Колонияға жөнелтілгелі жатқан жасөспірімді асырап алған ана

4333

Бүгінде 26 ұл-қызды мейіріміне бөлеп, "бұзық" ұлынан немере сүйіп отыр.

Колонияға жөнелтілгелі жатқан жасөспірімді асырап алған ана

Ерлi-зайыпты Герман мен Екатерина Яценколар Екiбастұз қаласында алғашқылардың бірі болып патронаттық тәрбиеге қадам жасаған жандар. Олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен тұл жетімдерді бауырына басқан алтын жүректі ата-ана.

Өкініштісі сол, отағасы Герман Яценко былтыр дүние салды. Қазір оның құдай қосқан қосағы 26 баланы өзі өсіріп отыр.

"Анам 27 жасында дүние салды. Ол кезде небәрi 1 жаста едiм. Әжем мен әпкемнiң тәрбиесiнде болдым. Жоқшылық көрмесем де, ананың орны бөлек екенін сезініп өстім. Жасыратын несі бар, өмiр бойы анамды аңсадым", – деді Екатерина Яценко.

Бірде балалар үйіне жолы түскен Екатерина  жасөспірім ұлды кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған колонияға жөнелткелі жатқанын құлағы шалып қалады. Баланың болашағына балта шабылатынын ойлаған ана жанын қоярға жер таппайды. Жұбайы Германмен ақылдасып, жаңағы баланы асырап алуға бел буады. Сөйтіп келісімін алу үшін баламен жолыққан кезде оның өзімен бірге туған екі інісі де осында тәрбиеленіп жатқанын біледі. Осылайша Герман мен Екатерина бір дегенде 3 ұлды үйлеріне алып кетеді.

"Колонияға жіберетіндей қандай бұзықтық жасағанын білмеймін. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін оның мәнісіне үңіліп те көрген жоқпын. Ең бастысы Рүстем жақсы азамат боп ержетті. Үйленді, үш баланың әкесі атанды. Рүстемнен бөлек бір қызым мен екі ұлым үйлі-баранды болды. Олардың да алды екі-үш бала сүйіп отыр", – деді Екатерина Яценко.

Осыдан 3 жыл Герман мен Екатерина тағы 13 жетімге әке мен ананың мейірімін сыйлады. Ерлікке пара-пар әрекетке барған жандардың бір ерекшелігі, олар әлдекімдер секілді тек денсаулығы мықты балаларды ғана асырауға ұмтылмайды. Мысалы 10 жыл бұрын асырап алған 2 баланың да денсаулығында кінәрат болды. Бүгінде 13 жастағы Ержан арбаға таңылған.

Әңгіме үстінде ересек ұлдар Ержанды біздің қасымызға алып келді. Баланың жүзі жарқын. Сөздерін үзіп-үзіп: "Мама, мен сені жақсы көремін!" деп анасының алақанын сипады.

"Көрдіңіз бе, қолдарын қимылдатады. Бұрын икемге келмейтін. Бұл – Ержан үшін үлкен жетістік", – деді Екатерина

Яценколар отбасы балаларды ұлтқа бөлмейді.

Бұл туралы  көпбалалы ана: "Барлығымыз адамның баласымыз, ішкен суымыз, жұтқан ауамыз бір. Ұлтқа бөлудің қажеті қанша, барлығы балаларым емес пе? Мені барлығы "Мама" дейді. Бұдан асқан бақыт бар ма?" – деді.

Өз кезегімізде біз ыңғайсыз болса да: "Біраз жасқа келдіңіз, қолтығыңыздан демейтін жан-жарыңыздан көз жазып қалдыңыз, балаларды жалғыз асыру қиын емес пе?", – деп сұрадық. Ол: "Әр балаға 18 мың теңгеден жәрдемақы төленеді. Ол аз ба, көп пе өзіңіз бағамдаңыз. Біз жоқшылыққа мойыған емеспіз. Сиыр, шошқа, тауық ұстаймыз. Ет, сүт, жұмыртқа  өзімізден. Қала сыртында саяжайымыз бар. Ауламыздағы бақшаға да көкөніс  отырғызамыз. Ешқашан, ешкімнен, алақан жайып көмек сұраған жоқпыз", – деді ағынан жарылып.

Осы отбасынан өрбіген ұлдар мен қыздар бала-шағасымен жаңа жылда қарашаңырақта бас қосады. Бұл – олар үшін бұлжымас заң.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу