Қой санын көбейткісі келетіндерге кедергі көп

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында қой басы 90 мыңға кеміді.  

Қой санын көбейткісі келетіндерге кедергі көп

"Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір" деген мақалдан қадір қашқалы қашан?! Арыға бармай-ақ, осыдан 30-40 жыл бұрын қазақ жерінде 40 млн қой болды дегенге сенудің өзі қиын. Статистикаға сенсек, 1990-2001 жылдар аралығында елдегі қой басы 3,6 есеге қысқарған.

Қой санының азаюын ауылдағы ағайын сәл болса да тежеп тұр. Бүгінгі таңда облыстағы 1 852 мың қойдың 90%-ы жеке қолда. Осыған байланысты бар үміт малды табыс көзіне айналдырған шаруа қожалықтары мен кооперативтерге ауып отыр. Алайда өңірдегі мал шаруашылығы құрылымдарының көбі жылқы мен сиырға бағытталған. Өйткені жылқы мен сиырдың етіне сұраныс көп. Ал қой еті жайлы бұлай дей алмаймыз.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2016 жылдың басында аймақта 1 942 мың бас қой болған. Биыл бұл көрсеткіш 4,6%-ға кеміген. Атап айтар болсақ, Абай ауданында қой саны - 7 мыңға, Тарбағатай ауданында - 18 мыңға, Күршім ауданында - 5 мыңға, Катонқарағай ауданында - 30 мыңға азайған.

"Қой басының азаюына бірнеше себеп қатар әсер етуде. Қазір ет пен теріге, жүнге деген сұраныс аз. Ауыл маңында жайылымның аздығы да қой санын көбейткісі келетіндерге кедергі келтіріп отыр. Ал ірі шаруа қожалықтарында шопан тапшы. Кадр тапшылығының өзекті мәселе", – деді ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Саршанов.

Сараптамалық деректер бойынша, елімізде қойдың 75%-ы ауылдардан 3 шақырым қашықтықта бағылады екен. Жайылымның тарлығы әрі жыл сайын тозып келе жатқандығы саланың дамуына тосқауыл болып тұрған көрінеді.

Қой етіне деген сұраныстың қандай екенін көру үшін базарға бас сұқсаңыз жетіп жатыр. Оның бағасы сиыр етінен 200-300 теңгеге, жылқы етінен 400-500 теңгеге арзан. Өңірдегі ет комбинаттары да негізінен сиыр етін алуға ынталы.  

2016 жылы Қытайдың "Eurazia Agro Holding" және "Rifa Holding Group" атты трансұлттық компаниялары Аягөз ауданында комбинат салып, жылына 50 мың бас қой етін эскпорттайтын болған. Алайда әзірге екі жоба да қағаз күйінде тұр. Былтыр ирандық "Agroportal" компаниясы да осыған ұқсас жоба ұсынды.

"Ирандық инвестор салатын ет комбинаты Семейдегі индустриялық аймақтан бой көтереді. Оған шикізат жеткізуге Аягөз, Тарбағатай, Абай, Бесқарағай аудандары атсалысады. Қажет болса, әр қожалық қай уақытта қанша қой өткізетінін кесте арқылы белгілейміз", – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев "Agroportal" компаниясы жыл сайын сайын 100 мың бас қойды ет ретінде қабылдауды жоспарлап отырғанын айтты.

Жүннің орнын синтетика басты
Бүгінгі таңда ел бойынша тері өңдеу ісі тұралап тұр. Абай ауданы мен Семей қаласындағы жүн-тері өңдейтін кәсіпорындардың түтіні түзу ұшпай тұрғаны сондықтан. Сән әлеміндегі тенденцияларға үкім айтып отырған АҚШ, Жапония, Еуроодақ елдерімен терезе теңестіру үшін бізге бұл салада ұзақ  еңбектену қажет. Оның үстіне аталмыш елдердің тері өңдеу компанияларына дайын шикізатты Аустралия, Иран, Жаңа Зеландия, Қытай, Үндістан мемлекеттері артығымен жеткізіп отыр. Соның ішінде Қытай өзімен көршілес Ресей және Моңғолия елдерінен тері қабылдап, оны Еуропа елдеріне өткізіп, пайда көруде. Ал қой жүніне деген сұраныс әлем бойынша азайған. Соңғы 20 жылда әлемдегі  жүн өңдеу өнеркәсібі 33,3%-ға қысқарған екен. Өйткені мақталы мата мен синтетикалық талшықтар қой жүнінен жасалған матадан әлдеқайда арзанға түседі. Соңғы 2-3 жылда мұнай бағасының құлдырауы да жүннің өтімділігін тежей түскен. Себебі синтетикалық талшықтың барлығы мұнайдан өңделеді. Дегенмен шопан ата түлігінің жүнін өндірістен мүлдем шығарып тастаған ешкім жоқ. Әлемде қой жүнін ең көп импорттайтын елдердің көшін тағы да Қытай бастап тұр. Шығыста  оңтүстік көршімізге ауылшаруашылық өнімдерін еркін өткізу үшін бірыңғай зертханалық орталық құрылып, ұсынылатын тауарлар тізбесі әзірленуде. Сол тізімге қой жүні мен терісі енсе, шопан атаның ізін жалғаушылардың үміті оянары сөзсіз. Қытай етті әрі ең көп экспорттайтын, әрі ең көп импорттайтын ел ретінде танылған. Сондықтан екі арадағы дәліз қой етінің саудасын да қыздыруы тиіс. Ол үшін қой етінен өңделген өнімдер де жоғарыда айтқан тізбеге енуі шарт.

Жалпы, қой етіне деген сұраныс сиырдан әлдеқайда төмен болғанымен, бағлан еті көп елдерде жеңсік ас саналады. Оның бағасы ересек қой етінен 2-4 есеге қымбат. Осыны жақсы білетін Аустралия мен Жаңа Зеландия Еуропа елдері мен АҚШ-қа, Сауд Арабиясына жыл сайын тонналап бағлан етін экспорттап келеді. Осындай жағдайлар жинала келіп, қой шаруашылығының болашағы ет өңдеуде деген түсінік қалыптастырып отыр. Сондықтан аталмыш саладағы көшбасшы елдер бүгінде қойдың етті нәсілдеріне ден қойып, жүні сапалы нәсілдер екінші сатыға түскен. Ал бізде қой тұқымын сұрыптауды қойып, басын аман сақтап қалу мұң болып тұр.

Келешек кооперативтерде
Қалай болғанда да ата кәсіптен күдер үзуге болмайды. Себебі биыл агроөнеркәсіпті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы жүзеге аса бастағанына бір жыл болады. Аталмыш жобада қой шаруашылығына субсидияның бірнеше түрі қарастырылған.

"Қой тұқымын түрлендіру бағытында бірінші және екінші деңгейдегі асыл тұқымды қойдың бір басына бұрын 1500 теңге төленсе, биыл ол 2500 теңге болмақ. Сатып алынған асыл тұқымды тұсақтың әр басына 8 мың теңге, қошқарға 20 мың теңге төленуі мүмкін. Тек биылдан бастап асыл тұқымды емес, тауарлы қойдың әр басына 1500 теңге субидия берілмек. Сондай-ақ биязы жүннің әр келісіне 150 теңге, қылшық жүннің бір келісіне 100 теңге төлеу қарастырылған. Аталмыш ереже наурыз айына дейін бекітілуі тиіс", – дейді Әлібек Саршанов.

Ғаламтордан шопан қажет деген жарнаманы жиі кездестіруге болады. Алайда жұмыс берушілердің төлейтін еңбекақысы мардымсыз. Шопанның жеке басына 40-60 мың теңге, жанұясына 100 мың теңге ұсынады. Мұндай ақшаға қой бағуға кез келген адам келіспесі анық.

"Маман тапшылығынан Аустралия, Ұлыбритания, Иран, Жаңа Зеландия елдері де өткен. Олар бұл мәселені өлшеусіз еңбекті талап ететін процестердің барлығын механикаландыру арқылы шешіп отыр. Бізде кенже қалғанымен Франция, Италия, Англия, Португалия, Испания елдерінде қой сүтінен ірімшіктің түр-түрі өндіріледі. Бүгінде бүкіл әлем қой сүтінің сиыр сүтінен құнарлы екенін мойындап отыр. Сондықтан Швеция қойды көгендеп саууға арналған жылжымалы станоктардың түр-түрін шығаруда. Автоматты қырықтықтардың қолданысқа енгеніне де біраз уақыт болды. Мұндай құрылғыларды сатып алу құнын ауласында 30-40 қойы бар шаруаның қалтасы көтермейтіні түсінікті. Ал кооперативке бірігу арқылы ортақ несие алып, қалаған станок пен қырықтықты сатып алуға болады. Бүгінде мемлекет 20-дан астам мүшесі бар кооперативтерге 50 млн теңгеге дейін инвестициялық несие беруді жолға қойды. Бұған қоса кооперативке біріккен шопандар үшін екпе жұмыстары мен тоғыту сияқты ветеринарлық шараларды бірлесіп өткізу тиімді, әрі оңтайлы болмақ", – деп қорытты ойын  ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Саршанов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу