banner

Көмек қар тазаламай жатқандарға емес, үйлері суға батқандарға ғана көрсетіледі

3682

Аудан әкімі орынбасарының сөзінен осыны ұқтық. 

Көмек қар тазаламай жатқандарға емес, үйлері суға батқандарға ғана көрсетіледі

Осыдан біраз бұрын Қарағанды облысының бас құтқарушысы Ибрагим Күлшімбаев: "Аймақта болатын кез келген төтенше жағдайға дайынбыз", – деп  мәлімдеме жасаған болатын.

Айтылған сөздің қаншалықты рас екенін анықталатын сәт туған тәрізді. Былтыр толарсақтан су кешкен  Байқадам ауылы биыл тағы да суға батты. Ал көршілес жатқан  Көкпекті елді мекенінің тұрғындары үрей құшағында отыр.

Айта кетейік бұл жерге қар жылдағы мөлшерден 2 есе көп түскен. Бүгінге дейін қалың қардың 4/2 бөлігі ғана еріген.

Бүгін ғана Қарағанды облысының су жаңа әкімі Ерлан Қошанов төтенше жағдайлар департаментінің  басшысына "тоғандарындағы мұзды жарып, су басу қаупі бар ауылдарды қатаң бақылауда ұстаңдар",  – деп тапсырма берді. Біз осыны алға тарта отырып, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаевтан мәселенің мән-жайын білуге тырыстық. Ол бізге: "Үйлерінің айналасындағы қарды тұрғындар өздері тазалауы тиіс. Оған техниканы да өздері жалдауы керек. Ал баспаналарын су басып қалса, көмек көрсетуден қашпаймыз ", – деп жауап берді.

Қазір тұрғындар  үйлерін су басқанын күтіп отыр. Не үшін?  Әкімдіктен көмек алу үшін.

Бүгін Қарқаралы ауданына қарасты Нұркен  ауылының тұрғындары да табиғи апатпен арпалыса бастады.  Бұл жақта ағын су тас жолды бұзып,   ауылға ентелеп келеді. Ауылдағылар бала-шағасын қалаға жіберіп, өздері төрт түлігін сақтап қалудың қамына кірісті.

Осы оқиғаның ізін ала Шет ауданынан да жағымсыз жаңалық жетті. Мұнда 10 мыңнан астам тұрғыны бар Ағадыр станциясын су шайды. Күрт еріген  қар суы бір күннің ішінде кенттің орталығына дейін жайылған. Тіпті темір жол вокзалы мен кейбір әкімшілік ғимараттар түгел су астында қалған. Бұған қоса 10 шақты үйге су кірген.

Халықтың дабыл қағуымен облыстың құтқарушыларына хабарластық. Бізге төтенше жағдайлар  департаментінің баспасөз хатшысы Қуаныш Мүталапов жауап берді.

"Қазір ресми мәлімет беретін ешкім жоқ, барлық қызметкер ауылдарды бақылауға  кетті. Ал Нұркен мен Ағадыр кенттеріндегі жағдай толық бақылауда. Су деңгейі ертеңге дейін түседі деп болжап отырмыз", – деді ол.

Бір қызығы, ауыл  аралап жүрген  құтқару қызметінің өкілдерін жергілікті тұрғындардың көзі шалмапты. Сонда олар көзге көрінбей келіп кеткен бе? Әлде қалай?

Аяжан Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу