Құлдықтан құтылған қыз

33448

Полиция бір жыл таба алмаған қарағандылықты қоғамдық бірлестік өкілдері 8 сағаттың ішінде тауып берді.

Құлдықтан құтылған қыз

Жалғыз басты ана Қалдыргүл Ноғайбаева із-түссіз жоғалып кеткен қызы Любадан күдер үзбеген. Жоғалған қызды бір жыл іздеп таппаған полиция Қалдыргүлге  іздестіру шарасын қойып, істі кісі өлтіру бабына ауыстыру туралы ұсыныс жасаған. Алайда ана жүрегі жақсылықтан үміт үзбепті.

Қалдыргүл Ноғайбаеваның жұбайы 20 жыл бұрын қайтыс болған. Ол жалғыз қызын өзі өсірген. Бала күнінде сал ауруына шалдыққан Люба 20 жастан асқан соң,  дүниеге 2 бала әкелген. Кіші қызын туғаннан кейін ақыл-есінде ауытқушылық бар екені анықталып, бірнеше рет психиатриялық диспансерде ем алыпты. Ең сорақысы, Люба ұстамасы ұстап қалғанда үйінен шығып, беті ауған жаққа кетіп қалады екен.

Қалдыргүл қызының сырқатына байланысты жұмысын тастап, немерелерін бағуға мәжбүр болған. Ол екі баланы асырау үшін мешіттің жанында қайыр сұрап күнелттім дейді. Уақыт өте келе мешітке келіп жүрген жамағат Қалдыргүл әжейге бір бөлмелі пәтер жалдап берген. Баспанаға қолдары жетіп, алаңсыз өмір сүреміз деп жатқан тұста Қалдыргүлдің қызы жоғалып кеткен. Байғұс ана бар үмітін арқалап полицияға барғанымен, олардан қайыр болмаған.

Маусым айында Қалдыргүл Ноғайбаеваның өтінішімен өзіне көмектесіп жүрген мешіт жамағатының бірі қызының суретін ғаламторға салып көмек сұраған. Сол күні "Rina.kz" қоғамдық бірлестігінің іздестіру тобы хабарласып, мән-жайды толық сұрап алған. Сегіз сағат өткен соң бірлестік өкілдері хабарласып, "қызыңыз табылды" деп сүйіншілепті. Люба Ноғайбаева Жаңарқа ауданындағы бір шаруа қожалығының қыстағынан табылған.

"Қызымды қыстақтан полиция алып келді. Оны көрген кездегі сезімімді ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Балам қатты жүдеген, көзінің алды, денесі, кеуде тұсы көгерген. Әбден әлсірегені соншалық, отырған жерінде көзі ілініп, ұйықтап кете береді. Оны ұрып-соғып ұстапты. Шаруа қожалығы иесінің әйелі ораза ұстаған екен. Соған қарамастан мүгедек баламды мазақ қылған. Менің балам бұл жерде құлдықта болған алғашқы адам емес деп ойлаймын. Маған ешкімнен, ештеңе қажет емес, тек бір жыл бойы қызымды қорлаған адамдардың заң алдында жауап бергенін қалаймын", – дейді Қалдыргүл Ноғайбаева.

26 жастағы Люба анасы мен екі баласының қасынан бір елі қалмайды. Ол  кішкентай қызы мен ұлы түсіне жиі енгенін, оларды қатты сағынғанын айтады. Любаға қыстауда мал баққызып, ауыр жұмыс істеткен. Бұдан бас тартқан жағдайда ит тепкінің астына алған.

"Қыстақ иесінің Астанадан келген туысы болды, мені сонымен бірге тұрғызды. Ол арақ ішкен сайын  мені шашымнан сүйреп, ұрып отырды. Маған ешкім араша түспеді. Тіпті қожайынның әйелі де мені ұратын, тамақ бермейтін", –  деді Люба қорлыққа толы күндерін еске алып.

Полицияның қолынан келмеген істі 8 сағатта тындырған қоғамдық бірлестік өкілдері өздерінің сауапты ісін БАҚ өкілдеріне жариялағысы келмеді. Ал Қалдыргүл Ноғайбаеваның оларға деген алғысы шексіз.

"Мемлекеттік органдар Любаның мүгедектігін ресми растап, оған қол ұшын созғанын қалаймын. Себебі бұл отбасы құжаттарының дұрыс болмауына байланысты балаларына жәрдемақы ала алмай отыр. Баспана кезегіне қойылса да дұрыс болар еді", – деді осы отбасыға қолдау көрсетіп жүрген Зекет қорының өкілі Марат Түсіпов.

Айтпақшы, адам құқығына және заңға қайшы әрекет еткен шаруа қожалығының иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Іс сотқа жіберілді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу