ҚКБ 2,4 трлн теңгеге ие болды

1682

Проблемалы несиелер қоры БТА-ның проблемалы міндеттемелерін сатып алды.

ҚКБ 2,4 трлн теңгеге ие болды

"БТА Банк" АҚ (БТА) "Қазкоммерцбанк" АҚ (ҚКБ) алдындағы 2,4 трлн теңге сомасындағы қарызын өтеді. 64,8 млрд теңге мөлшеріндегі қарыздың бір бөлігі ҚКБ-нің мәжбүрлі шығындарының есебіне жазылды. Нәтижесінде БТА-ның ҚКБ алдындағы қарызы толығымен өтелді деп хабарлады 3 шілде күні ҚКБ-нің баспасөз қызметі.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың 1 маусымында ҚКБ-нің несие қоржыны 3,49 трлн теңгені құрады. Осылайша, 3 шілдеде банк несие қоржынының 69%-ға жуығын құраған проблемалы қарыз өтелді.

Бұдан бұрын транзакция ҚКБ-ның 96,8% акциясын Халық банкіне сату-сатып алу шарты аясында іске асырылатыны және "Пробемалы несиелер қоры" АҚ (ПНҚ) 2,4 трлн теңгеге БТА-ның активтерін сатып алып, соңғысы оны ҚКБ-нің несиесін өтеуге жұмсауға міндетті болғаны туралы айтылған болатын.

Еске сала кетсек, 15 маусымда ҚКБ-нің ірі акционерлері ("Самұрық-Қазына" ӘАҚ және Кеңес Рақышев)  өз үлесінің әр пакетін 1 теңгеге сататыны туралы мәлімдеді. Одан әрі негіздемелік келісім аясында ПНҚ тарапынан үлесті несие бөлінеді деп көзделген, осыдан соң Халық банкі ҚКБ-ні 185 млрд теңгеге қосымша қаржыландыруға міндеттелген еді.

ПНҚ үлесті несие беріп, БТА ҚКБ алдындағы қарызын өтегеннен кейін ақша нарығында екінші күн қатарынан (3 шілдеден бастап) теңге өтімділігінің тапшылығы байқалып тұр. Нақтырақ айтсақ, TONIA көрсеткіші 9,6%-ға дейін өсті, бұл Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлеменің төменгі шегі болып табылады.

Halyk Finance зерттеу департаментінің басшысы Мұрат Темірхановтың пікірінше, теңге өтімділігінің тапшылығы ҚКБ-нің басындағы жағдайға қатысты емес, бұл Қазақстан банктерінің біріндегі немесе бірнешеуіндегі өтімділік проблемаларының салдары.

"Жалпы қазақстандық банктерде теңге өтімділігі қажетті мөлшерден артық, бұған Ұлттық банктің қайтарып алған теңге мөлшері дәлел. Егер соңғы үш айдағы TONIA көрсеткішін қарайтын болсақ, көп жағдайда мөлшерлеме Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің төменгі шегіне қарай белгіленгенін байқауға болады. Алайда бұл өтімділік банктер арасында бірдей бөлінбеген. Мысалға, Халық банкінде өтімді активтер 40%-дан асады, ал кейбір банктерде өтімді активтер бар болғаны 5-6% деңгейінде, бұл өте аз. Міне осы тапшылықтың әсерінен олар теңгені жоғары мөлшерлемемен алуға мәжбүр болады, бұл ақша нарығында дүркін-дүркін жайсыз оқиғаның орын алуына әкеледі", – деп түсіндірді қаржыгер.

Әйгерім Сүлейменова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу