banner

Көк түріктер түлеткен Корей түбегіне қайтадан бейбіт нұры тарай бастады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4315

Әлем жұртшылығы ақ Олимпиада қарсаңында Оңтүстік және Солтүстік Кореялар қарым-қатынасында пайда болған "жылымықты" талқылауда. 

Көк түріктер түлеткен Корей түбегіне қайтадан бейбіт нұры тарай бастады

Осыған дейін жылдар бойы дүниежүзін ядролық қарудай қаһарлы жаңалықтарымен тітіренткен Корей түбегі қазір бейбітсүйгіштігімен таңғалтатын оқиғалардың басты көзіне айналып шыға келді. КХДР алдымен оңтүстіккореялық Пхёнчханда осы аптада салтанатты түрде ашылатын Олимпиада ойындарына қатысатынын жариялады. Мұны аз десеңіз, бұған дейін бірін-бірі жау санап келген қос мемлекеттің олимпиялық командалары ашылу рәсімінде қолұстасып, Корей түбегі бейнеленген ақ түсті ортақ туды көтеріп шығатын болды. Бұл ретте мемлекеттік әнұрандар орнына олар барша корейлерге ортақ халық әні "Ариранды" қоюды жоспарлауда.  

Бұдан бөлек, қос Корей елі әйелдердің бір хоккей командасын қалыптастырыпты. Салыстыру үшін айталық, осының алдындағы Риодағы жазғы Олимпиада кезінде солтүстіккореялық гимнастшы қыз Хон Джон Юн оңтүстіккореялық әріптесі Ли Ын Джунмен бірге селфи жасағаны үшін қатаң жаза тарта жаздаған.

Сондай-ақ енді солтүстіккореялық делегация бұрынғыдай үшінші елдер арқылы айнала ұшпай, Оңтүстік Кореяға екі ортадағы құрлықтағы шекараны тікелей кесіп өтетін болды. Бұл уағдаластықтардың барлығы 17 қаңтарда демилитаризацияланған аймақтағы шекаралық бекетте қол қойылған, 11 тармақтан тұратын келісіммен бекітілді. Бұған дейін қырғи-қабақ қатынастағы қол ел ортақ құжаттарға қол қоюдан да тартынып келген.

Оңтүстік Корея КХДР-дан тек спортшылар мен жаттықтырушылар ғана емес, оның сыртында шенеуніктер делегациясының, қолдаушы топтардың, тхэквондо бойынша көрнекті өнерін паш ететін команданың, көркем ұжымның келуіне жол ашты.

Айтпақшы, дәл осы көркем ұжым сапарымен бірге анықталған қызықты жаңалықты да жаһандық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Ұжымға КХДР билігіндегі еңбек партиясының орталық комитетінің мүшесі, әнші Хён Сон Воль жетекшілік етпек. Осылайша, халықаралық жұртшылық алдында Хён ханым "ресми түрде қайта тірілді". Себебі, осыдан бірер жыл бұрын әлемдік агенттіктер Ким Чен Ын өзінің нақсүйері және "Моранбон" вокалды-аспаптар ансамблінің жетекшісі Хён Сон Вольді оның ұжымындағы кейбір қыздардың үйінде Библияны сақтағаны және жасырын түрде христиан дінін ұстанғандары үшін атқызып тастағаны туралы "жантүршігерлік әрі аянышты оқиғаны" жариялаған болатын. Америкада бас сауғалаған солтүстіккореялық өнерпаз Лим Хи Ён ансамбль ұжымының зениттік зеңбіректен атылғаны, ал әлі тірі жатқан қыздарды танктердің таптағаны туралы үрейлі хикаяны әңгімелеп берген. Мұны өз тұсында оңтүстіккореялық барлау органы ресми растады. Осылайша, тарихқа енген "қанішерлік фактісі" қазір "жылымық" аясында жоққа шығарылып отыр.

Сонымен бірге, бұл "жылымықты" тек Олимпиадамен байланыстыру әбестік. Қос Кореяның қарым-қатынастарының тоңы жіби бастағаны басқа бағыттарда да байқалуда. "Жоғарғы деңгейдегі" саяси келіссөздерге дайындық жүруде. Бұған Ким Чен Ынның жаңажылдық үндеуі де ықпал етті. Басқа салаларда да, атап айтқанда, "Қызыл Крест" ұйымымен байланыстарды жолға қою, қос Кореяда ажырап қалған отбасылардың кездесуін өткізу де салмақты түрде талқылануда.

Бұл хабарлардың барлығы әрине, әлем үшін күтпеген, тосын жайт болды. Өйткені өткен жылдың желтоқсанында сарапшылардың көбі Корей түбегін ядролық апат күтіп тұрғанын жорамалдағаны жасырын емес. Былтыр Солтүстік Корея өзінің зымырандық-ядролық бағдарламасын белсенді түрде дамытты, континентаралық баллистикалық зымырандар ұшырды, ядролық сынақ өткізді. Негізі, дәл сол 2017 жылы ҚХДР осы бағытта өз тарихындағы ірі жетістіктерге жетті: тұңғыш рет толыққанды төл сутекті бомбасын жарды. Атлант мұхитының ар жағындағы АҚШ-қа дейін ұшып барып, үлкен мегаполисті жоқ қыла алатын баллистикалық зымыранын сынады. Әсіресе, Құрама Штаттардағы кез келген елдімекенге соққы жасай алатын жаңа "Хвасон-15" зымыранының күш-қуаты жаһан жұртшылығын шошынтты.

Алайда артынша шиеленіске тосқауыл қою жолындағы алғашқы қадамды да ресми Пхеньян жасады. Соғыс туа қалған жағдайда Вашингтонның ядролық арсеналының бар жойқын әлеуетін осы елге төгуді шындап қарастырып жатқанын түсінген КХДР шиеленіс қызуын төмендетіп, Сеулмен келіссөздерге және ең алдымен, гуманитарлық байланыстарды қалпына келтіруге дайын екенін білдірді. Сеул мұны қуана қарсы алды. Себебі, Оңтүстік Корея кезінде АҚШ пен Кеңес одағы кесірінен жасанды түрде екіге жарылған бір халықтың түптің-түбінде қайта қосыларына сенеді. Және сеніп қана қоймай, осы бағытта мемлекеттік саясат жүргізуде. Мәселен, Кореяның қайта бірігуі мәселелерін ілгерілетумен жеке министрлік айналысады.

Тағы бір фактор: 2017 жылғы мамырдағы сайлау қорытындысында Оңтүстік Корея билігіне солшыл ұлтшылдар келді. 2008-2017 жыл аралығында елді басқарған консервативге қарағанда, бұлардың КХДР-ге қатысты көзқарасы әлдеқайда жұмсақ. Солшылдар әу бастан КХДР-мен гуманитарлық байланыстарды жолға қоюға ұмтылып келеді. Олардың ұстанымынша, қарапайым адамдар арасында орнатылатын жеке байланыстар сайып келгенде, кореяаралық қарым-қатынастарды қалыпқа келтіріп, екі елге де абырой мен жақсылық әпермес қарулы қақтығыс қаупін жоюға түрткі болады. 

Басқаша айтқанда, Сеул де, Пхеньян да сыртқы күштердің араласуы жақсылыққа соқтырмайтыны, өз проблемаларын өздері шешулері тиістігі жайында ортақ тоқтам-түсінікке келді. Осы орайда сарапшылар КХДР-дың "шиеленістің әбден шегіне жетуін" келіссөздерде өз мүдделерін өткізудің шарты ретінде қарастыратынын еске салады. Сонымен қатар әскери мамандар да континентаралық баллистикалық зымыранның бір табысты ұшырылымы мемлекеттің солармен қаруланғанын білдірмейтінін, алда олар талай жылғы сынақтардан өтуі қажеттігін ескертеді. Ендеше әзірге АҚШ-тай алып державаға бәрібір тең қарсылас бола алмайды.

Бір айта кетер жайт, осы арқылы Ким Чен Ын АҚШ тарихындағы рейтингісі ең төмен президент саналған Дональд Трамптың беделін көтерді. Президент Трамп пен оның командасы Корей түбегіндегі оқиғалардың осы оң өрбу барысын өз жетістігіне жазуда. Бұл туралы америкалық лидер твиттерде мәлімдеп те үлгерді. Дегенмен, бұл жолы АҚШ президентінің бұл айтқаны шындық екенін және штаттар солтүстіккореялық режим саяси бағытының өзгеруіне өз үлесін қосуы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Дональд Трамптай бірде-бір президенттің бұған дейін КХДР-ға қатысты осынша аса қатал мәлімдемелер жасамағаны назар аудартады. Сонымен бірге әскери мамандар мен сарапшылар Құрама Штаттар тарапынан қарулы соққы беру ықтималдылығы артқанын болжады. Пхеньян мұндай қатерді елемей отыра алмайтын еді. Ол алпауыт қарсыласына ауыр шығын мен нұқсан келтіруге қауқарлы болғанымен, әскери текетіресте жеңіске жетпейтінін ұғынса керек.

Дәл осы ахуалда Солтүстік Корея баллистикалық алыс қашықтықты зымырандарды ары қарай сынай беру Американың төзімін тауысып, шұғыл қимылға көшуіне серпін бере ме деп қауіптеніп, бұл саясатын тиғанға ұқсайды. Нәтижесінде, аса перспективті "Хвасон-15" зымыранының сынақтары өрістетілмей, шектелді.

Қазақта "құланның қасуына мылтықтың басуы" деген даналық бар, яғни әртүрлі факторлар бір арнада тоғысып отыр. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның жаңа президенті Мун Чжэ Ин өзінің сайлауалды тұғырнамасында консерваторлар кесірінен ушыққан кореяаралық қарым-қатынастардағы дағдарысты еңсеруге уәде еткен болатын. Мун Чжэ Ин Трамппен келіссөздер арқасында Сеулдің Пхеньянмен гуманитарлық, спорттық және өзге де экономикалық емес өзара әрекеттестікті дамытуына келісімін алды. Себебі, Америка екі елдің ынтымақтастығы БҰҰ енгізген санкцияларды айналып өтіп, Солтүстік Кореяға экономикалық көмек берумен астаса ма деп қауіптенеді.

Қалай болғанда, Корей түбегіндегі жағдайдың жақсарғаны қазаққа да керек. Біріншіден, қос Корея да біздің құрлықта, Азияда орын тепкен. Онда ядролық жанжал болса, зиян-зардабы Еуразия орталығына дейін жетуі кәдік. Екіншіден, бұл елдер бізге бөтен емес. Тарихымызда Түрік қағанаты тұсында байырғы ата-бабаларымыздың үстемдігі Корея түбегіне дейін таралғаны айтылады. Жақында корейлер еліміздегі өз елшісі арқылы Олимпиадада қазақ спортшыларына жанкүйер болуға уәде ететіндерін мәлімдеді. Ал үшіншіден, Солтүстік Кореяның төл ядролық бағдарламасын өрістетуі Қазақстан көшбасшы болып табылатын ядролық қарусыз әлем қозғалысының жетістіктерін жоққа шығаруы мүмкін еді. Демек, КХДР ядролық сынақтар өткізуін тоқтатса, мұны Семей ядролық полигоны жабылған кезден басталған ұлы бетбұрыстың заңды қорытындысы ретінде қарастыруға болар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу