Кемшілікті түзетеміз десек, мамандар қолұшын беруге әзір

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
2394

Қоғамдық тамақ дайындайтын кәсіп иелеріне тұтынушылар құқығын қорғау саласының мамандары қолұшын беруге әзір.

Кемшілікті түзетеміз десек, мамандар қолұшын беруге әзір

Бастамашыл идея тастаған семинарда қаралған мәселелер өзекті, берілген кеңестер маңызды екеніне өзіміз көз жеткіздік.

Міне, көктемнің алғашқы онкүндігі де артта қалды. Алда жаз тұр. Ал осы көктем-жаз мезгілдері жан жадыратар жаймашуақ күндерге толы болғанымен, адамның өміріне қауіп төндіретін ең бір осал кезең саналады. Неге дейсіз ғой... Осы мезгілдерде адамдардың серуенге көптеп шығып, қыдырыстап, қоғамдық орындарда тамақтанып, неше түрлі жұқпалы ауруға тап болуы жиілейді екен. Тіпті, адамдардың уланып, оның салдары өлім-жітімге әкелген фактілері де жоқ емес. Сондықтан "ауру астан" дегеннің кері келіп жүрмес үшін Астана қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қоғамдық тамақ кәсіпорындары жетекшілерімен және құрылыс немесе халық көп жиналатын жәрмеңке, серуен алаңдарында көшпелі қоғамдық тамақ қызметтерін көрсететін кәсіпкерлердің қатысуымен "Қоғамдық тамақ кәсіпорындарында санитарлық ережелерді сақтау, проблемалар және оларды шешу жолдары" тақырыбында семинар өткізді.

Департамент директоры Нұрлыбек Асылбеков биыл елордасы Астанада "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің өтуіне орай, еліміздің өңірлерінен және әлемнің түкпір-түкпірінен бәрін қосқанда, 2 немесе 2,5 млн адам көрмені тамашалауға келетінін айтты. Демек, Қазақстанның бас қаласы Астананың қоғамдық тамақ орындары елорда мәртебесіне сай болуы үшін қазірден бастап қамдануы керектігін жеткізді.

Бүгінгі семинардың мақсаты – осы мәселеге қазірден бастап кірісу. Яғни департамент жетекшісінің айтуынша, қоғамдық тамақ кәсіпорындарында мейлі ол мейрамхана, дәмхана, асхана болсын, мейлі ол құрылыс алаңдарындағы шағын тамақтану орындары болсын, сол жерлерде санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келмейтін кемшіліктерді алдын-ала анықтап, соған қатысты құзырлы орган мамандарының тиісті ұйғарымын алып, олқылықтың орнын толтырып, кемшілікті жоюға кәсіпкерлерді, бизнес иелерін шақыру.

"Біз сіздерге білікті мамандардың қатысуымен алдын-ала тексеру жүргізуге ұсыныс жасап отырмыз. Бұл жерде сіздер ұтылмайсыздар. Мәселен сіздер департаментке жазбаша түрде алдын-ала тексеру жүргізуге келісім білдіріп, хат жаздыңыз делік. Біздің мамандар сіздің мейрамханаға немесе асханаға барып, алдын-ала тексеру жүргізеді. Тексеру барысында 15 санитарлық-гигиеналық нормаға сай келмейтін кемшілік анықталды делік. Анықталған кемшілікке қатысты ешқандай айыппұл салмаймыз және оны түзетуге, жоюға қатып қалған уақыт та белгіленбейді. Тек мынадай кемшілік табылды, оны жоюға мынадай кеңес береміз деген ұйғарым жасаймыз, бар болғаны осы-ақ, "ауруды емдегенше, аурудың алдын ал" дегендей, одан қорқып, үркудің еш қажеті жоқ", – дейді департамент жетекшісі.

Тұтынушылардың құқығын қорғау органы өкілінің сөзін прокуратура өкілі де қостап отыр. "Ертең жоспарлы тексеріс кезінде мұндай жеңілдік болмайды. Ол кезде анықталған кемшілік түріне қарай АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Тіпті бизнесіңізді 3 айға дейін тоқтатып, жауып тастауы да мүмкін. Ал мына тексерудің жөні бөлек. Ешқандай қыстау жоқ, өздеріңіз үшін тиімді, кем-кетігіңізді уақтылы анықтап, түзетіп алуға берілген мол мүмкіндік", – дейді проркуратура өкілі Тимур Өтебаев.

Семинар барысында көптеген қоғамдық тамақтану орнында медициналық тексеруге қатысты мәселенің жиі туындайтыны сөз болды. Кей жерде "Денсаулық" журналы атымен жоқ. Ал кей қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері санитарлық кітапшаны өздері өтпей, сатып алып жататын жайлар да кездеседі екен. Ал шын мәнінде ол адам туберкулез немесе тағы басқа жұқпалы аурумен ауыратын болса ше? Міне, осы жағынан қатаң бақылауға алу керектігі айтылды. Семинарға қатысушы қоғамдық тамақ кәсіпорындарының өкілдері де санитарлық кітапшаның бағасы жыл өткен сайын қымбаттап жатқанына шағымданды, 3 мыңнан басталған баға бүгінде 7 мыңға жетіп жығылыпты. Ал санитарлық кітапшаны жылына екі рет өту керек, жалақы өсіп жатқан жоқ, бұл соманың өзі қоғамдық тамақ орындары қызметкерлерінің қалтасына ауыртпалық салатыны айтылды. Бұл мәселеге қатысты денсаулық сақтау өкілдерінің басын қосып, тағы бір кездесу өтетін болып шешілді, тіпті ізін суытпай, тиісті органға осы мәселеге қатысты хат та жолданатын болды.

Ал Астана қаласы тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Зинаида Королькова семинарға қатысушы кәсіпкерлерге осы басқосудан кейін өздерінің жұмыс орындарына барғанда, сол жердің жұмысшысы немесе иесі ретінде емес, бәсекелесі ретінде қарауға кеңес берді. Неге дейсіз ғой... Сол кезде адам күнделікті көзге үйреншікті болып кеткен, байқамай жүрген кемшіліктерін байқауы мүмкін.

Мәселен желдеткіш жұмыс істемей тұруы мүмкін, салқын тамақ сақтайтын цех санитарлық талапқа сай болмауы мүмкін.

Зинаида Михайловна тоңазытқыш температурасының тиісті деңгейде сақталмауы да тамақ сапасына кері әсерін тигізетінін айтады. Егер бактерицидті лампа 5-6 жыл қолданыста болса, одан тез арада құтылу керек, өйткені ол өміршеңдігін жоғалтқанын айтпағанда, теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар кондитерлік өнімді сақтағанда, жасағанда өте сақ болу қажет, өйткені ол микробтың дамуына ең қолайлы жер екенін ескертті.

Королькова ханымның айтуынша, қоғамдық тамақ әзірлейтін орындарда, ет кесуге, көкөніс, жеміс-жидек турауға, тағысын-тағы шикізат немесе дайын өнімді кесуге арналған бірнеше тақтайша болуы керек және ол әртүрлі маркамен таңбаланып, бір-бірінен алшақтау орналасуы, ілініп тұруы керек. Сонымен қатар ол қолдан консервіленген өнімдерді алмау керектігін, мысалы бір әйел баласымен жүргенде, қолдан консервіленген баклажанды сатып алып жегенін, салдарынан уланып, бірінің қайтыс болған фактісі тіркелгенін айтты. Әсіресе салатқа, тамаққа қосатын көкті, укроп, салат жапырағы, петрушканы 3% сірке суымен өңдеп алып, құрғатып алуға кеңес берді.

"Асүй қызметкерлерінің арнайы ішке киетін киімдері болғаны дұрыс. Бәрі таза, біркелкі болса құба-құп. Сосын санитарлық кітапша жұмыс орнында өздерімен бірге болуы тиіс. Өйткені тұтынушы санитарлық кітапшаны кез келген уақытта талап етуге құқылы. Жұмысшылардың медициналық тексеруден өткеніне көз жеткізуіңіз керек. Осы арада "Империал" мейрамханасын үлгі еткім келеді, онда қызмет көрсетуші даяшы, әкімгер, ас үй қызметкерлерінің бәрі тегістей медициналық тексеруден шынайы өткізуі қатаң бақылауға алынған. Біздің бүгін қозғаған мәселемізді талқыға салып, шағын семинарлар өткізіңіздер өз мекемелеріңізде. Ертең қандай да бір жағымсыз жайдың болмауына және алдын алуға септігі тиері сөзсіз", – деп түйіндеді Зинаида Михайловна сөз соңын.

Ал құрылыс алаңдарында көшпелі қоғамдық тамақтану қызметін көрсететін кәсіпкерлерге қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар туралы департаменттің екінші бір бас маманы Наталья Төлебаева кеңейтілген мағлұмат берді. Әсіресе құрылыс алаңдарында шаң-тозаңның көп болатынын ескерген Наталья Ивановна мұндай қоғамдық орындарда бөлек киім ілетін, шешінетін, қол жуатын орындардың болуы керектігін және ас ішетін орындар жиі желдетіліп, жуылып тұру керектігін, тағысын-тағы талаптарды семинарға қатысушылардың есіне салып өтті.

Семинарға қатысушылар да өздерін толғандырған сұрақтарға тұщымды жауап алды. Қысқасы, қоғамдық орындарда тамақ ішер алдында, "ыдысына қарап, асын іш" дегендей, тазалықтың қаншалықты көңіліңізден шығатынына мән беріңіз. Себебі "тазалық – денсаулық кепілі". Сонымен қатар тамақты кез келген жерден сатып алып жегенше, көптің көңілінен шығып, жағымды пікірін қалыптастырған орындардан тамақтанған жөн. Атам қазақ "ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр" деп бекер айтпаса керек.

Сұлугүл Бәкесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу