"Кеңес құрамына қосудан бас тартамыз"

2671

Қарағандылық журналистерге Шаханға көмек қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымынан осындай жауап келді.

"Кеңес құрамына қосудан бас тартамыз"

Қарағандылық журналистер Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіндегі төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету қоры жекеменшік компаниясының есепшотына келіп түскен қаражатты бақылау мақсатында қамқоршылық кеңесіне журналистерді мүше етіп қабылдауды ұсынды. Оған қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жамал Мамерхановадан журналистерді көмек қорына келіп түскен қаражатты үлестіретін кеңес құрамына қосудан бас тартатыны айтылған жауап келді.

Хатта қарағандылық 20 журналист қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айта отырып, көмек қорына келіп түскен қаражатты үлестірудің ашықтығын кепіл болу үшін кеңес құрамына екі журналисті – Әсел Жетпісбаева мен Айман Мейірбекованы қосуды өтінді. Ұсыныс хат осыдан үш күн бұрын Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақовтың, қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жамал Мамерханова мен көмек көрсету қорының директоры Ерлан Керімқұловтың атына жолданды.

Жекеменшік компания қайырымдылық қорына бүкіл елден келіп түскен қаражат туралы жергілікті "Шахтинский вестник" газетіне есеп беретінін баяндап, журналистердің ұсынысын мақұлдамай қойды.

Жамал Мамерханова қысқа уақытта қордың құрылтайшылық құжаттарына өзгеріс енгізу және оның құрамына  қосымша адам қосу қажет емес деп санайды екен. "Қамқоршылық кеңесінің құрамына қоғамның көзқарасын білдіретін 5 адам  кіреді. Олар Шахтинск пен Шахан кентінің өкілдері, мәслихат пен "Нұр Отан" партиясы филиалының қызметкерлері. Кеңестің барлық мүшесі мемлекетіміздің лайықты азаматы әрі халық арасында сенімге ие", – деп жазылған жауап хатта.

Дәл осы жауап қарағандылық журналистерді ойға қалдырды. "Журналистердің ұсынысынан бас тартудың өзі ойландыратын жағдай. Себебі бүкіл халық бірдей атсалысып, аударып жатқан қаражаттың қалай жұмсалғаны ашық әрі айқын болуы керек. Одан бөлек әкімдік немесе көмек қоры күн сайын келіп түскен қаражат туралы есеп беріп отыруы тиіс деп есептеймін. Біз қаражатты кім, қанша жіберіп жатқанын білгіміз келеді.

Қайғылы оқиғадан бері жеткілікті уақыт өтті. Осыған дейін ресми брифинг немесе баспасөз мәслихаты өткен жоқ. Қаражатқа байланысты ештеме айтылмады. Ашықтық жоқ. Мен неге бұлай болып жатқанын білгім келеді. Журналистерді кеңеске қосу керек. Біз төртінші билік өкіліміз. Біз өз тарапымыздан 2 журналист ұсынып отырмыз. Олардың қамқоршылық  кеңесте болуы бізге қаражаттың әділ үлестірілгені туралы ашық мәлімет алуға мүмкіндік береді. Ал біз кеңес құрамында кім отырғанын толық білмейміз. Кеңес тіркелген бе, жекеменшік пе әлде жекеменшік емес пе, осыны да  білгіміз келеді. Ештеңеден хабарсызбыз", – дейді журналист Ботагөз Омарова.

Ал мәжіліс депутаты Снежанна Имашева журналистердің ашық әрі айқын ақпарат таратуына ешқандай кедергі болмауы тиіс деп санайды. "Мен журналистердің осы шараға қатысқанын қолдаймын. Себебі журналистердің көмек қорына келіп түскен қаражат туралы ақпарат жариялауға құқы бар. Олардың қоғамда атқаратын рөлі зор. Сол себепті журналистер кеңес құрамына қабылдануға тиіс", - деп мәлімдеді мәжіліс депутаты.

БАҚ өкілдерінің қамқоршылық кеңесіне мүше болуын Парламентте қарағандылықтардың үмітін арқалап отырған депутат Нұрлан Дулатбеков та қолдайды. "Халықтың алаңдауын түсінуге болады. Зардап шеккендерге көмек күн сайын келіп жатыр. Журналистер ғана емес, депутаттар мен қоғам белсенділері де кеңес жұмысына қатысуы керек", – дейді депутат  Нұрлан Дулатбеков.

Көмек қорына мемлекеттік органдардан, кәсіпкерлерден, депутаттардан, қарапайым жұмысшылардан күн сайын ақша түсіп жатыр. Қаржы құлаған үйдің тұрғындарына пәтер сатып алып беруге, тұрмыстық техника мен  қажетті заттармен қамтамасыз етуге, сонымен қатар модульді жылыту қазандығын ауыстыруға, сондай-ақ үйді бұзу мен жөндеу жұмысының шығынына жұмсалады деп жоспарланыпты.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Сыздықованың хабарлауынша, бүгінге дейін көмек қорына 70 млн-нан астам теңге келіп түскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу