Көмекке квадракоптер келеді

13193

Павлодар облысында цифрландыру шарасы барлық бағытта бірдей атқарылып жатыр.

Көмекке квадракоптер келеді

Ел үкіметі өткен жылы 12 желтоқсанда "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын бекітіп, өңірлерге цифрлық технологиямен ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосуды және осы арқылы қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуды жүктеді.

Жобаны жүзеге асыру үшін таяу болашақта қазіргі экономиканы цифрландыру, ал ұзақмерзімді жоспар аясында болашақтың цифрлық индустриясын құру бастамасы көтерілді. Мақсатқа жету үшін "Экономика саласын цифрландыру", "Цифрлық мемлекетке көшу", "Цифрлық жібек жолын іске асыру", "Адами капиталды дамыту" сонымен қатар "Инновациялық экожүйе құру" сынды 5 бағыт белгіленді. Жоспар толық орындалған жағдайда 2022 жылға дейін электрондық сауда 2,6%-ға, ғаламтор желісін пайдаланушылардың үлесі 82%-ға, ел азаматтарының  цифрлық сауаты 83%-ға артады және 300 мың жаңа жұмыс орыны ашылады деген болжам жасалды.

Мемлекеттік бағдарламаны алға ілгерілетуде Павлодар облысы өзге облыстардан көш ілгері тұр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев баяндады. Оның сөзінше, өңірді цифрландыру шарасы барлық бағытта бірдей атқарылып жатыр.

"Қазірдің өзінде қызмет көрсетудің 38%-ы электронды форматқа көшірілді. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 85%-ға жетеді", – деді Мейрам Бегентаев.

Сөз арасында облыс әкімінің орынбасары цифрландыру қалай басталғанын тілге тиек етті.

"Бастапқыда мектептер үшін кundelik электронды журналын енгіздік. Алайда нормативтік акт бойынша жазбаша түрдегі құжат та қажет болды. Мұғалімдердің жағдайы қиындады. Олар жазбаша журналмен қатар электронды журналды толтыруға тиіс болды. Біз мұғалімдердің жұмысын азайтқанның орнына көбейттік. Қазір оларға таңдау беріліп отыр, ұстаздар екеуінің біреуін таңдай алады. Өз басым дайын тұрған электронды журнал нұсқасы тиімді деп ойлаймын. Дегенмен таңдау жасау құқығы мұғалімдердің өздерінде қалады", – деді Мейрам Бегентаев.

Бұдан кейін шенеунік медицина саласында да осындай жағдай болғанына назар аударды.

"Алдағы уақытта білім және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қамқоршылық кеңесі мен қадағалау кеңесінің жүйесі өзгереді. Бұл кеңестер мекеменің қаржылық-шаруашылық әрекеттерін бақылайтын болады. Ал білім саласында "Бірыңғай білім ақпараттық жүйесі" құрылады. Бұл жүйе бойынша 366 мектеп жұмыс істеп жатыр, таяуда қалған 5 мектеп қосылады", – деді Мейрам Бегентаев.

Айтпақшы облыстағы 35 денсаулық сақтау ұйымының 32-сі медициналық ақпараттық жүйеге қосылған екен. Қазір "Павлодар облысы тұрғындарының жеке медициналық деректерінің бірыңғай базасы" атты  бірыңғай ақпараттық кеңістік құрылып жатқан көрінеді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Оразғұлов мәлімдегендей, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Павлодар облысындағы барлық ауруханалар мен емханалар жалпы медициналық ақпараттандыру жүйесіне тіркеледі.

"Өткен жылы облыс халқына 3,8 миллион теңгеге мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 3,2 миллионы медицина саласына тиесілі болған. 2017 жылы аймақтың медициналық мекемелері 1 млн 200 мың қызметті электрондық түрде көрсетті. Негізі көрсеткішті 1 млн 500 мыңға жеткізуге болатын еді", – деді Расул Оразғұлов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев медицина саласын цифрландыру қарқын алмаса, бәсеңдемейтінін айтты.

"Әр ауруханада "науқастың электронды тарихы" жобасы жүзеге асырылып,  әр науқасқа электронды төлқұжат жасалады", – деді басқарма басшысы.

Облыста "ЭКСПО-2017" жобаларын қолданысқа енгізу жұмысы да жүйелі жүріп жатыр. Көрмеден іріктеліп алынған  20 жобаның екеуі сынақтан өтуде.

Айтпақшы облыста "Smart city" жобасы да қарқын алып келеді.

Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасқайрат Қайыровтың сөзінше, алдағы уақытта бұлтты бейнебақылау жүйесі аясында тұрғын үйлерге 1700-ден астам бейнебақылау орнатылады. Инновациялық жобаны қолданысқа енгізу үшін жергілікті полиция қызметі мен  "Қазақтелеком" АҚ келісімге қол қойған

"Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс  80%-ға аяқталған. Әзірге облыс орталығындағы  тұрғын үйлер қамтылады. "Қазақтелком" АҚ бейнабақылау камерасын тегін орнатады, алайда қызмет үшін тұрғындар ақша төлейді", – деді Жасқайрат Қайыров.

Оның сөзінше, облыста 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында әрбір аудан үшін квадрокоптер сатып алынады.

"Биыл елдімекендерде квадрокоптер қолдану жоспарланып отыр. Ұшатын аппарат жоғалған малды іздеуге, қарақшылардың ізін кесуге, су тасқынын бақылауға және бұқаралық шараларды ұйымдастыруға көмектеседі. Жаңа техника  қоғамдық тәртіпті сақтау,  қылмыстың алдын алу және табиғатты қорғау ережелерін бұзуға  жол бермеу мақсатында қолданылады", – деп қорытты сөзін ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу