KPI шенеуніктердің еңбекақысына қалайша әсер етеді

1917

Өңірлердегі мемлекеттік құрылымдарда еңбекақы 50%-ға артуы мүмкін.

KPI шенеуніктердің еңбекақысына қалайша әсер етеді

Елімізде мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы олардың тиімділігіне байланысты есептелетін болады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім еткендей, мекеме еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесін әзірлеп жатыр.

"Ұлт жоспарының" бесінші және алтыншы қадамдарын іске асыру аясында жаңа жүйе енгізіліп жатыр. Ол тұрақты және ауыспалы құрамдас екі бөліктен тұрады. Тұрақты бөлігі грейдинг факторлық-баллдық шкаласы негізінде лауазымдарды бөлуді көздейді. Яғни лауазымды иелену деңгейі мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін қандай үлес қосқанына тәуелді болады.

Егер бүгінгі күні еңбекақы мемлекеттік қызметшінің иеленіп отырған лауазымына байланысты болса, жаңа жүйеде еңбекақы көлемі мемлекеттік қызметшінің қалай жұмыс істеп, мемлекеттік органның дамуына қаншалықты үлес қосқанына қарай сараланады", – деп мәлімдеді үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Айгул Шайымова.

Ал ауыспалы бөлігі бонустардың есебінен құралатынын түсіндірді. Оның қаншалықты есептелуі мемлекеттік қызметші жұмысының тиімділігіне байланысты болмақ. Шенеуніктер еңбегінің нәтижелілігі әр тоқсан сайын бағаланады. Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша KPI шығарылады.

Жүйеде мемлекеттік қызметшілердің төрт санаты бөліп көрсетілген: өте жақсы, тиімді, қанағаттанарлық және тиімсіз. Бұлардың басындағы екеуі бонус алуға үміттене алады.

"Жүйенің тиімділігін тексеру үшін үш мемлекеттік орган іріктеліп алынды. Біріншісі – мемлекет басшысына есеп беретін орган. Сынақ ретінде оған біздің агенттік қатысады. Екіншісі – үкіметтің қарауындағы мемлекеттік орган. Қазіргі кезде бұл әділет министрлігі болады деп шешілді. Үшінші орган – жергілікті атқарушы орган, алдын-ала шешім бойынша бұл Алматы облысының әкімдігі болады деп жоспарланып отыр", – деп түсіндірді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары.

Мекемедегілер енгізіліп отырған әдістеме өңірлердегі еңбекақы мөлшерін орталық мемлекеттік органдардағы деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді деп есептейді.

"Алдын ала есептеулер жүргіздік, бірақ бұл 100% солай болады деп сенімді айта алмаймын. Айтарым: бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың еңбекақы мөлшерінде үлкен алшақтық бар. Жүйені қайта қараудың нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың еңбекақысын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік туады. Алдын ала есептеулер бойынша, жергілікті атқарушы органдың еңбекақысы шамамен 50%-ға артады. Бұл тек алдын ала жасалған есептеулер. Бұл дәл солай болады деп кесіп айта алмаймын", – деп баса айтты Айгүл Шайымова.

Сынақ жоба келесі жылы іске қосылады деп жоспарлануда, осыдан соң жүйе барлық мемлекеттік органдарға енгізіледі.

МҚІ СЖҚІА басшысының орынбасары мемлекеттік қызметшілердің шамадан тыс жұмыс істеу мәселесіне қатысты да пікір білдірді. Оның ойынша, мемлекеттік органдардағы қызметкерлерде  шамадан тыс жұмысбастылық мәселесі жоқ.

"Бұл мәселе мемлекеттік органдар қызметін бағалау нысаны болып табылады. Сондықтан мемлекеттік қызметте барлық жерде бірдей шамадан тыс жұмысбастылық орын алған деп айтуға болмайды. Бұл құбылыс құрылымның барлығына тән деп айта алмаймыз. Егер қызметшілердің мемлекеттік органның әкімшілік ғимаратында өткізген уақытын бақылау жүйесінің көмегімен алынған ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, қызметшілер 1 сағат 19 минут шамадан тыс жұмыс істейтіні анықталды", – деді Айгүл Шайымова.

Мемлекеттік қызметшілер көбінде шұғыл тапсырмалар болған кезде жұмыста кідіріп қалады.

Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу