Қолма-қол төлем – қымбат, алдын ала төлем арзан болуы мүмкін

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
4005

Еліміздегі автобандарға әртараптандырылған тариф енгізілсе, көлік ағынына әсер ететін барлық фактор есепке алынады.

Қолма-қол төлем – қымбат, алдын ала төлем арзан болуы мүмкін

Алғашқы және әзірге жалғыз Астана-Щучинск ақылы автобанымен (211 шақырым) жол жүру ақысы жеңіл көлік үшін бір шақырымы бір теңге болғанына біраз уақыт өтті. Таяу жылдары қайта жаңғыртылған бірнеше республикалық маңызы бар автожол учаскесін ақылы ету жоспарланып отыр, ал 2022 жылы мұндай жолдардың жалпы ұзындығы жеті мың шақырымға жетеді деп болжануда.

Бұл  Астана-Қостанай - Ресей шекарасының Троицк (835 шақырым), Щучинск-Петропавл - Ресей шекарасының Қорған (320 шақырым), Павлодар-Омбы бағыттары (217 шақырым), Астана-Павлодар (441 шақырым), Алматы-Қапшағай (42 шақырым), Астана -Теміртау (169 шақырым), Батыс Еуропа-Батыс Қытай (Ресей шекарасының Ақтөбе-Тараз-Благовещенка бағыты – 1987 шақырым),  Атырау-Доссор-Ақжігіт - Өзбекстан шекарасының бағыты (419 шақырым), Ақтау-Бейнеу (445 шақырым),  Ақтөбе-Орал- Ресей шекарасының Самара (536 шақырым), Орал-Саратов бағыттары (100 шақырым), Алматы-Қорғас (303 шақырым) және  Шымкент -Тәшкент - Өзбекстан шекарасының бағыты (101 шақырым) сияқты учаскелер.

Жаңа учаскелермен жүргенде қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр және жоба қашан жүзеге асатыны туралы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ бизнесті дамыту басқармасының басшысы Ернар Төлегенов abctv.kz-ке берген сұхбатында айтты. 

– Астана-Щучинск ақылы автобаны жұмысының аралық қорытындысы қандай: автобаннан күн сайын қанша көлік өтеді, 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биыл ақылы жолдан қанша табыс түсті, оның қаншасы жүк көліктеріне, қаншасы автобустарға, қаншасы жеңіл көліктерге тиесілі болды?

Ақылы учаскенің орташа қарқыны күніне 7 мың көлікті құрайды. Бірақ демалыс күндері күніне 15 мың көлікке дейін жетеді. 2016 жылы түскен ақша 1,131 млрд теңге болды. Бұл ретте ақы алу бекеті арқылы өткен жол жүру саны 2,663  млн теңге болған. 2015 жылмен салыстыратын болсақ, алым 2%-ға, ал қарқындылық 3%-ға өскен. Алымдардың ең көп бөлігі бесінші, алтыншы және жетінші санатты автокөліктерге тиесілі, яғни бұл 10,15 тонна және одан үлкен фуралар бар деген сөз. Олар барлық алымның 60%-ын құрап отыр.

– 2017 жылдың қорытындысы бойынша алым қандай болады деп болжанып отыр?

– Соңғы жылдары алым орташа есеппен 2%-ға өсіп келеді.   

– Яғни 1,131 млрд теңге және оған қосымша 2% ғой?

– Иә.

– Жазғы уақытта жекелеген күндерде ақылы автобаннан шығатын жерде көліктер жиналып қалады. Бұл мәселе қалай шешілуде? Автокөлік жүргізушілері арасында үйреншікті қолма қол төлеуге қарағанда төлем жасаудың жаңа тәсілі қаншалықты танымал болуда?

– Тап қазіргі уақытта бізде алдын ала төлем жасау жолағы жұмыс істейді, яғни алдын ала төлемді Qiwi, "Касса 24" терминалдары арқылы және payway.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп төлеуге болады. Бүгінгі күні ақылы жолды пайдаланушылардың 30%-ы алдын ала төлем жасау жүйесін меңгерген. Кептелісте тұрмас үшін осы жолақты пайдаланыңыз деп осы төлем жасау түрін барынша жарнамалап жатырмыз. Сондай-ақ тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін байланыс орталығы бар. Ол жерден алдын ала төлемді қалай жасауға болатынын сұрап білуге болады. Мұнымен қоса қазір  RFID белгісін енгізу тәжірибесі қолға алынды. Бұл белгі электронды жапсырма түрінде жүреді, яғни алдыңғы әйнекке жапсырылады. Сондай-ақ оған ақша салып, оны қосымша арқылы бақылауға болады. Жаңа технологияларды пайдаланушылар мұны қуана-қуана қолданатын болады деп ойлаймыз.

–  Жаңа технологияларды кімдер көп пайдаланады?

–  Көбінесе жеңіл көліктер, сонымен қатар он шақты фурасы бар тасымалдаушы-компаниялар жиі пайдаланады. Олардың арасында жолаушылар тасымалын жасайтын жекеменшік автобустар да бар.

–  Жолды жөндеу мен пайдалану жұмысына жыл сайын қанша қаражат кетеді? Мұндай шығындардың өсу тенденциясы байқала ма?

–  Норматив бойынша осы учаскені ұстауға кететін шығындар жалпы алым есебінен жабылады. Бірақ та жалпы жүйені ұстау шығыны бар екенін естен шығармауымыз керек. Бұған камераларды ауыстыру мен бағдарламаларды жаңартып отыру жұмыстары кіреді.

– Камералар қаншалықты жиі ауыстырылуы керек? Сіз автобандағы әр 30 шақырым сайын орнатылған камераларды айтып тұрсыз ба?

–  Иә, бізде мұнымен айналысатын IT бөлім бар.

–  Жыл сайынғы пайдалану шығынының арту тенденциясы байқалама әлде олар бекітілген бе?

 – Құрал-жабдықты ұстау мен сатып алу бағасы нарықтағы бағаға байланысты. Әрине девальвация мен бағаның үнемі өсуі шығындарға әсер етпей қоймайды.

– Бұл камералар Қазақстанда жасалмайды, демек девальвациядан кейін оның теңгедегі бағасы өсті ғой...

 – Иә.

– Сіздерде  интеллектуалды жүйе орнатылған. Бағдарлама кімнен сатып алынады?

–  Біз шама келгенше отандық өнімді пайдалануға тырысамыз. Қазір көптеген қазақстандық компаниялар интеллектуалды көлік жүйесі элементтерін жасаумен айналысатынын байқап жүрміз.  

– Алдағы бес жылда (2018-2022) нақты қандай жол учаскелерін ақылы негізде (барлық көлік түрлері үшін немесе тек жүк көліктері үшін) пайдалану ұсынылып отыр?

 – Осы жылдың соңына дейін Астана -Теміртау жол учаскесін ақылы ету жоспарланған. Бұл бағыттағы автокөлік жолы бірінші санатқа жатады. Сонымен қатар Алматы-Қапшағай жолы да бірінші санатты. Тап қазіргі уақытта ақы алу жүйесін салу жұмысы жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы бес мың шақырымнан асатын автокөлік жолдарын ақылы етуді көздеп отырмыз. Бұл халықаралық Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі учаскелері: Тараз-Қайнар, Тараз-Шымкент- Қызылорда сонымен Шымкент -Тәшкент- Өзбекстан шекарасының бағыты. Бұл - бірінші санатты учаскелер.

Ақтөбе-Орал-Ресей шекарасының Самара, Орал-Саратов  бағыттары, Ақтау-Бейнеу-Өзбекстан шекарасының Атырау-Бейнеу бағыттары екінші, Павлодар-Омбы, Көкшетау-Петропавл-Қорған, Астана-Қостанай-Троицк бағытындағы жолдар үшінші санатты жол болып табылады. Астана-Павлодар, Астана-Щучинск, Қапшағай-Талдықорған бағытындағы жолдар бірінші санатқа жатады.

– Әр учаскені салуға қанша уақыт берілген? Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай жолына қатысты интеллектуалды жүйе сатып алынды ма?

– Бүгінгі таңда мердігермен жабдық жеткізуге қатысты келісімшарт жасалды. Бұл камералар, ақы алу бекеті, сервер және барлық кешенді метостанция.

–  Осылардың барлығы орнатылды ма?

–  Жоқ, енді қойылып жатыр.

– Сіздер барлық қажетті инфрақұрылымды, камерасы бар шлагбаумды орнатпайынша ақы алынбайды ғой...

 –  Иә, бірақ оларды қысты күні де қоюға болады, яғни бұл жол салу емес. Жыл соңына дейін мұнда сынақ ретіндегі жүйе жұмыс істейді. Оны үш ай тексеріп, 2018 жылдың II тоқсанында ресми түрде іске қосамыз.

– Сынақ кезі туралы айтыңызшы...

– Бұл уақытта жүру тегін болады. Жүргізушілер шлагбаумға келіп тоқтайды да, ары қарай жүре береді.

Инвестициялар және даму министрлігінің автокөлік жолдары комитетімен ынтымақтасу және Бүкіләлемдік банктің қарызға берген ақшасы арқылы Алматы-Қорғас учаскесіне де ақы алатын жабдық қою көзделіп отыр. Бұл өте маңызды учаске. Мұнда құрылыс жұмысы аяқталып қалды. Жол бірінші санатты, төрт жолақты болады. Жүйе 2018 жылы енгізіледі деп жоспарланған.

– Астана-Павлодар жолы қашан ақылы болады? Бұл жерде жол салуға қатысты ирандық "Дена рахсаз" компаниясымен проблема болған еді, қазір бұл учаскелер тағы да тендерге шығарылып жатыр...

–  Егер біз келесі жылы учаскелерді тапсыратын болсақ, онда шамамен бес-алты айдан кейін бұл жолды ақылы етеміз. Мұның барлығы жолды пайдалануға беруге байланысты болады.

– Яғни 2018 жылдың екінші жартыжылдығында бұл жолды ақылы ету мүмкін ғой...

–  Иә, келесі жылы Алматы-Қорғас, Алматы -Қапшағай, Астана-Теміртау жолдарын ақылы етеміз деп отырмыз. 2019 жылы Тараз-Қайнар, Тараз-Шымкент-Қызылорда, Ақтау-Бейнеу және Қызылорда-Ақтөбе-Ресей шекарасының Орынбор, Орал-Самара бағытындағы жолдар ақылы болады.

–  Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылысы аяқталуға жақын ба?

– Қордайдағы учаске салынып жатыр, бұл жер әзірге ақылы болмайды.  

–  Сонда Қазақстан арқылы Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жердің барлығы ақылы бола ма?

 –  Иә, Орынбор, Самара және Саратовқа дейінгі жердің бәрі ақылы болады. Халықаралық дәліз Ақтөбеден Орынборға баратын учаскемен аяқталады.  

– Ол жердегі жүйе қандай болады? Жолда жүргені үшін барлығы ақы төлей ме?

– Бірінші санатты автожолдарда көліктердің барлық түрінен ақы алу жоспарланып отыр. Екінші және үшінші санатты жолдарда тек жүк көліктерінен ғана ақы алынады. Қызылорда-Қайнар, Астана-Павлодар, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау бағытындағы жолдар бірінші санатқа жатады. Сондай-ақ Щучинск-Көкшетау (төрт жолақты жол) жолы да бірінші санатты. Ол да 2019 жылдан бастап ақылы болады.

– Бұл жерге өздерінің кіру, шығу терминалдарын қоя ма, әлде қазіргі автобанмен біріктіріле ме?

– Ол қазіргі учаскеге кіргеннен кейін басталады. Одан әрі қарай Петропавл-Қорған бағытындағы  учаске дайын. Петропавл-Қорған жолын қайта жаңғырту жұмысы осы жылы басталған болатын. Ол 2019 жылы аяқталады деп отырмыз. Көкшетау-Петропавл және Петропавл-Қорған бағытындағы екі жолақты жол екінші санатқа жатады.  

– Көкшетау-Петропавл жолы 2019 жылдан бастап тек жүк көліктері үшін ғана ақылы бола ма?

– Иә.

– Петропавл-Қорған жолы қашан ақылы болады?

– 2019 жылы. Жолды пайдалануға берген кезде бірден ақылы етеміз.

Бұл жұмысты атқаруда серіктес кім болады, "Қазақтелеком" ба?

– Менің білуімше, бізде ТОБЖ бойынша төрт оператор бар. Бұл – "Қазақтелеком", "Транстелеком", "ҚазТраском" және "Билайн" ұялы операторы.

– Астана-Щучинск жолында осылардың қайсымен жұмыс істейсіздер?

– Менің білуімше, "Қазақтелекоммен". Қазір Павлодар-Қалбатау, Құртты-Бурылбайтал учаскелерінде құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Салынатын жаңа учаскелерді де ақылы ету жоспарланған.

– Қарағанды-Алматы жолы да ақылы болады ғой...

– Біздің жоспар  2020 жылға дейін жасалған. Бұл "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асып жатқан жоба, бұдан әрі қарай жаңа жоспар құрылады.  

– 2020 жылы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша қай жолдар ақылы болады?

– Павлодар-Семей-Қалбатау, Үшарал-Достық, Жетібай-Жаңаөзен және Астана-Қостанай.

– Троицк қай жылы ақылы болады?

– 2019 жылы.

–  Ол жердегі жол екі жолақты ма?

–  Иә, ол жерде екінші және үшінші санатты жол болады.  

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана-Атбасар жолы жүк көліктері үшін ақылы болады дегенді оқыған едім. Бірақ нақты жұмыс жүргізілмеді. Осы жолды Астана-Троицк жолына қосып жіберуді ойлап отырсыздар ма?

– Иә, толық тізбек болу үшін осылай істейміз.

– Қапшағай-Талдықорған жолы қашан ақылы болады?

– 2019 жылы.

– Павлодардың Омбымен шекараласқан жері де 2019 жылы ақылы бола ма?

 – Иә.

– Сонда тек 2020 жылға дейін ақылы болатын жолдар белгіленіп қойған екен ғой. Инвестициялар және даму министрлігі болса 2022 жылға қарай шамамен жеті мың шақырым жол ақылы болады деп отыр ғой...

– Біз жоспарды тезірек орындауға тырысып жатырмыз. 2022 жылға дейін емес, 2020 жылға дейін осы жеті мың шақырымды ақылы етуді жоспарлап отырмыз.  

– Сіз айтқан жолдар бес мың шақырымнан асады ғой?

–  Иә, бұған қосымша Теміртау, Қапшағай, Щучинск және Қорғас бар.

 Компанияның тарифке қатысты қандай да бір ұсынысы бар ма? Көршілес елдерде (Қытай және Ресей) ақылы жолдарда жүру тарифі едәуір жоғары. Мысалы Ресейдегі бір шақырым жолдың бағасы бізден бес-жеті есе жоғары. Сіздер де бағаны осы деңгейге немесе үш есе көтергілеріңіз келмейі ме, яғни бір шақырымды бір теңге емес, үш теңге ету ойларыңызда жоқ па?

–  Әртараптандырылған тариф енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни қолма-қол төлем жасайтындар үшін бес теңге, ал алдын ала төлем жасайтындар үшін үш теңге болады. Қоғамдық тыңдалымдардан кейін, яғни кері байланыс орнағаннан соң Бүкіләлемдік банк кеңесшілері соңғы есепті, яғни барлық көлік класына қатысты есепті ұсынады. Мұның бірнеше нұсқасы беріледі. Бұл тарифті алқалық шешім бойынша қабылдаймыз. Шешім қабылдауға ИДМ автокөлік жолдары комитеті, сондай-ақ осы міндетті атқаруға қатысты адамдардың барлығы қатысады. Тап қазір ертең жол ақысы бес немесе жеті теңге болады деп айту әзірге ерте.

– Біз әңгіменің тарифтерді арттыру жайында болып отырғанын жақсы түсініп отырмыз ғой, өйткені ақылы автобандарды енгізгеннен бері тариф өзгерген емес. Доллардың бағамы 120 теңге болған кездегі бір шақырым үшін бір теңгемен, доллардың 340 теңге болып тұрған бағамы кезіндегі бір теңгенің арасы жер мен көктей. Сонымен қатар интеллектуалды жүйенің бағасы да құбылып тұрады. Ресейде уақытқа байланысты тарифтерде өзгеріс бар, яғни оларда түнгі уақыттағы жүру құны күндізгіге қарағанда төмен. Осындай өзгерістер енгізу жоспарда бар ма?

– Біз өте үлкен әртараптандыруды қарастырып, көлік ағынына әсер ететін барлық факторды есепке алып жатырмыз. Оның ішінде күн бойынша, сағат бойынша, мезгіл бойынша да есептеу бар. Мақсат – кептеліс пен кедергілерден барынша құтылу.

– "ҚазАвтоЖол", автокөлік жолы комитетінің және Бүкіләлемдік банктің қандай да бір әртараптандырылған тариф пен жүйе туралы алқалық шешімі қашан қабылданады?

– 2018 жылдың  I тоқсанында нақты шешім қабылданады деп үміттенеміз.  

– Астана мен Алматыда қалаға кіру мен қала көшелерін ақылы ету мүмкіндігі қарастырылған болатын...

–  Біз тек республикалық маңызы бар ақылы автокөлік жолдарының оператормыз. Сондықтан қаланың ішкі жолдарына біз емес, әкімдік жауап береді.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу