Қолы қайырылған кәсіпкер қалайша еңсе тіктейді?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2843

Ұлттық палата министрліктерге ревизия жүргізуге дайын.

Қолы қайырылған кәсіпкер қалайша еңсе тіктейді?

Кәсіпкерлердің иығына артылған әлеуметтік және салықтық жүктемелерді арттыра берсе, олардың бір бөлігі 90-жылдардағыдай жалақыны конвертпен беруге көшуі ықтимал.

Бүгін Сенатта өткен "Теңгерімді және ашық бюджет – елдің табысты және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі" тақырыбындағы парламенттік тыңдауда "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев осындай қауіп білдірді.

Табыс сыртында, кәсіпкерлерді толғандыратын басты мәселелердің бірі – бюджеттік тапсырыстар, мемлекеттік сатып алулар және салықтар екені сөзсіз. Сондықтан бұл парламенттік тыңдау бизнес үшін де маңызды болды.

Өз сөзінде Нұржан Әлтаев мемлекет басшысының жаңа салық кодексін әзірлеу туралы тапсырма бергенін еске салды. Өйткені бұл бірінші кезекте іскерлік белсенділікті және инвестицияны ынталандыру, сондай-ақ "көлеңкелі" экономика үлесін төмендету үшін қажет. Салықтың тым көп болуы ұзаққа созылған дағдарыстан онсыз да титықтай бастаған бизнеске қосымша соққы болмақ.

Америкалық атақты актер Стивен Сигал, француздардың беткеұстар өнер тұлғасы әрі продюсер Жерар Депардье еріккеннен өз елдерін тәрк етіп, Ресей азаматтығын алған жоқ. Ресейде тұрмайтындарын ашық мәлімдеген бұл "жұлдыздардың" солтүстік көршімізге емешегі үзіліп тұрғаны да шамалы, олар тек миллиондаған қазынасын салық жұтып қоймауы үшін осындай әдіске барды.

КҰП басшылығының өкілі елбасының осы тараптағы тапсырмасының басты бөлігі – салықтық жүктеменің артуына жол бермеу болып табылатынын атап көрсетті.

"2016 жылдың қорытындысы бойынша біз мемлекеттік бюджетке түсетін салықтық түсімдердің 23,3 пайызға немесе 1,1 триллион теңгеден астамға артқанын бақылап отырмыз. Корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығы бойынша түсімдер айтарлықтай өсіп келеді. Сонымен бірге салықтық түсімдердің көбеюі – кәсіпкерлер қатарының кеңеюі және іскерлік белсенділіктің артуы арқасында болып отырған жоқ. Бұл керісінше шағын және орта бизнестің белсенділігінің құлдырауы, кәсіпкерлер үшін нарықтағы өрістің салмақты түрде қысқаруы және теңгелік өтімділіктің азаюынан орын алып отыр", – деп мәселенің мәнін ашты Нұржан Әлтаев.

Статистикаға жүгінсек, шағын және орта бизнестің жұмыс жасап тұрған субъектілерінің саны өткен жылы 4,6 пайызға кеміді. ШОБ шығаратын өнім көлемі де 2016 жылы 6,9 пайызға азайды.

"Яғни салықтық түсімдердің өсуіне бірінші кезекте, салықтық тексерулер және кәсіпкерлерге салықты қосымша есептеу есебінен қол жеткізілуде. Тиісінше, бұл бизнесмендердің қолын қайыру арқылы күштеп жасалуда" деді ұлттық палата басшысының орынбасары.

Америкалық атақты психолог Луиза Хей қолды қайыру "ең үлкен ауырсыну сезімін" тудыратын қимылдардың бірі екенін айтады: "Қолдар адам тәнінің жүрек тұсымен байланыстырылған. Қолды қайырған кезде буындар сырқырайды, бұлшық ет нерві қысылады, жүрек тулайды, көзден жас шығады. Дене тепе-теңдігін жоғалтады. Бұл азапқа төзе алмаған кез келген адам қарсыласу қабілетінен айырылады, ауырсыну сезімінен құтылу үшін бәріне көнеді" дейді маман.

Қадағалаушы-тексеруші органдардың құзырлы қызметкерлерінің қысымына ұшыраған, "қолы қайырылған" барлық кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің күйін де осылай суреттеуге болатындай. Олардың жұмысы да тепе-теңдігінен айырылып, дағдарады, өндірістің барлық буындары "сырқырайды", барлығына қолды бір сілтеп, тексерушілердің барлық айтқанына көнуге мәжбүр болады.

Қаржы министрлігінің дерегі бойынша 2016 жылы шамамен 10 мың тексеру өткізілген. Бұл ретте 1 тексеруге шаққанда қосымша есептеу көлемі 54,6 миллион теңгені құрады. Осылайша, өткен жылы салықтар бойынша жалпы алғанда шамамен 550 миллиард теңге қосымша өндірілген. Ұлттық палатадағылар бизнесмендердің көп жағдайда салықшылардың қосымша есептеген салықтарының негізсіз екенін дәлелдей алмай, төлеуге мәжбүрленетінін айтады.

"Мемлекет басшысы салықтық заңнама жұмысының күрделілігін әділетті түрде сынға алды. 20 жыл ішінде Салық кодексінің көлемі 5 есеге көбейген! Мемлекеттік кірістер департаменттерінің қызметкерлері көбінесе оның нормаларын өз еріктерінше түсіндіреді. Содан кейін кәсіпкерлерге әлгі қосымша есептеулерге қарсы шағым түсіріп, қателігін дәлелдеу тым қиынға түседі. Сондықтан біздің пайымымыз бойынша, жаңа Салық кодексі әкімшілендіруді түбегейлі түрде жеңілдетуге, оны аталған процеске қатысушылардың барлығы үшін мейлінше қарапайым әрі түсінікті етуге тиісті, – деді Нұржан Әлтаев.

КҰП басқарма төрағасының орынбасары тағы бір мәселені көтерді. Оның байламынша, жақын уақытта жоспарланып отырған кәсіпкерлер үшін еңбекақы төлеу қорына түсер жүктемені арттыру мәселесі "салмақты проблемаға айналуы" ықтимал.

"Атап айтқанда, жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне міндетті зейнетақылық жарналар аударуы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті сақтандыру жарналарын төлеу ендірілуде. Әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық жүктеменің қосымша артуының жалпы көлемі 2020 жылға қарай, 2016 жылмен салыстырғанда, 10 пайызды құрайды. Біз еңбекақы төлеу қорына түсер салмақтың өсуі еңбекпен қамтуды заңдастыру жолында елеулі кедергіге айналады деп санаймыз. Яғни кәсіпкерлер 90-жылдардағыдай жалақыны конвертпен төлеуге көшуі мүмкін. Бұл сайып келгенде кәсіпорындар шығаратын өнімнің, азық-түліктің не олар көрсететін сервистің құнына қосылуы ықтимал", – деді Нұржан Әлтаев.

Бұдан конверт сатып алушылар ұтпаса, мемлекет те, бизнес орта да шығын шегері сөзсіз. Қазіргі кезде "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ұлттық экономика министрлігіндегі жаңа салық кодексі жобасын әзірлеуші жұмыс тобының жұмысына қатысып жатқаны мәлім болды.

Осы аптада мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, салық салудағы кемшіліктерді атаған болатын.

"Біз бұған дейін салықтық міндеттемелер бойынша сотқа шағымдану мерзімінің өтуін 3 жылға дейін қысқартуды сұрап, үкіметке ұсыныспен шыққанбыз. Себебі қазіргі 5 жылдық мерзім салықшыларға тіпті ұдайы тексерістердің өтіп тұрғанына қарамастан, айыппұлдар мен өсімақыларды бірден бүкіл бес жылға қосымша есептеуіне мүмкіндік береді. Яғни осылайша кәсіпкерге осы жылдар бойына қайтара салық салынады, қаншама миллион қаржылық санкция тағайындалады, кейбір жағдайларда бұлар кәсіпорынның банкротқа ұшырауына әкеп соқтырады. Көрші Ресейдің өзі 3 жылмен шектеліп отыр. Алайда 17 ақпанда Үкіметтен келген жауапта 5 жылдық мерзім кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бекітілгені айтылады. Бұл қосымша құн салығын есептеу және қайтару рәсіміне қажет делінген. Біздіңше, бұл жауап нағыз абсурд!" - дейді депутат.

Сонда салықшылардың үнемі соңғы 5 жылдағы есептілікті қопарып, қайта-қайта мін іздеуіне қалайша кәсіпкерлер мүдделі болады дейді ол.

Үкіметтің биылғы 3 ақпандағы кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев та салық жүйесін қатаң сынға алғаны есте: "Бұл салық кодексін әлдекім дұшпандық мақсатта жасаған сияқты... Салық заңнамасы іскерлік белсенділікті ынталандыруға тиіс!" деп нықтаған болатын мемлекет басшысы.

Әрине кәсіпкерлер бизнес үшін салықтық жүктеменің артуына жол бермеу туралы айта бастаса болды, бұған жауап ретінде мұның "мемлекеттің әлеуметтік міндетін орындауға" қатысты екені туралы дәйектемелер алға тартылады.

"Бірақ біздің ойымызша, бұл тұрғыда бюджеттік қаражаттарды падаланудың тиімділігін бағалау және әсіресе мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік тапсырыс салаларындағы және жергілікті бюджеттегі мемлекеттің жоспарлауды бақылауды күшейту – үлкен резерв болып табылады", – деп әлеуметтік міндеттемеге қажетті мол қаржыны табудың басқа көзін көрсетті Нұржан Әлтаев.

Расында биылғы жолдауында Елбасы "Бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыруды" тапсырды.

"Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет. Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын" деді президент.

Ал "Атамекен" КҰП министрліктердің бюджет қаржыларын жұмсау тиімділігін бағалауға белсенді қатысуға дайындығын мәлімдеді.

Ұлттық палата ұстанымынша, осы ревизия барысында "меморгандар шығыстарын қалыптастыру тетіктеріне, оларды мемлекет-жеке меншік әріптестігі қағидаттарын қолдану арқылы оңтайландыру мүмкіндігіне көңіл бөлу қажет".

Ревизорлар онсыз да экономиканы ілгері сүйреп келе жатқан кәсіпкерлерді бөгеп, қадамына кедергі жасай бермей, солар қазынаға құйған миллиардтарды тиімсіз шығындап, талан-тараж етіп жатқан шенеуніктерге "ревизорлық сапарларын" өрістетсе, ел қаржысы сайда саны, құмда ізі қалмай, құрымай, керісінше ұтымды жұмсалар еді. Мұнайдың долларлық тасқыны сұйыла бастаған қазіргі кезеңде бюджеттің бір үлкен табыс көзі де осы болмақ.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу