Кодшеринг келісімі транзит тұрғысынан тиімді

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
2147

Тарихи отанына көшіп кеткен 50 мыңға жуық неміс жыл сайын Қазақстандағы туыстарына келіп тұрады.

Кодшеринг келісімі транзит тұрғысынан тиімді

Қазақстан мен Германияның Air Astana және Lufthansa әуе компаниялары арасындағы кодшеринг келісімі әуе транзитін арттырады.

Астанада Air Astana  президенті Питер Фостер, Lufthansa компаниясының Ресей, ТМД және Израиль бойынша бас директоры Аксель Хильгерс кодшеринг келісіміне қол қойып, екі әуе компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастықты, ұзақмерзімді серіктестік қарым-қатынасты бекемдеді. Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде жолаушылар екі ел арасындағы, нақтырақ Астана-Франкфурт және Франкфурттан Алматы мен Астана аралығында аталған әуе компаниялары жүзеге асыратын күн сайынғы 7 рейстің орнына аптасына кез-келген 14 рейс қызметін пайдалана алатын болды. 26 наурыздан бастап күшіне енетін келісім әсіресе, ең қолайлы рейсті таңдау мүмкіндігіне ие транзиттік жолаушылар үшін ыңғайлы болмақ. Тасымалдаушы операторға қарамастан жолаушылар екі әуе жолдың біреуінің билеті мен кодын пайдаланып, екі компания рейстерімен саяхаттай алады.

"Аталған кодшеринг келісімі – клиенттеріміз үшін жақсы жаңалық және еуропалықтарға Қазақстанды бір табан жақындата түседі. Екі компания жолаушылары екі әуе тасымалдаушының да кең бағдарлы желісін пайдалануға қол жеткізді. Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан экономикасы бар елдердің бірі. Ал Air Astana – біздің жаңа серіктесіміз, оны Орталық Азиядағы жетекші әуе компаниясы ретінде танимыз", – деді Lufthansa компаниясының Ресей, ТМД және Израиль бойынша бас директоры Аксель Хильгерс.

Қолайлы бағдар желісіндегі байланыстармен бірге клиенттер жол жүктерін тікелей тіркеуге мүмкіндік беретін әуе жолының жалғыз кодын пайдаланып бір билетпен ұша алады. Олардың жайлылығы үшін Air Astana Франкфурт әуежайындағы 1-ші терминалға көшеді, бұл тіркеу уақытын және Lufthansa мен басқа да серіктестердің рейстеріне келу уақытын азайтады.

"2003 жылдан бастап екі әуе компаниясы арасында интерлайн-келісім бар. Бұл келісім серіктестер рейсіне әуе билеттерін ресімдеуге мүмкіндік береді. Яғни Air Astana  интерлайн-серіктестігі бағдарлы желісінің барлық рейстеріне Air Astana  әуе компаниясы берген билеттермен саяхаттауға болады және керісінше, біздің компанияның интерлайын-серіктесі Air Astana рейстеріне жарайтын билеттер бере алады. Егер жолаушылар саяхаты интерлайн-келісім шеңберінде аталған екі әуе компаниясы жүзеге асыратын ұшудың бірнеше сегменттерінен тұрар болса, жолаушының жүгі соңғы жету пунктіне дейін тіркеледі. Яғни жолаушы ұшақтан түсіп, қайта мінетін кезде өз жүгін алып, оны қайта тіркетіп әуре болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, Lufthansa жолаушылары Miles & More бағдарламасы аясында Air Astana борттарымен ұшу арқылы үстеме сыйақы ретінде милдерге ие болады", – дейді Air Astana  президенті Питер Фостер.

Германия Федеративті Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэльдің айтуынша, бұрын Қазақстанда тұрып, кейін тарихи отанына көшіп кеткен 50 мыңға жуық неміс елімізге туыстары мен жақындары үшін жыл сайын келіп тұрады екен.

Ұлттық тасымалдаушы болып табылатын  "Air Astana" және өз нарығында аймақтық көшбасшы Lufthansa арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін болашақта арнайы келісімге қол қою арқасында өз ішінде рейстерді ұштастыру нүктелеріне ыңғайлы тарифтер ұсыну көзделуде. Мәселен Қазақстанда Ақтау, Атырау, Павлодарға,  сонымен бірге көрші елдер – Бішкек, Ташкент, Үрімшіге жақсы тарифтер қарастыру әуе компаниялар арасындағы әріптестікті бекіте түспек.

Райхан Рахметова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу