ҚР СІМ "Қазақстан- Ұлы дала елі" атты бірегей сандық қосымшаны таныстырды

12049

2016 жылдың 20 маусымында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сандық технология саласындағы бірегей жаңа туынды – "Қазақстан – Ұлы дала елі" санды қосымшасын ұсынды.

ҚР СІМ "Қазақстан- Ұлы дала елі" атты бірегей сандық қосымшаны таныстырды

Министрдің мәлімдеуінше, бұл- Қазақстан туралы өте сирек кездесетін ақпаратты бір жерге жинақтаған, сандық технология саласындағы алғашқы туындылардың бірі. Сонымен қатар бұл жердегі суреттер мен бейнематериалдар бұрын басқа еш жерде жарияланбаған, эсклюзивті болып табылады. Әзірлеушілер әр материалдың техникалық және көркемдік сапасына жоғары талап қоя білді. Жобаны дайындауға 33 мемлекеттік және жекеменшік ұйым мен құрамында журналистер, фотографтар, бейне операторлар, дизайнер, бағдарламашылар бар 80-дей адамнан тұратын отандық және шетелдік мамандардың үлкен шоғары тартылған болатын. ""Қазақстан – Ұлы дала елі" қосымшасы еліміз туралы ақпаратты заманауи және интерактивті форматта көрнекі етіп ұсыну үшін жасалды", – деді министр.

Қосымша Windows, Apple, Android ( ұялы телефон, планшет, ноутбук, компьютерлер) жүйесі базасында жұмыс істейтін барлық құрылғыларға арналған. Сонымен бірге, интернет-сайт түрінде web-нұсқасы жасалды. Еліміздің барша азаматтарына арналған қосымша сан алуан тақырыптарды қамтитын еліміз жайлы нағыз сандық энциклопедия болғалы тұр. Ол география, тарих, қоғам, мәдениет, мемлекет, халықаралық қатынас, экономика, туризм, Астана, ЭКСПО- 2017 деген 10 бөлімнен тұрады. Қосымша еліміздің елшілері үшін де пайдалы. Оны кездесу, таныстырылым кезінде және отандастар мен шетелдегі қазақ диаспорасы ортасында ақпараттық, имидждік жұмыс үшін пайдалануға болады. Әсіресе, туризм, Қазақстанға салынып жатқан инвестициялар және ЭКСПО-2017 көрмесі туралы материалдар шетелдіктер үшін қызықты болуы тиіс. Жоба үш тілде- қазақ, орыс және ағылшын тілінде дайындалған. "Қосымша елімізбен жақынырақ танысқысы келетіндер арасында сұранысқа ие болады деген үміттеміз. Осы қосымшаны әзірлеу барысындағы өзіміз танып-білгендей, өзгелер де одан Қазақстан туралы көптеген жаңа, таңғажайып фактілерді табатынына сенімдімін",- деді Ерлан Ідрісов.

Қосымшаны AppStore және Play Market арқылы жүктеуге және орнатуға болады. Ол үшін іздеу жасайтын жолға Kazakhstan Land of the Great Steppe деп жазу қажет. Жеке компьютерлерде қолдану үшін СІМ-нің www.mfa.gov.kz ресми веб-сайтындағы қосымшаның windows- нұсқасын жүктеуге немесе веб-нұсқасын онлайн режимде көруге болады.

Қосымша жалпы 68 тараудан тұрады, оның әрқайсысында жеке фотогалерея бар. Жалпы 370-ден артық сурет, 24 бейне ролик, 3D форматтағы 12 нысан, 20 панорамалық сурет, 12 интерактивтік 3D графика, 4 интерактивтік 3D карта бар.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу