Қазақтың аңызға айналған баскетболшысы туралы фильм көрсетілді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4284

Баскетболдан 1972 жылғы Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов Мәскеуден туған еліне келіп, жерлестерімен кездесті.

Қазақтың аңызға айналған баскетболшысы туралы фильм көрсетілді Фото: vesti.kz

"Астана" баскетбол клубы балалар мен жасөспірімдер арасында спорттың осы түрін дамытуға серпін беру үшін Мәскеуде тұрып жатқан Әлжан Жармұхамедовті шақыртыпты. Кешегі ат құлағы, ұшақ қанаты көрінбейтін ақ түтек боранда Астанаға қонды. Ырымшыл халықпыз, мұны да жақсылыққа баладық...

Түс ауа Әлжан ағамыз "Астана" баскетбол клубының жас ұрпақты осы спорт түріне баулып жүрген академиясының бүлдіршіндерімен кездесті. Жас жеткіншектерге арнап шеберлік сабағын өткізді. Жармұхамедовті 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы Валерий Тихоненко күтіп алып, ілтипат көрсетті. 1972 жылғы Олимпиада чемпионы жайлы айтқан сөздері өте әсерлі болды. Әлемдегі ең үздік баскетболшылардың бірі болғандығын айрықша атап өтті.

Кешке осы академияның түлектері, "Астана" баскетбол клубының толық құрамы Әлжан ағамен бірге "Жоғары өрлеу" ("Движение вверх") көркем фильмінің көрсетілімін Kinopark кинотеатрлар желісінің алаңында тамашалады. Бұл баскетболдан КСРО құрамасының АҚШ құрамасын бірінші рет жеңіп, Мюнхен Олимпиадасының чемпионы атанған тарихи жетістігі желісінде түсірілген кино туынды болатын.

Әрине, Әлжан ағаға көрсетілген құрмет әу бастан ерекше еді. Жастар да, үлкендер де қаумалап, ілтипат көрсетіп жатты. Тіпті етжақын туыстары жанына жақындай алмай қойды. Ал көркем фильм көрсетілімі кезінде халықтың Жармұхамедовке деген ықыластары арта түскендей болды. Экраннан 7-нөмірлі ойыншы көрсетілген сайын ду қол шапалақтап отырды.

Әлжан ағамыздың рөлін сомдаған актер Александр Ряполов қазаққа аса ұқсамаса да, зал толы көрермендер даңқты баскетболшымыздың жас кезіндегі бейнесін көргендей толқыды. Жармұхамедов жанары анық көрмесе де, баскетбол добын ұршықша үйіріп, әлемнің маңдайалды үздіктеріне дес бермей, өз өнерімен көпшілікті мойындатқанына көз жеткізді.

Ал фильм аяқталған соң Әлжан ағаның жанына жету мүмкін болмады. Зал толы көрермен атақты баскетболшымызды қоршап алып, қошемет көрсетті. Оның бүкіл әлемдік спорт тарихына және Олимпиада ойындарының шежіресіне осындай өшпес із қалдырғанына сүйсінді. Қазақ ұлтының атын шығарып, абыройын асқақтатқанына бас игендер де болды.

Баскетболшылар туралы фильм аяқталған соң Әлжан ағаны сөзге тартудың да сәті түсті. Кино туындының қалай шыққандығын, шынайы өмірге қаншалықты ұқсайтындығын сұрағанымызда:

– Фильм нақты және шынайы оқиға желісінде түсірілген. Олимпиада ойындарындағы жеңіске жету үшін шүмектетіп тер төккеніміз де қамтылған. Әсіресе, басшылар арасындағы тәжіке-тайталас, дау-дамай ешкімді де бейтарап қалдырмайды, қызықты деп ойлаймын. Бірақ, әрине, кино болған соң қоспалары да аз емес. Өте көп. Алайда сонысымен әсерлі шыққан.

– Қоспалары көп дейсіз бе?

– Баршылық (күлімдеп).

– Тым болмаса, бір-екеуін айтып өтсеңіз...

– Мысалы, Америкаға барғанда, матч алдында – қыдыруға "шыққанымыз". Біз ешқашан да ойынның алдында дәл солай қыдырып, босаңсыған емеспіз. Ешқашан! Ондайға мүлде жол бермейтінбіз. Содан соң сыйақыны ешкім де бізге киім ауыстыратын бөлмеге будыратып алып келмеген. Өздеріңіз білесіздер, ол кезде бәрі де қатаң түрде, бухгалтерия арқылы, қаншама қағазға қол қоюмен жүзеге асатын. Бірақ кино осы қоспаларымен де өте әсерлі болып шыққан. Өздеріңізде куә болдыңыздар, аяғы қалай қызықты да, тартымды болып шықты...   

Маруан Түсіп   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу