әлемдік бренд және сапа, жаңа деңгейді бағындыру. Түркиялық кәсіпорынмен келісім жасау, одан соң сөмке дизайнын қорғап шығу оңай болмады. Тағы да шығара береміз. Бірақ олар бір-бірін қайталамайтындай етіп шығарылады. Әзірге шетелде тігіліп жатыр, болашақта өз елімізде өндіруге күш салуымыз керек.

Өзіңіз ұлттық бренд дүкенінде бастарын біріктіріп отырған сәнгерлердің жұмысына қалай баға бересіз?

- Мен қазіргі жас сәнгерлермен мақтанамын. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, қолтаңбасы бар. Сыртынан оңай сияқты, ал шын мәнінде олардың арқалаған жүгі ауыр, әрбірінің өз қиындығы жетеді. Сән әлемінен табыс қаншалықты көп болса, оған жіберілетін шығын да соншалықты. Сол қиын жолды нәзік жүректерімен, сұлулық сүйген әлемдерімен жеңіп жүрген аруларға тек мақтау айтпасқа болмайды. Әрине, біздің кезімізге қарағанда оларда дамып, жетілуде мүмкіндік өте көп. Қазіргі сәнгерлер көбіне шетелдің, Италияның оқуын оқиды. Түрлі дәріс алады, тренингтерге қатысады. Қалай имидждік киім ойлап табуға болады, әлемдік трендті қалай бағдарлау керек, сатуды қалай көбейтпек керек, қандай жаңа өңдеу шығады, соның бәрін оқиды, ізденеді.

Ұстаздық ету ойыңызда бар ма?

- Ұстаздық ету – өте жауапты іс. Өзім жоғары білім алған, магистрлік қорғаған алматылық және астаналық жоғары оқу орындарында шақыртумен сабақ бердім. Бірақ мен өте талапшыл адаммын. Шәкірттерімнің арасында өз мамандығына бей-жай қарайтындары болады, әртүрлі студент бар. Олардан тек жақсы нәтиже ғана күтемін. Сондықтан ұстаздықпен айналысу үшін сол бағытқа түбегейлі кету керек екенін түсініп, оны әзірге жылы жауып қойдым.

Ал басқа жоспарларыңыз..

- Мен ешқашан бір орнында отырмайтын, тоқтап қалмайтын адаммын. Ішімдегі от, энергия жас кезімде де, қазір де мені тек алға сүйреп, үнемі тың идеялар жетегінде жүруге әкеледі. Солай жаратылғанмын деп есептеймін. Әйтпесе, менің материалдық жағдайым жеткілікті, жолдасым да қиын шаруаларды қойып, тыныш өмір сүрсеңші, саған не жетпейді, дейді кейде. Бірақ, мен күнделікті ішіп-жегенімді, салонға барып, бет-аузымды сипағанды немесе той-томалақпен өмір өткізгенді ғана біліп, жай жүре берсем малдан не айырмам бар деймін. Адамның өмірлік философиясы қайда қалады? Мен өз-өзімді жоғалтып алмаймын ба? Артымда қандай із қалдырамын? деген сұрақтар жиі мазалайды. Сосын ол маған қозғау салады. Көптеген халықаралық көрмеге қатысып, балет қойылымдарына сахналық киімдер үлгісін ұсындым. Бүгінде Лашын "Әйел және мәдениет" қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде және "Сән мен Сахна" халықаралық сахна киімдері фестивалінің авторы және бас директоры ретінде қазақ әйелдерінің рухани беделі мен сән әлемінің дамуына үлесімді қосып келемін. Біраз жыл "Қазақстан халқының рухани даму қоры" президентінің кеңесшісі болдым. Сөмке шығарумен қатар, менің әртүрлі белгілі тұлғалар мен белгілі орындарда тұрған картиналарымдағы суреттер бейнесімен мойын орамалдар шығару туралы кішкентай ғана жоспарым бар. Ал басқа жобаларымды болашақ көрсетеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу