banner

Криптовалютадан қуат дағдарысы туындады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3536

Бүкіл әлемде күтпеген жерден энергиялық дағдарыс бастау алуда және ол Қазақстанға қарай бет қойды.  

Криптовалютадан қуат дағдарысы туындады

Қысқы уақыт кезінде дүниежүзінде қуат тұтыну көлемі өсетіні мәлім және маусымдық сипаттағы бұл жоғарғы сұраныстың көлемі бұрыннан есептеліп, ескерілген. Алайда мамандар жаһандық тұтыныс ауқымы соңғы жылда күрт әрі шектен тыс өсуге ден қойғанын тіркеуде, кейбір елдер тіпті электр қуатының тапшылығына маңдай соғуда.

Жаңа үрдістің даму барысына зерделеу жүргізген сарапшылар жаһандық жаңа энергиялық дағдарыстың "қайнар көзін" тапты. Оған "майнинг", яғни криптовалюта өндіру процесі түрткі болуда. Бұл құбылыс бірқатар елдерде тұтынушылардың барлық санаттары үшін электр бағасының қымбаттауына соқтыруда екен.   

Би-Би-Сиге сұхбатында жергілікті HS Orka энергетикалық компаниясының өкілі Йоханн Снорри Сигурбергссон Исландияда майнингтік орталықтардың электр қуатын тұтыну көлемі елдің бүкіл тұрғындары шығындайтын көлемнен биылғы жылдың өзінде-ақ асып түсетінін мәлімдеді. Исландия мемлекетінде небары 340 мың адам тұрады. Ел қуатқа деген қажеттілігін негізінен қайта жаңғыратын энергия көздерінен өтейді. Бірақ бұлай бара берсе, оның өзі жеткіліксіз болып қалуы ғажап емес.

Исландиялықтар бұған дейін жыл сайын тұрақты түрде шамамен 700 гигаватт/сағат (гВт/с) тұтынып келді. Алайда барлық іске қосылған және жоспарланып отырған майнингтік фермалар жобаларына ғана енді 840 гВт/с тоқ керек болады. Олар компьютерлер мен салқындату жүйелерінің жұмысына шығындалады. 

"Бізді алаңдататыны сол, қазіргі кезде ақпаратты өңдеу орталықтарының электр энергиясын жұмсау көлемдерінің экспоненциалды, қарқынды өсімі байқалуда. Біздің болжауымызша, бұл процестің жақын уақытта баяулауы неғайбыл. Өйткені майнинг фермаларын іске қосқысы келетін инвесторлар мен компания өкілдері бізге үнемі қоңырау шалып немесе осы мәселе бойынша кездесіп жатады. Егер осы жобалардың барлығы өмірге жолдама алса, Исландияға электр қуаты жетпей қалады", – дейді Йоханн Сигурбергссон.

Және бұл қазақстандықтарды мазалауға тиіс мәлімет болып табылады. Себебі, майнерлердің Исландияға ағылуының басты себебі – бұл елде қуат тарифтерінің төмендігімен байланысты. Бұл арзаншылық электрдің төрттен үш бөлігінің су электр стансаларында, ал қалған ширек бөлігі геотермалды стансаларда өндірілетіндігімен түсіндіріледі. Еуропалық одақ елдерімен салыстырғанда, мұндағы қуат құны арзан саналған. Нәтижесінде, майнерлер аралды белсенді игере бастады.

Бұл ақыр соңында Исландиядағы электр бағасының дүрк көтерілуіне соқтырды. Мәселен, 2016 жылы ғана тарифтер 9,2%-ға жоғарыласа, былтырғы 2017 жылда тағы 16,8%-ға қымбаттап шыға келді. Салдарынан, егер екі жылдай бұрын ғана Исландиядағы электр құны ТМД елдерімен теңдес болса, 2017 жылдан бастап, қымбаттау нәтижесінде бұл көрсеткіш бойынша тіпті Чехия, Польша, Словакия секілді Шығыс Еуропа елдерін де артта қалдырды. Мамандардың айтуынша, майнерлердің қуат тұтыну көлемі ары қарай қарқынды өсе берсе, исландиялық энергия бағасы Германиямен теңеспек. Ал немістердің электр тарифтері еуропалық одақтағы ең жоғарысы екені белгілі.  

Бірақ Исландия майнинг кесірінен қуат тапшылығымен ұшырасқан жалғыз ел емес. Өткен жылдан бері ұқсас қиыншылықтар туралы шығыс көршіміз – қытайлық ақпарат құралдары жаза бастады. Оларға жүгінсек, ҚХР-да бірқатар өңірлер мен провинциялардағы шағын гидростансалар жергілікті тұрғындарға нұқсан келтіре отырып, арзан электр қуатын майнингтік компанияларға сатып келген. Бұл әсіресе, өзендердегі су деңгейі төмен болған биылғы қысқы маусымда халық қабырғасына батқан көрінеді. Бұл ретте "Сучуань электржелілік компаниясы" өзінің басқаруындағы гидро-электр стансаларының қуат жеткізуді тоқтататыны туралы майнингтік компанияларға ескертулер жолдады және бұл қадамын "биткоин майнингі Қытайда заңсыз қызмет деп танылғандығымен" түсіндірді. Бұл ақпарат криптонарықта буырқанған толқындар туғызды.

Төртінші технологиялық төңкерістің элементі ретінде криптовалюта өндірушілерді өзіне тартудан Канада да қатты зардап шеге жаздады. Биылғы қаңтар айында халықаралық ақпарат құралдары осы елдің Квебек провинциясы Қытайдағы қуаттан қағушылықтан қашқан майнерлер үшін нағыз "клондайкқа" айналатыны туралы жарыса хабарлады. Өйткені Канаданың бүкіл су ресурстарының 40%-ы сонда шоғырланған, сәйкесінше, Hydro-Quebec мемлекеттік компаниясы жергілікті гидроәлеуетті белсенді игеру туралы ниетін жариялады. Ол сондай-ақ 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап, ірі тұтынушылар үшін тиімді тарифтер енгізетінін мәлімдеді. Оған сәйкес, егер қарапайым канадалық тұрғындар 1 киловатт/сағат үшін орташа есеппен 4,56 доллар төлейтін болса, ал 500 киловатт/сағаттан артық электр тұтынатындар үшін 2,58 долларлық бөлек, әрі арзан тариф іске қосылатыны айтылды.

Алайда осыдан кейін Hydro-Quebec небары бір апта ішінде бүкіл әлемдегі ірі майнерлердің қарша бораған өтініштерінің астында қалғаны сонша, ел үкіметі ұлттық энергетикалық қауіпсіздікке жойқын соққы жасалғалы тұрғанын түсіне қойып, мемкомпанияның бұл мәселедегі белсенділігін күрт басқызды.   

"Қазір де біз күн сайын криптовалюта өндіруші кәсіпорын құруға ондаған өтініштер алудамыз. Бұл бізді осы мәселеде нақты стратегия түзуге итермеледі. Әйтпесе, барлық ұсынылған жобалардың энергетикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыруға қауқарсыз болып шығамыз. Біз майнерлердің өз қуаттылықтарымызға қосылуын шектеуге ниеттіміз. Бұл бағыт өте тез дамуда. Сондықтан ол бізден аса сақ болуды талап етеді", – деді Reuters-ке берген сұхбатында Hydro-Quebec өкілі Марк-Антуан Пульйо.

Цифрлық экономика мен блокчейн-технологиялардың маманы Никита Куликов осы жайтқа түсініктеме бере келе, майнингтің шын мәнінде, "қуат шығындылығы төтенше зор" үрдіс екеніне назар аудартады. Тиісінше, егер оларды өз нарығына жіберсе, Қазақстан да бұрынғы бензин және көмірге қоса, енді қуат тапшылығымен бетпе-бет келуі ықтимал. Өйткені криптовалюта өндіруге арналған тың технологиялар мен құрылғылардың жаңа үлгілерінің шығуымен бірге "ауадан" ақша жасағысы келетін азаматтар саны да артпақ. Мәселен, көрші Ресейде адамдар, шағын және орта бизнесмендер дүңгіршектерін, фермаларын, тіпті құс фабрикасын жауып тастап, оның орнына криптовалюта өндіруге кетіп жатыр. Салдарынан, ірі майнингтік кәсіпорындар сыртында, ұсақ майнингтік фермалар да көбейеді.

"Проблема мынада: сала қар астынан бүршік жарып келе жатқан бәйшешекке ұқсамайды. Ол нағыз "жарылыс" сипатында дамуда. Демек, нарықты бақылауда ұстау, оның қуатқа деген сұранысын статистикалық есептеу, ұлттық электр желілеріне түсірер ықтимал жүктемесін болжамдау және қажетті жаңа қуаттылықтарды дер уақытында іске қосып отыру мүмкін емес. Оның үстіне электр стансасын салып, қолданысқа беру процесі бірнеше жылға созылады. Ал майнерлер оны күтіп отыра алмайды, қазіргі бар қуатты өзге өнеркәсіп пен қарапайым тұтынушылардан тартып алады. Өйткені майнингтік ферманы іске қосу үшін штепселді рәзеткіге тыға салса, жетеді", – дейді Никита Куликов.

Маманның айтуынша, орташа алғанда, қазірдің өзінде майнинг әлемде жылына 20 мың гигаватт-сағат қуатты құртуда. Осы аяда Вьетнам, Тайланд, Катар, Бангладеш, Боливия секілді бірқатар елдер өздерінде криптовалютаның кез келген түріне тыйым салып тастады.

Сарапшылар суық климаты бар (құрылғыларды суыту үшін керек), сондай-ақ ел үкіметі электр тарифтерін халық пен бизнес үшін субсидиялайтын елдерді майнерлердің тасқын легі күтетінін ескертеді. Ал мұндай елдер қатарына біздің Қазақстан да енетіні белгілі. Бұл жөнінен алғанда қазақ елі олар үшін "жерұйыққа" айналып шыға келуі ықтимал.

Елімізде 1 биткоинды өндіру құны шамамен 3-4 мың доллар тұратын көрінеді. Ал бұл криптовалюта түрінің нарықтағы құны одан үш еседей қымбат. Салыстыру үшін айталық, дәстүрлі бизнесте қас-қағым мезетте үш есе түгіл, 100 пайыз табыстылық әкелетін сала жоқ.

Осы жағдайларда майнерлердің қазақ еліне бетбұрыс жасауы міндетті түрде болатын жайт. Оның алғашқы дүбірі де естілуде. Өткен жылдың соңында елордадағы орталық коммуникациялар орталығында журналистермен кездескен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Екібастұз индустриялық аймағында ірі криптоферма салуға инвесторлардан өтініш келіп түскенін мәлімдеді. Инвесторлар бұл үшін тіпті жеңілдік-преференциялар сұрапты. Индустриялық аймақтардағы бизнес-кәсіпорындар мәселен, салықтық жеңілдіктерді пайдаланатыны мәлім. Облыс бұл өтініш туралы энергетика министрлігін құлақтандырыпты.  

"Бүгінде криптоферма ашуды жоспарлаған инвесторлар өте көп келуде. Олар электр қуатын көп тұтынады. Кейбір жобалардың тіпті гигаватқа дейінгі көлемде энергия жұмсайтыны жазылған. Павлодар облысында ең жақсы жеңілдікті жағдайлар Екібастұз индустриалдық аймағының базасында түзілген. Біз бұл өтініштерді қарап, ферманы өзімізде орналастыруға дайынбыз. Бірақ біздің инвесторлар преференциялар сұрауда. Біз ол преференциялар туралы энергетика министрлігін құлақтандырдық. Қолымызда құжаттардың толық топтамасы болған кезде, біз бұл мәселелермен үкімет деңгейіне шығатын боламыз", – деді әкім.  

Дегенмен, әзірге елге бет алған майнерлерге үкімет құшақ ашуға асықпай отыр. Себебі, "Ұлы дала елінде" гигаваттық қуатты бір өзі жұта салатын "майнинг-Көлтаусарлар" көбейіп кетсе, халық пен бизнес қиналуы ықтимал. Себебі, ол электр қуаты тарифтерінің шығандай өсуіне соқтырады.

Бұл ретте онсыз да жерімізде су ресурстары тапшы болып, ал отандық қуат өндіру саласы тозығы жеткен жабдықтарын жаңарта алмай жатқанда, соншама электрді виртуалды валютаға, спекуляциялық сипаттағы жаңа есептесу құралына жұмсау әбестік.

Ең қымбат түрі деген биткоинның бағасы алапат құлдырап жатқанда, Қазақстан бұл шығынды өндірістің көшбасшылары қатарына шығуға ұмтылмай, тек криптовалютаны заң жүзінде реттеумен шектелсе, жеткілікті болса керек.

Жанат Ардақ  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу